ОҚО-да көктемгі дала жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде

474

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Өңір басшысы Ж.Түймебаев төрағалық еткен жиында 4 бірдей мәселе қаралды. Атап айтқанда, ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған және 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламаларының өңірде орындалу барысы, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына дайындық пен «Шатқал» жобасының іске асырылу жөнінде мәселелер талқыға түсті.

Алғашқы баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері кәсіпкерлікті қолдау картасының екінші бесжылдығына құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба енгендігін айтты.

«Ағымдағы жылы 40 млрд. теңгені құрайтын 20 жобаны іске қосу жоспарлануда. Онда 1 500 жұмыс орны ашылады. Солардың ішінде биыл 6 ірі жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ, 38 млрд. теңгені құрайтын 1700-ге жуық жұмыс орнымен 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ал 2019 жылы 111 млрд. теңгені құрайтын 31 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 3 500 жұмыс орны ашылатын болады», — деді Батырхан Құрмансейіт.

Ал екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев «Денсаулық» бағдарламасын 7 бағыттан тұратынын айтып, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдай бойынша көрсетілген медициналық мақсаттағы дәрілік заттар мен бұйымдар бағаларының өсуі тіркелмегендігін жеткізді. Оның айтуынша, ғаламтор желісінде өңірдегі дәрігерлердің жеке кабинеттері орнатылып жатыр және облыста Қазақстанда алғаш рет Витилиго орталығы ашылып, аталған дертті жаңа хирургиялық әдіспен емдеу еңгізілген.

Көктемгі дала жұмыстары жайында баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков ауыл шаруашылығы дақылдарының жоспарланған егіс көлемі 833,1 мың гектарды құрап, өткен жылдан 6,8 мың гектарға артық межеленгендігін айтты.

«Егілген 161,5 мың гектар күздік астықтың жағдайы жақсы. Үстеп қоректендіру жұмыстары алдағы онкүндікте жүргізіледі. Қазіргі таңда 21,3 мың тонна тыңайтқыш қоймаларда сақталып тұр. Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 38 мың тонна дизель отыны бөлінді. Техника бойынша қолда бар 15006 дана трактордың – 86 пайызы, 2966 дана трактор соқаларының – 100 пайызы, 1861 дана дән сепкіштің —  92 пайызы дайын. Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға толық мүмкіндік бар», — деді Серік Тұрбеков.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді несиелендіру үшін 3,2 млрд. теңге қаралуда. Оның 1,4 млрд. теңге қаржысын «Ырыс» ШНҰ» ЖШС өтінім ұсынған.

«Шатқал» жобасының іске асырылуы жөнінде баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Ілияс Құрамысовтың айтуынша, 2018 жылы елді мекендерде 4 740 гектар жерге 1 млн 990,7 мың түп көшет егу қаралған. Осыған байланысты, орман шаруашылығы мекемелерінен көктемде 419 мың дана, күзде 1 млн 572 мың көшет тегін босатылатын болады.
Кеңейтілген мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы Ж.Түймебаев ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған бағдарламасының биылға арналған негізгі міндеттерін өңірде орындау бойынша нақты қадамдық жоспар түзіп, орындалуын қатаң бақылауға алуды және облыс бойынша іске қосылған индустриялды аймақтардың жағдайына талдау жүргізіп, нәтижесін баяндауды тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы аудан, қала әкімдері науқастарды әлеуметтік қолдауға берілетін қаражаттың тұрақты бөлінуін қамтамасыз етуді және салауаттылықты сақтау мен қалыптастыру шараларын тұрақты іске асыруды жүктеді.

Сонымен қатар, шаруаларға жанар-жағар майдың және несие қаржылардың мерзімінде таратылуын қамтамасыз етілуін және егістік көлемін алдын-ала жүйелі түрде жоспарлауды ескертті. Облыс бойынша ағымдағы жылға арналған көгалдандыру жұмыстарының аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекітілген жоспарға сәйкес атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі