Қазақ тіліндегі «Муланды» шымкенттіктер тамашалады

93

Шымкенттік киносүйер қауымға «Мулан» фильмі қазақ тілінде жол тартты. Негізі туынды үлкен экранға осы жылдың наурызында шығуы керек еді. Бірақ, әлемдік пандемияға байланысты мүмкіндік енді туған. Ал, оны тамашалауға қала тұрғындары мен әкімі де келді. Айта кетейік, бұл «Диснейдің» қазақ тіліне тәржімаланған 35 – туындысы.

Шымкентте ақыры кинотеатрлар ашылып, енді міне тұрғындар үлкен экраннан фильм қарауға ағылуда. Бұл жолы қалың көрерменге «Муланның» қазақ тіліндегі нұсқасы жол тартпақ. Бұл «Дисней» ұсынған туындының ана тілімізде сөйлейтін 35 – фильмі. Ұйымдастырушылар сөзінше бұл шығарманың жөні бұрынғыдан өзгерек.

Шахмұрат ОРДАБАЕВ, дубляж режиссері: «Сондай қатты қиын болды деп айта алмаймын. Өйткені осы уақыттың ішінде әжептәуір ысылдық. Десек те басқа жобаларға қарағанда бұл жобаның басты ерешкелігі оның тілі. Өйткені бұл тарихи оқиға. Бұл жағдайды ауызекі тілді қолдануға хақымыз жоқ. Сондықтан барынша осы дүниені қазақшаға дыбыстағанда батырлар жыры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды авторлардың тіл айналымдарын қолдануға тырыстық».

Айта кетейік, «Дисней» туындыларының қазақша сөйлеуі 9 жыл бұрын басталған еді. Содан бері мемлекеттік тілдегі аудитория кеңейген. Осылай деген ұйымдастырушылар Муланды қазақша сөйлету үшін 53 млн. 500 мың теңге кеткенін айтады. Бұл қаржы мемлекет есебінен емес, демеушілер қалтасынан бөлінген.

Айымгүл ОРЫНБАЕВА, «Өзіңнен баста» жобасының жетекшісі: «Мулан» туындысы наурыз айында шығу керек болған. Қазір әлемдік жағдайға байланысты «Дисней» компаниясы жылдың соңына қойды. Бізде жылды осымен тәмамдап жатырмыз».

Әлемдік фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласының әкімі де тамашалады.

Қазақ тіліндегі киносүйер қауымға көп ұзамай тағы бір «Дисней» туындысы ұсынылмақ. «Жан» деп аталатын анимациялық фильм үлкен экранған келесі жылдың ақпанында шығады.

Назерке Үкібасова