Түркістаннан Астанаға 500 тонна өнім жіберілді

304

Күнгейліктер Елордамызды мерейтойымен құттықтап, сый-таралғы жасауын жалғастырып жатыр. Дәлірегі, Түркістандық шаруалар астаналықтарға 500 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынбақ. Онда 80 тонна ет және ет өнімдері, 141 тонна көкөніс пен 28 тонна сүт және 90 тонна бақша өнімдерінен бастап, кептірілген жемістер де бар. Осы мақсатта бүгін арнайы жүк көліктеріне тиелген тиісті тауар «арқаға» бағыт алып, жолға шықты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жәрмеңке Астананың төрінде, 22-23-ші қыркүйек күндері өтеді. Және бұл өнімдер халыққа қолжетімді бағада саудаланады.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

«Жәрмеңкедегі тауарлар базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылатын болады. Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, қолға алынған шараға жалпы құны 201 млн. теңгені құрайтын 496 тонна ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылмақ. Сондай-ақ, 10 мың дана жұмыртқа және 5 тонна балық, 4 тонна әсел, 10 тонна кептірілген жеміс, 14 тонна түрлі консервілер мен 45 тонна басқа да өнімдер бар».

Игі жобаны өткізуге өңіріміздегі 35 ірі және қосалқы шаруа қожалығы мен кәсіпорындар жұмыла атсалысып жатыр. Айта өтейік, Түркістан облысы Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында осымен 4-ші рет жәрмеңке өткізгелі отыр. Осы аралықта Елордаға 14 753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 28 түрі жөнелтілген.Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасы биылғы жұмыс нәтижесінің жоғары екенін де айтуды ұмытқан жоқ. Мәселен, жыл ішінде түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтіліпті. Облыста тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан. Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 9,1 млрд.теңгені құраған-ды. Осының нәтижесінде, 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 056 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артық.

Мөлдір Бекеева