«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазынашылық департаментінің қызметкері Кенже Қамбарқызы:
— Бүгін біз сізді қызметіңізге байланысты емес, адамдық, бауырмалдық туралы тақырыбында ой бөліссеңіз деп шақырып отырмыз. Сізді бай адам деп есептеуге болатын шығар. 13 бауырым бар дедіңіз… Бүгінде бауырмалдылық қат қасиеттердің біріне айналып бара жатыр. Өз ойыңызды айтып өтсеңіз…
— Шынында заман басқа болды ма, адам басқа болды ма, ол кезде кішкентай болсам да есімде, бес аға-әпкем жоғары оқу орнында оқыды. Үйде аға жеңгем бар. Айлықтарын алып келіп, студенттерге бөліп беріп жанашырлық танытатын. Тәрбиеге де байланысты шығар. Жанұяда адам көп болса, бала мейірімді болып өседі. Себебі әпкемізге форма көйлек әперсе, соны екі үш жылдан кейін біз киетінбіз. Қазір ондай емес. Ол кезде мүмкіншілік аз болды ғой. Бәріміз бір үйде, бір бірімізден қалған киімді киіп, кітапты кезектесіп оқып өстік. Сондай ортада жанұялық байланыс болды.
Көршілерімізбен де өте тату тұрдық. Көршінің баласына аяқ киіміміз тура келіп жатса соған бере салатынбыз. Бүгінде ауылды аңсап, сағынып жеткенде жеңгелеріміз қарсы алады. Әке — шешеміздің қайтқанына да біраз уақыт болды. Жеңгелеріміздің өзі 60-70- ті алқымдап қалды. Солардың құшағына еніп, бауырына қысса, анамызды еске аламыз. Бүгін сол күндерді сағынышпен еске түсіремін. Ер бала шаңырақтың егесі, атұстар деп жатамыз ғой. Осы жерде бір пікір айтқым келеді. Өзім үш ұл тәрбиелеп отырмын.
Бәрібір қыз мейірімдірек болады деп ойлаймын. Майлы қожаның термесінде айтылады ғой «Қарындас жақсы қандайды, қамқорлығы қалмайды» дегені рас. Қыздың жүрегі жұмсақ, мейрімге толы. Қызы көп үй берекеге толы болады. Ол үйде ынтымақ та, береке де көп болатын сияқты. Ер балаға қарағанда бауырмал болады. Мысалы ағаларым бар, балалары бар, бүгінде немерелі болды. Әлдебір қамыққан сәттерде, сондай сәйкестік пе, әлде жетіснші түйсік арқылы ма білмеймін, ағам қоңырау шалады. «Жағдайың қалай, жағдайыңды біліп қояйын деп едім» десе көзіме жас келеді. Әкеміздің балаларына дұрыс тәрбие бергендігі шығар…
Шынында қазір бауырмалдық аз. Мейірімділік аз. Бірінші өзім болса екен, одан кейін басқалар болса екен, тек өзім өзім деп өзеурейтіндер көп. Бауыр жақын ба, бала жақын ба деген сұраққа ешкім жауап бере алмаған. Бұрынғы ата-бабаларымыз «әйел жолда, бала белде» деген ғой. Сол сөздің түпкі тамырын бойласақ, ата — анасы бақилық болып кетті, енді бауыр болмайды, алда Алла беріп жатса балалы болармын деп тәуекелге барған.
Бірсөзді, білегі де, жүрегі де мықты, нағыз ер азаматтар бүгінде азайып кеткені рас. Біздің басқа ұлттардан адами тұрғыдан мейірімділігіміз, бауырмалдығымыз ерекшеленіп тұруы керек.
— Қоғам қатыгезденіп бара жатыр. Бауырмалдықты бала бақшадан бастау керек шығар, бәлкім?
— Бұрындары 80 сом айлық алатын. Сол барлығымызға жетуші еді. Берекелді еді… Бала бақшадағы балаларға қарасаң біреуінің жағдайы бар, біреуінікі жоқ. Қымбат шоколод, тәтті алып келеді. Жағдайы жақсы еместер қызыға қарайды. Кей бала бөліспейді, кейбірі бөліседі. Сондықтан ата — анасы қасыңдағылармен бөлісіп же, десе баланың айналасындағыларға деген көзқарасы өзгері, мейірімі оянар еді. Бауырмал болар еді. Сондықтан отбасында да, бала бақшада да балаға мейірімділік дәнін егу керек.