Шымкентте ірі сауда орталығынан телефон ұрлаған жігіт ұсталды 

27
фото Шымкент ПД

Күдіктінің қылмыстық әрекеті бейнебақылау камерасына анық түсіп қалған. Сауда орталығына келушілердің бірі ұялы телефонын қуаттағышқа қойып, назарын басқа жаққа аудара бергенде белгісіз біреу смартфонды ұрлап, ізін суытқан. Жәбірленушіге 150 мың теңге материалдық шығын келген.

Әл-Фараби АПБ-ның тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның арызын СТТБТ-не тіркеп, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Оқиға орнындағы бейнекамералар арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді.
Ер азамат ұрланған смартфонды сатып үлгергені белгілі болды. Полиция қызметкерлері телефонды тауып, заңды иесіне қайтарып берді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған байланысты, Шымкент полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарына адам көп шоғырланатын орындарда бағалы мүліктеріңізге аса мұқият болуды ескертеді.