«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев және «Оңтүстікфильм» КММ директорының орынбасары Райхан Нарикова:

– Нуриддин аға, «САҚ» киностудиясы бүгінде аудандарды аралап кішкентай көрермендерге көптеген туындыларыңызды таныстырып жүрсіздер. Мұның мақсаты, негізгі міндеті неде?
– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен төрт бірдей жобаны іске асырдық былтырғы жылы. Бірі «Көне жетігеннің сыры» атты анимациялық 10 сериялы фильм, екіншісі «Күш атасы Қажымұқан» атты фильм. Онда алып күш иесінің балалық шағынан бастап соғыс жылдарында бар тапқан ақшасына самолет жасатып соғысқа жібергені туралы жалпы бар өмірін суреттейді. Одан кейін «Отырар» қалашығы туралы, одан кейін «Қазығұрт» туралы үш анимациялық фильмді бүкіл аудандарға көрсетіп шықтық.
– Аталмыш филмьдерді таңдап алуға не себеп болды?
– Мұның барлығы да облыс әкімінің идеясы. О кісі рухани жаңғыруға қатысты фильм жасасақ деп идея тастады. Біз жобасын жасадық. Мақұлдады.
– Кішкентай көрермендерге үлгі боларлықтай тұлғаларды дәріптеу қаншалықты нәтижелі?
– Анимациялық фильмдер әртүрлі болады. Бірі тек кішкентайлар көретін болса, енді бірі ересектер де кішкентайларға да арналған. Біздің туындымыз барлық көрерменге арналған. Әрине ұлтымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеуден ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
– Қажымұханның фильмін жасап шығаруға қанша уақыт кетті?
– Алдында «Алдар көсе мен шайтандар» атты анимациялық фильмді бір жыл жасаған болатынбыз. Ол 10 минуттық болатын. Ал қазір дәл сондай фильмдерді 1 ай көлемінде жасап шығара аламыз. Оңтүстікте 4-5 оқу орындары бар. Соларды жылда 40-50 суретші бітіріп шығады. Бірақ соның ішінен 5-6-ы ғана анимация салуға жарайды.
– Райхан ханым, «Оңтүсікфильм» КММ «САҚ» киностудиясымен бірлесіп тағы қандай жобаларды бірге атқарасыздар?
– Біздің негізі міндетіміз мәдени шараларға көбіне бейнероликтер, бейнесюжеттер, ұлы тұлғалар туралы бейнефилмдер жасаумен шектеліп келгенбіз. Мәдени іс – шараларды суретке түсіріп архив ретінде сақтап отырамыз. Соңғы кездері «САҚ» киностудиясымен тығыз байланыстамыз. Олардың туындыларын көпшілкке насихаттаумен айналысамыз. Келе келе облыс әкімінің қолдауымен түсіріліп жатқан фильмдерді өзге облыстарға да насихаттап жатырмыз. Ақпан айында алғашқы болып киелі Қазығұрт ауданынан бастадық. Көрермендер өте жылы қабылдады.