«Қордаланған мәселелерді зерттеп, зерделеп болған соң, стратегиялық жоспарыммен таныстырамын»

1051

“Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан:

– Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған білім басқармасына жолай келген жоқсыз. Шетелдерде білім алдыңыз. Халықаралық бірқатар ұйымдарды басқардыңыз. Ресми өкілі де болдыңыз. Білім саласын зерттеген, әлі де зерттеп жүрген білікті, тәжірибелі мамансыз. Еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?

– Білім саласы мен үшін таңсық емес. Білім саласында саясатты қалыптастырумен 12 жыл жұмыс істедім. Өзім де ұстаздар отбасынан шыққанмын. Жалпы Шымкент қазақи қаймағы бұзылмаған өңір. Менің де санам қазақша қалыптасқан. Ана тілімде білім алдым…

Білім саласында жас ұрпақтың халықаралық дәрежедегі жаңа оқу әдістерін игеріп, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеріп, халықаралық әлем кеңістігіне ену заман талабы. Барымызды бағалай отырып, өзіміздің қазынамызды қадірлей отырып жастарымыздың әлемнің алдыңғы қатарлы жастарымен тең дәрежеде білім саласында күш сынастыратындай білім алуына жағдай жасауымыз керек. Білім сапасын арттыруымыз керек.

Өзім Семей мемлекеттік университетін тәмәмдадым. Сонда ұстаз болып қызмет еттім. Одан кейін Әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде химия пәнінен кандидаттық диссертация қорғадым. 2005 жылы «Болашақ» стипендиясы шеңберінде Германиядағы техникалық университетте химия саласы бойынша докторлық диссертациямды қорғадым. Яғни, ғылымды да, білімді де ұштастырып жүрмін. Білім саласы қиындығы мол киелі сала дер едім.

Әрбір адамның жан қалауы болады. Мен өзімді білім саласында сарапшы ретінде көремін. Жалпы білім саласындағы қандай саясатты алып қарасаңыз да әлемдік тәжірибеге сүйене отырып басталады. Өзімнің осы кезге дейін жинаған іс тәжірибемді, алған жиған білімімді Шымкент қаласының білім саласын дамытуға жұмсаймын деп ойлаймын.

– Қызметке тағайындалғаныңызға әлі ай толған жоқ. Жұртшылық жаңа басшы келгенде жаңа серпілісті, жаңа жүйені, жаңалық күтеді. Үшінші мегаполисте білім саласында алдағы уақытта қандай өзгерістер болмақ?

– Қызметтегі тәжірибем де, халықаралық дәрежеде жинаған іс тәжірибем де жеткілікті. Бір апта ішінде байқағаным демографиялық өсім байқалады екен. Бүгінгі таңда 7 мың бала мектеп бітіретін болса, жаңадан мектеп табалдырығын аттайтындардың саны 22 мыңға жуық. Яғни, 14 мыңға бала саны артқан. Әрине бұл өте қуанышты жағдай.

Халықаралық стандартқа сай білім сапасын арттыруымыз керек дейміз. Ол үшін жағдай жасауымыз керек. Мектептердің санын арттыру. Әрбір сыныпта сапалы білім алатындай жағдай жасау. Үш ауысымды мектептер санын азайту…. Қалада 459 бала бақша бар. Оның 88-і мемлекеттік, қалғаны жеке меншік. Ондағы білім сапасы қандай? Бұл да алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың бір парасы. Қаладағы мектептерде 178 мың оқушы бар. Қосымша білім беру ұйымдары санаулы. Тек 8 мекеме ғана бар. Оқушылар бос уақыттарын қалай өткізеді? 178 мың балаға 8 мекеме өте аз… Жас ұрпақ ақпараттық технологияны меңгеруі керек. Себебі қазір ғылым, техника дамыған заман. Мектептер компьютермен толық жабдықталуы қажет. Бүгінгі таңда қала бойынша 13 балаға 1 компьютерден келеді. Республикалық көрсеткішпен салыстырғанда төмендеу. Алға қойған жоспарларым көп. Қордаланған мәселелерді зерттеп, зерделеп барып өзімнің стратегиялық жоспарыммен алдарыңызға шығамын деп отырмын.

– Аз уақыт ішінде біраз мәселелермен танысып, шешуге кірісіп кеткен сияқтысыз. Бұдан басқа қандай мәселелер бар?

– Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қатысты мәселе шешімін табуы тиіс. Тамыз конференциясында мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі айтылды. Әлем бойынша білім жүйесі жақсы қалыптасқан Финляндия мемлекетінде «Ұстаз – қоғамның шырағы» деп таниды. Ұстаз білім берумен ғана айналысуы керек. Қандай да бір қоғамдық жұмысқа тартылмай, тек сапалы білім берумен айналысуы қажет. Ұстаздардан білімін жетілдіруді талап етеміз. Ол уақытты талап етеді. Мектептегі жүктемесі бар. Ұстаздың отбасы бар. Осының бәрін ескере отырып, ұстаздарға жағдай жасау, ұстазға құрмет көрсету біздің алда атқарар бағыттарымыздың бірі.