Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінің күзетшілері 27 жастағы жігітті соққыға жыққан. Ауыр соққыдан кейін жігіт Жедел жәрдем ауруханасына түскен. Оған жабық ми жарақаты деген диагноз қойылып отыр. Одан бөлек көптеген жарақаттар алған.
Аурухананың қабылдау бөліміндегілер «10 наурыз күні 1991 жылғы жігіт жедел жәреммен жеткізілді. Жедел нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Миы шайқалған. Оң жақ қабағы жарылған. Қазір науқастың жағдайы орта деңгейде, есін біледі» деп жауап берді.
Қала орталығындағы әйгілі сауда орталығының маңында оқиғаның қалай өрбігенін зардап шегуші Ярослав былай әңгімеледі: «Мен достарыммен бірге біздің үйдің төменгі қабатында орналасқан ойынханаға қарсы акция өткізбек болдық. Аталған ойынханадан тыныштық жоқ. Келушілер көліктерін дәп есіктің алдына қояды, айқай шу, тыныштық жоқ. Қарияларға қиын, түнде ұйықтау мүмкін емес. Күндіз түні шу. Дәмхананың алдында тұрған картоннан жасалған портретті алып ойынхананың алдына қойдық. Бәлкім осыдан кейін «мәдениет қайраткерлері» тәулік бойғы шуды тоқтатар деп ойладық. Керісінше сауда орталығының маңында «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің жұмысшысы көше сыпырып жүрген болатын, со кісі айқайға басты. Мен көшенің арғы бетіне өтіп, неге былай істегенімізді түсіндірмек болдым».
Осы уақытта сауда орталығының күзетшісі шығып жігітке жәбірлейтін сөз айтқан. Ярослав оған жауап қайтарғанда күзетші оны соғып жіберген.
«Тұрақ жақтан және сауда орталығынан бірнеше күзетші жүгіріп шықты, барлығы да классикалық киімде болатын. Олардың негізгі киім үлгісі осындай. Олар не болғанын сұрап та жатпады, тек жабылып ұра берді, — деп еске алады Ярослав, — досым жолды кесіп өтіп, жағдайды түсіндірмек болып еді, оның аяғынан ұрып құлатты. Күзетшілер оншақты болатын. Көшеден өтіп бара жатқан бір кісі телефонның камерасына түсіріп алмақ еді, бір екі күзетші жүгіріп барып телефонын тартып алды».
Бұдан кейін полицейлер сауда орталығы күзетшілерінің шақыртуымен келіп, Әл Фараби аудандық полиция бөліміне алып барған. Тәртіп сақшылары жедел жәрдем шақырған. Келген дәрігерлер аяғын орап, ауырсынуды басатын дәрі егуді ұсыныпты. Бірақ ауруханаға алып кетуді ешқайсысы да айтпаған.
«Ішкі істер бөлімінде сауда орталығының өкілі бізге Абайдың портретіне тас лақтырды деп жала жапты. Жолдың аузына қойғанбыз, ол ешқандай да бүлінбеген. Біз тек қана мәдениетсіз клиенттерден қорғамақ болдық. Мен қорғаушы талап еттім, алайда маған тіпті қоңырау шалуға да мүмкіндік бермеді», — дейді Ярослав.
Жігіттің ата-анасы баласының жағдайына қаныққаннан кейін тез арада жедел жәрдем шақыртқан. Ярослав сауда орталығының және жақын маңдағы банктің, көшенің бойындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын алуға мүмкіндік болса деп үміттеніп отыр. Сонда ғана кім кінәлі екендігі тайға таңба басқандай белгілі болатындығына сенімді.
Лаура Нақыпқызы