«Кітап тәрбиелеген баладан жамандық шықпайды»

776

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының оқу залының меңгерушісі Күләш Мырзағұлова:

– Күнгейде қанша балалар кітапханасы бар?
– Ы. Алтынсарин атындағы кітапхана облыстық болғандықтан аудандардағы, ауылдық кітапханалар бізге қарайды. Өзімізге қарасты 34 кітапхана бар. 15-і ауылдық кітапхана болса, 14-і филиалдық. Оның ішінде Мақтарал Сайрам, Жетісай, Түлкібас аудандарында бар. Әрбір ауданда өз кітапханалары бар.
– Ауылдық жерлерде балалар кітапханасы жетіспейді. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта көбейту жоспары бар ма?
– Ауылдарда аз, әрине. Балалардың кітапқа, білімге деген қызығушылығын арттыру үшін кітапханаларды көбейтсе жақсы болар еді. Кітапханалар көптеп салынса. Ұсыныстар айтып жатырмыз.
– Кітапханаларыңызда кітап қоры қанша?
– Кітап қорымыз қомақты. Кітапханамызда жалпы 252 864 дана кітап бар. Оның ішінде 89 279 -ы қазақ тілінде. Ағылшын тілі бұрышы бар. Онда 1 367 кітап бар. Орыс тіліндегі 161 мың дана кітабымыз бар.
– Жас оқырмандар көп пе? Күніге қанша адам келеді?
– Кітапханамызға келушілер өте көп. Жазғы уақыттарда аздау болады. Күніне 60 -тан астам оқырман келеді. Келіп кетуші оқырмандарымыз 400-500 дей болады. Кітапқұмар балғындар көп. Олар көбіне Мұзафар Әлімбаевты, Мұхтар Шахановты, Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын көп сұрайды. Әбдірахман Асылбековты сұрайтындар бар. Балаларға керемет көңіл күй сыйлап, кітапқа деген қызығушылығын арттыратын Роза Әбілқадырованың кітаптары көп. Автордың өлең, әңгімелері балаларды баурап алары анық. Шығармаларында көбіне ауыл өмірін бейнелейді. Кітапты оқи отырып бала өзінің бойындағы кемшілікті тауып соны түзеуге тырысады. Кітап тәрбиелеген баладан жамандық шықпайды.