Фермерлер көктемгі егіске қажетті суармалы сумен қамтылады

72

Еліміздің негізгі өзен бассейндері су аздығы цикліне биыл да тап болып отыр. Осыған қарамастан, фермерлер көктемгі егіске қажетті суармалы сумен қамтамасыз етіледі дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Серікқали Брекешев шектес елдермен Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналуына байланысты жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастағанын атап өтті. Сонымен қатар, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді. Нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарының фермерлері былтырғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен қоса, Шардара су қоймасына барынша ең жоғары ағынды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Оның басты мақсаты – Түркістан облысының Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы Қызылқұм алқабын, сондай-ақ Қызылорда облысының фермерлерін сумен қамтамасыз ету.

Шынар Оразова