COVID-19: Қауіп базардан. Мобильді топ «Самал» базарында

241

Әлемнің өзге елдерінде коронавирус індетінің жаңа толқыны басталған шақта шымкенттік шенеуніктер вирустың таралуының алдын алуға бекіне кірісіп кетті. Тіпті халық көп шоғырланатын базар аумағында баспасөз мәслихатын өткізіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Тіпті мобильді топ базар ішін аралап, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын жеке-жеке ескертті. Басты мақсат тұрғындар бейқамдық танытпай санитарлық талаптарды бұлжытпай орындауы тиіс.

Шымкентте Абай ауданының әкімі базар аумағында баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған мақсат – коронавирус індеті таралуының алдын алу. Әкім бастаған мобильді топ сатушылар мен сатып алушыларға ковидтен сақтану жолдарын түсіндірді.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Шараның  мақсаты- сақтық шараларын орындауды тұрғындарға  жеткізу.Осыған дейін қаншама адам бақилық болды. Ол сақтық шараларын сақтамаудың салдарынан. Сондықтан да немқұрайлық танытпаңыздар. Өз денсаулықтарыңыз, отбасыларыңыз үшін бетперде киіп, санитарлық талаптарды орындаңыздар».

Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері ауданда шектеулер мен талаптарды бұзғандарға қатысты 117 хаттама толтырылып, 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Тіпті олар толығымен өндіріліпті. Сонымен қатар, санитарлық талаптарды бұзған ірі 4 базардың басшыларынан 2 млн теңгеден астам қаржы өндірілген. Бірақ, айыппұл салынғанымен, талаптарға немқұрайлы қарайтындар әлі де тыйылар емес.

Тұрғындар арасында бүкіл әлемге қауіп төндірген індеттен арылудың бір жолы сақтық шараларын барлығымыз міндетті түрде орындауымыз қажет деп есептейтіндер де бар.

Ақсақал: «Қазақ той десе, сол жерде жүреді. Барлығын қою керек, сантиарлық талаптарды орындау өзімізге керек. Өзіміздің амандығымыз үшін қажет».

Мобильді топтың санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру шаралары халық көп шоғырланған банктер, ірі сауда орындары, халыққа қызмет көрсету орындарында, пошта мекемелеінде де жалғасын табады.

 

Шынар Оразова