«Мәңгілік ел». Өңірімізде осындай тақырыпта ән мен әншілердің байқауы өтті. Патриоттық жанрды жаңғыртатын жоба шарты бойынша сайысқа ұсынылған туындының авторы жергілікті композитор болуы керек болды. Сондай-ақ, қатысушылардың жас ерекшелігі 18-35 -тен аспауы міндеттелді. Ал үміткерлердің талант-қабылетін бағалау композитор Құралай Сәтмұханбетова бастаған 5 бірдей мәдениет майталманына жүктелді.
Ұйымдастырушы тарап — облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы басшылығының айтуынша, биылғы өнер бәсекесіне қатысуға 72 үміткер ниет білдіріп, оның 28-і ғана ақтық сынға жолдама алған.
«Сарын» тобы
Берік Жорабеков, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары: «Биыл 4- ші рет қолға алынған сайыстың бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Яғни, қатысушы бірінші кезеңде патриоттық тақырыптағы — Ел мен жер, Отан туралы шығарманы орындаса, келесі кезеңде Елордамыздың 20 жылдық мерейтойының құрметіне «Астана» туралы әнді орындауы шарт».
Сонымен, «Мәңгілік ел» — патриоттық тақырыпта өрбіген өнер байқауында әншілер арасында бірінші орынды «Фараб» дуэті жеңіп алды. Ал композиторлар арасынан Түлкібастың таланты Рысты Шымырбаева топ жарып, бірінші жүлдені қанжығасына байлады.