Отырар ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайы мүшкіл

1477

Отырар ауданындағы мүмкіндігі шектеулі – құлағы мүкіс, тілі кеміс, мылқау балалардың жағдайы мүшкіл. Олай дейтініміз, сол балалар, жеткіншектермен жұмыс істейді деп ашылған психологиялық-педаогикалық түзету кабинетінің жүгенді жұмысы жоқтың қасы. Кабинет жауаптылары бала санын түгендемек түгелі, жұмыс орнында да жоқ.

Мұнда штаттық бірліктегі басты педагог – психологтың өзі қызметке қабылданбаған. Себепсіз жұмыстан шеттетіліп, қуылғандар да аз емес. Арнамызға осы және өзге де өзекті мәселелерді айтып, арызданған ата-аналар мен ұжымдағы мамандардың уәжін тыңдап қайттық.Отырар ауданының орталығы – Шәуілдірде орналасқан психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті… Қызметкерлерінің шағымымен барған түсіру тобы ә-дегеннен-ақ, мұндағы жауаптылардың «әдепсіздігіне» куә болдық. Ауылдағы 3 қабатты ғимараттың 1-ші қабатына жайғасқан ұжым педагогтары бізді көрген бойда, есік пен терезені түгелімен қымтап, құлттап қойды.

Жағдайға қанық болған аудан әкімдігінің өкілдері де түзету кабинетіндегілердің бұл «әрекетін» түсіне алмады. Сағат тілі түскі 15:28 -ді көрсеткенде, осы мекеменің басшысына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Құлмаханов қоңырау шалып: «Саламатсыз ба,  Гүлмира апай! Жұмыс уақытында неге мекеменің есігі жабық? Ашсаңыздаршы!», – деп уәжін жеткізді.

Бір емес, ондаған осындай құнтты-қоңыраулардан соң ғана, мемлекеттік коммуналдық мекемеге кіруге рұқсат алдық. Бір қызығы, мұнда келетін балалар да сол сәтте, келе қалды. Анықталғанындай, бұған дейін түзету кабинетінде ешбір бала да, педагог та болмаған. Барлығы да санаулы сағаттардың ішінде жиналды. «Есікті кілттеп-жасырынудың себебі бұл ғана емес», – дейді әдіскер маман Фатима Айтпенова.

Фатима Айтпенова, «Отырар ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ әдіскері: «Мысалы, бізде музыкалық педагог – бір жарым «ставкада» жұмыс жасауы тиіс, оның жарты «ставкасында» Дәурен Әбуов береді, жартысын ешкім бермейді. Ал мен әдіскер ретінде күн сайын заң бойынша, педагогтардың сабағының алдындағы жоспар-дәптеріне қол қоюым керек, бірақ бізде олай емес! Себебі ондай мұғалім жоқ, аты аталмайды, құжаттарын көрсетпейді. Сосын мұнда психолог та жоқ, психолог 1-наурыз күні «декретке» шығып кетті. Оның жарты «ставкасын» әлеуметтік педагогқа берген, жартысы кімде екенін тағы да білмейміз! Басшымыздың осындай заңсыз тірліктері көп. Бұдан бөлек, 2 дәрігеріміз де жоқ! Мұғалімдердің, мамандардың жоқтығы балаларға да әсер етіп жатыр, сабақ кестесі бойынша сабақтар өтілмейді. Педагог мамандар қайда жүргенін де айтпайды, телефондарына хабарлассам, көтермейді! Негізі бүгін, қазіргі уақытта 18 бала – психологқа, 12 бала – логопедке келуі керек. Ал сыныптарда небәрі 3 бала ғана отыр. Күніне 2-3 баладан артық келмейді. Себебі ата-аналармен жұмыс жасайтын әлеуметтік педагог жұмыс жасамайды. Басшымыз  тапсырма бермейді».Фатима Айтпенова психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әдіскері бұған дейін талай білікті маманның еш себепсіз жұмыстан шеттетілгенін де жасырмады. Айтуынша, өзі науқастанып, ауруханада жатқанында жұмыстан бұйрықпен шығарылады. Алайда, меңгеруші сол құжатты өзіне қайта алдырады.

«31.01.2018 жылы мені бұйрықпен жұмыстан шығарып жіберген, ал мен бұл кезде ауруханада жатқанмын. Сөйтіп, 10 күндей ауруханада жатып, қайтып келсем, маған «құжат-бұйрықты тез арада кері жеткіз, әйтпесе мен сені құртып жіберемін», – деп қорқытты. Шындықты, заңсыз әрекеттерін білетін біраз қызметкерді – қарауыл, бір социологты дәл осылай жұмыстан себепсіз шығарып жіберді.  Өзгелерін қазір күніге қорқытып-үркітіп ұстап отыр», – дейді  «Отырар ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ әдіскері Фатима Айтпенова.

Ауданда арнайы педагог мамандардың қызметіне жүгінетін 257 бала тіркелген. Оларға қазір психолог, педагог, сурдо мамандар дәріс беруі керек. Ал сол сабақтардың сапасы мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің тыныс-тіршілігін жіті тексеріп, бақылауы міндетті облыстық білім басқармасымың жауаптылары жергілікті жердегі мәселеден бейхабармыз деп міз қақпады.

Ғалия Жанаева, облыстық білім басқармасының бас маманы: «Мен өзім Отырар ауданына, ондағы түзету кабинетіне барған емеспін. Сондықтан, жағдайды да нақты білмеймін. Басы-қасында болмаған соң, «болмапты бала, келмепті бала», –  деп те  айта алмаймын. Ал меңгерушісі – Гүлмира Назарбектің айтуынша, барлығы 60 баладай келеді, барлығы өз орнында. Педагогтар уақытылы өз жұмысын атқаруда. Мәліметі солай».

Басқарманың инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің мамандары Отырар ауданының шалғайда орналасқанын тілге тиек етіп, бұл жағдайды қарастыруды мамыр айының еншісіне қалдырып отыр. Себебі Шәуілдірге бекітілген жоспар солай екен. Айта өтейік, бүгінде Оңтүстікте жасы 18 – ге дейін – 1 миллион 200 мың бала бар. Оның 34 мыңнан астамының – мүмкіндігі шектеулі. Ал дәл осындай психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып, оңалып-бейімделіп жүрген балалар саны – 1 534 деп көрсетілген. Бірақ, бұл – тек қағаздағы көрсеткіш болуы да әбден мүмкін.