Кино… талантсыздар үшін тәжірибе алаңы емес…

692

Күні кеше ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биылғы жылы ең кемі 45 телехикая түсіріледі деп сүйінші сұрады.

Вице-министр Алан Әжібаев: «Былтыр Қазақстанның ұлттық арналары тарихында алғаш рет телехикая өнімдерін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Малайзия мен Индонезияға, одан бөлек Ресейге, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Монғолия елдеріне шығара бастадық. Осылайша телевизия тарихында алғаш рет телехикая өнімдерін сату арқылы табыс таптық. Ал Қытай елінде «Әке» атты телесериал прайм-тайм уақытына енгізілді» деп қуантып қойды.

Енді осы бір жылт еткен жаңалықты жұлым жұлым етпей, кәсіби мамандардың қолына ұстатса екен. Атын шығару үшін «жер өртеп» жүретін, тарихи кино түсіремін деп күлкіге қалған продюссер-сымақтарды осы бір ауқымды жобаларға жолатпаса екен. Ит қосып қуаласа да мейлі. Министрліктегі жауапты көкелердің құлағына алтын сырға.

Кәсіби ресжиссер, кәсіби актер, кәсіби шебер мамандар. Осы үштік нағыз таланттардан құралғанда көрермені көп кино түсірілмек…

«Кәріс пен түріктің телесериалдарынан құтылмайтын болдық, өзіміздікі қайда?» деп Асан қайғының зарын қағатын едік. Бұрын. Бүгінде тілегіміз қабыл болып, сериал дәуірі басталып та кетті. Түріктер секілді 500 сериядан тұратын туынды түсіре алмаспыз. Дегенмен сең қозғалды. «Мың бір түн» секілді жата жастана көретін сериал түсіре алмасақ та, алқам шүкір деуге боларлық. Кезінде Ресей де кино дағдарысын басынан өткізген. Әу бастағы туындылары езуге күлкі үйіретін. Ақыры  түсіре беріп, түсіре беріп олар нағыз сериал-мэн болып шықты. Бүгінде қай жанрда болсын көрермендерін көк жәшікке телміртіп отыр. Бірі-бірінен асып түсерліктей туындылары тартымды-ақ. Оның үстіне көрермен де бүгінде ресейлік сериалдарды  іздеп жүріп көретін болған.

Дәл осындай дағдарыс бүгінде біздің елімізді де шарпып отыр. Сериалдарымыз түсіріліп бітпей жатып-ақ сынға ұшырайтын болды. Бәлкім ресейліктер сықылды түсіре-түсіре майталман болып шығармыз. Кім білген?!…  «Әке серті» сериалы мен «Тағдыр» туындысына тоқталмақпыз. Телесериал түсіруде алдына қара салмайтын түрік ағайындарды көмекке шақырыппыз бұ жолы. «Әке сертінің» режиссері Вежихи Енер, басқа жауапты мамандары да түрік ағайындар. Осыған қарап «Сұлтан Сүлеймен» сынды керемет туындыны түсіріп-ақ тастар деген үмітіміз ақталмады. Сериалдың сценариі бір қарағанда тәп-тәуір-ақ сықылды.

Бірақ әртістеріміз әп-әдемі әнді айта алмаған пұшықтың керін келтірген. Туындының өн бойынан жасандылық мен-мұндалап тұрады. Көзден аққан жастарының өзі жасанды. Музыкасы да жау шақыратын жалаудай айқай даңғаза. Адамның жан толқынысын әртіс бере білмесе музыка толықтырып тұрушы еді. Тыңдап отырсаң тап қазір соғыс басталатын сияқты сезіледі. Біртүрлі жағымсыз. Әртістеріміз айтар сөзін тістеніп, тақпақ айтып тұрғандай не болмаса әкімнің есеп беру жиынында ресми түрде сөйлеп тұрған сияқты. Құлаққа жағымсыз.

Шынайылық, шеберлік қайда кеткен деп шарқ ұрып іздеп кетуге шақ қалдырардай. Шаншарлықтар айтпақшы «образдың есігін таппай жүре ме, қайдам?». Көрермендерін тәнті еткен түркиялық телесериалдардағыдай теледидардың алдына тұсап қояр деген арманымыз адыра қалды. Мұндайда елімізде ең бірінші рет түсірілген «Тоғысқан тағдырлармен» жылап көрісердей болып жүрміз.

Ал кейінгі сериалдар тіпті «Саранчаның» қолына құманмен су құюға да жарамай қалғаны жасырын емес. Кезінде көрермен біткен «бойында қазақылық жоқ» деп сол сериалдарды жата жастана жамандап еді. Соның ширегіне де жетпейтін сериалдарға …. айтарымыз жоқ. Түрік туындыларының тартымдылығы неде? Шынайылығында. Нанымдылығында. Әртістерінің шеберлігінде. Режиссердің талантында жатса керек. Теледидардың алдына жіпсіз байлап қоятын сериалдарын қарап отырсаңыз әртістеріңіз образға кірігіп, бірігіп ойнағанда қосыла жылағаныңды байқамай да қаласың. «Енді не болар екен?» деп әр сериясында қызықтырып, жетелеп отырады. Түсірген соң солай түсіру керек.

«Тағдырымыз» да тәп-тәуір басталған. Қыз бен жігіт арасындағы махаббат, қызғаныш, парықсыздық, өшпенділік, аярлықты арқау еткен туындының да өн бойында жасандылық өріп жүр. Кейіпкеріміз өтірік жылайды, өтірік күледі. Көрерменін тарта алмайды мүлдем. Сүйгенін көз жұмды деп ойлаған қыз асылып өлмек болады. Ойбай-ау, өзіміз суицид деген тажалдан құтыла алмай отырғанда бұл жастарға көрсеткен жарнамасы ма?

Сүйгені үшін жанын садақа санаған ғашықтық ғаламатын басқаша форматта берудің жолын таппады ма әлде? Онсызда да заманның ауыртпалығынан шаршап жүрген көрермен мына киноны көріп кейіпкерінің қайғысы үшін жанын ауыртқысы келмейді. Өтірік, көлгірсу, жаппай жасандылық  қайталана берген соң…жыны ұстап, теледидарды сөндіре салады…

«Біржан сал» фильмінде салдың әйелі Әлпештің ролін ойнаған актриса жанына батқан аурумен алысып жатып Біржанға «Еркектің мұраты – қатын қартайту…» деп ризашылығын беріп, көрерменін ағыл-тегіл жылатпаушы ма еді? Әртістің шеберлігін шыңдап, талантын жарқырата аша білген режиссердің ерен еңбегі болса керек мұнда. Ал осы актрисамыз аталған екі сериалға да түскен. Алайда «Біржан салдағы» ролі сияқты керемет ойнаған деп айта алмаспыз…

Сосынғысын бізде айналдырған бес-алты-ақ әртіс бар сияқты. Ана кинода да солар, мына кинода да солар. Көзге шыққан сүйелдей жалықтырып жібереді екен. Жарқ еткен жас таланттарды көргісі келеді көрермен. Жылаңқы жыр, жылаңқы ән, жылаңқы романнан жалығып жүр еді жұрт. Енді ол аз болғандай жылаңқы сериалдар толықтырды…

Алғашқы қарлығаш деп алдыңғы толқын сериалдарға кешіріммен қарадық. Бәлкім көш жүре түзелер дедік. Үміт ақталмады бірақ… Ендігісі дарынсыздар сахнаны босатсын. Кино талантсыздар үшін тәжірибе алаңы емес…

Гүлжан Көшерова