Шымкент қаласындағы жерасты өткелдерінің бүгінгі жағдайы халық қалаулыларын алаңдатып отыр. Айтуларынша жолаушылар қауіпсіздігі үшін салынған өткелдердің көпшілігі негізгі мақсатында жұмыс атқарып жатырған жоқ. Кеңес одағынан қалған өткелдерді жөндеп, заман талабына сай ету қажет.
Енді ТҮКШ бөліміндегілер сол өткелдерді жөндеу үшін қанша қаражат қажеттігін анықтап ұсыныс берулері тиіс. Шаһардағы 11 жер асты өткелінің ішіндегі ең көнесі — кеңестің көзін көрген. Ол Төлеби көшесіндегі яғни Қырғыбазар маңында орналасқан. Бұл өткел тоқырау кезінде саудагерлердің қоймасы ретінде де пайдаланылып, жекенің қолында болды.
Ал бүгінде кісі аяқ баспайды, өйткені сасық иісі қолқаны қабады. Бір сөзбен айтанда, әжетханаға айналып кеткен. 2005 жылдан бері өткел тазалығымен айналысатын Надежда Богдашкинаның айтуынша, жаяу жүргіншілер өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан жолды кесіп өтуді дағдығы айналдырыпты.
Надежда Богдашкина: «Күніне екі мәрте тазалаймыз. Бірақ ешкім өтпейді, тек дәрет сындыру үшін кіреді. Мүңкіген сасық иіс. Неге жауып тастамайды? Болмаса жақсылап жөндеу керек. Нәжістің иісі сіңіп қалған.
Миллионға жуық тұрғыны бар Шымшаһардағы 11 жер асты өткелінің тек бесеуі ғана ТҮКШ бөлімінің қарамағында. Қалғандары жеке азаматтарға көп жылға жалға берілген. Ал бұл жер асты өткелін жөндеуден өткізу үшін шамамен 35 млн. тенге қаражат қажет дейді сала мамандары. Темір жол вокзалы маңындағы өткелдің де жағдайы сын көтермейді.
Ерубай Құралов, ТҮКШ бөлімінің маманы: «Бұдан бөлек жекенің қолындағы өткелдер де келісімде көрсетілген мерзім бойынша жөнделіп тұруы қажет. Өкінішке қарай біздің кәсіпкерлер тек пайданы ойлайды. Енді біз өткелдердің ыңғайлылығын талап ететін боламыз» .
Жасыратындығы жоқ, Шымкент басшылары жолаушы қауіпсіздігіне көп көңіл бөледі. Сол себепті де жыл сайын өткелдер санын көбейтуді көздейді. Былтыр адам көп шоғырланатын «Самал базары» маңында жаңа өткелді салып, пайдалануға берді. Бұл соңғы жылдары қолданысқа берілген үшінші өткел. Осы нысандарды күтіп ұстау халық қалаулыларын алаңдатып отыр. Қадағалаусыз қалдырса, қыруар қаржы желге ұшады деген қауіп бар. Сондықтан да жауаптылар жоспар түзіп, тез арада іске кірісуі қажет.
Нұрлан Күдерұлы