Модульді сүт қабылдау бекеттерін әжетке жарата алмай отыр

988

Сайрам ауданында шаруалар модульді сүт қабылдау бекеттерін пайдалана алмай отыр. Құны 5 млн. теңге тұратын бұл құрылғылар электр қуатын көп қажет етеді дейді олар.

Қыс мезгіліндегі сүт көлемінің аздығы да бекеттердің бос тұруына себеп екен. Сүтті қабылдауға, сақтауға арналған құрылғылар қашан игілікке жарайды?

Сайрамдық шаруаларға берілген 4 модульді сүт қабылдау бекетінің бірі осы. Қаңтар айында қойылған кешеннің ел иігілігіне жарап тұрғаны шамалы. Соған қарамастан бекетті бізге қосып көрсетуге тырысқан кооператив төрағасының әрекетінен түк шықпады. Ақыры әуелде бірер рет қосып көрген шаруалар қазір бекетті жинап қойып, ескі құрылғыларын қолданып жатқаны белгілі болды. Қыс кезінде сүттің аз жиналуына байланысты жаңа бекеттің әзірге керегі болмай тұр дейді төраға. «Оның үстіне электр қуатын көп қажет ететін бекетті қосу бізге тиімсіз» дейді.

Әзірге шаруалар су жаңа модульді бекеттің зертханалық құрылғысын ғана жаратуда. Сүттің сапасын көзді ашып жұмғанша анықтап беретін бұл құрал қазір қолдан қолға тимейді. Айта кетейік, былтырғы жылдың қыркүйек айында өңір басшысы облыста сүт кластерін дамытуға атсалысады деп үміт артқан 10 шаруашылық иесіне модульді сүт қабылдау бекеттерінің кілтін салтанатты жағдайда тапсырған болатын.

Отандық құрылғының тағы бірден-бір ерекшелігі – шағын электр стансасының көмегімен кез – келген жерде жұмыс істей береді дейді мамандар. Алайда, кешенді қосу соншалықты оңай болмай шықты. Дегенмен, салаға жауаптылар кей аудан шаруаларының заманауи бекеттің көмегімен кәсібін дөңгелетіп отыр дейді.

Заманауи қондырғылармен жабдықталған кешен Шымкентте құрастырылған. Бекет арнайы зертхана мен сүт сақтауға арналған сыйымдылығы екі тонналық танкер және тоңазытқышпен жабдықталған. Тез бұзылатын сүтті ұзақ мерзімге сақтап, қалаған уақытта өткізуге мүмкіндік береді. Сүт қабылдау бекетінің құны 5 млн. теңге тұрады. Сондай-ақ, өткізген ағарғанның әр литріне 10 теңгеден субсидия бөлінеді екен. Кеткен шығынның жартысын мемлекет шаруаға қайтарып береді. Ендеше, жартылай тегін түскен кешендерді шаруаларға үлестіру кімге, неге қажет болды екен?