«Оңтүстіктің дарынды балалары Астананың тарихымен таныспақ»

702

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы ҚР Президенті фан-клубының төрайымы Айжан Нұрланова:

— Сонау Астанадан Шымкентке келудегі негізгі мақсаттарыңыз не?
— Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы мен біздің компания меморандумға қол қойды. Астананың 20 жылдығына жақсы шара өткізбекпіз. Оңтүстік Қазақстан облысының дарынды балаларын, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын Астанаға қонақ ретінде шақырмақпыз. Астананың мерейтойына орай өңірдің балалары көрсе дейміз. Осы жобаны ең алдымен қолдаған Оңтүстік Қазақстан облысы. Өңір басшысына алғыс айтқымыз келеді. Жобаның негізгі мақсаты — балаларға Астананың кереметін көрсету ғана емес, Астананың бас архитекторы Елбасымыз жайында толық мәлімет алса, тарихымен танысса дейміз. Астана кейбіреулерге жоқ жерден пайда бола салған дүние сияқты көрінеді. Оның бәрі архитекторлардың еңбегі. Жоспармен жасалған дүние. Осы жоспардың басында отырған Елбасымыз. Сондықтан да Елбасының туындысын балаларымыз тереңірек танысса деген мақсатымыз бар.
— Осы уақытқа дейін балаларды Астанаға тегін апарып көрсету шаралары көп болды. Ал сіздердің мақсаттарыңыз Астананы аралатып қана қоймай, оның тарихымен тереңірек таныстыру болып тұр ғой…
— Балаларды Н.Назарбаев мектебіне апарып көрсетеміз. Жаңа технологиямен жасалған, шетелдік университеттерден еш кем еместігін көрсету. Соны көріп балалар биікке ұмтылса дейміз. Бүгін көрген балалар ертең сол университетте оқысам деген ой тууы мүмкін ғой. Балалардың болашғына бағдар беру басты міндетіміз. Бұл тур екі күндік. Бірінші күніміз толығымен тарихи сәттерді таныстыру болады. Музейге апарамыз. Арнайы дайындалған гид тер таныстырады. Ғимараттардың қалай тұрғызылғаны, тарихы туралы көбірек мәлімет беріледі. Бәйтерек идеясы қалай туды соның бәрі балаларға тереңірек түсіндірілетін болады.