Бітіруші түлектер Ұлттық тестілеу орталығы осы жылы бекіткен жаңа тест кітапшаларымен ҰБТ-ға дайындалып жатыр.
Облысымызға 26 600 кітапша әкелінген. Білім басқармасының мәліметінше, сынақ кітапшаларындағы сұрақтардың 70 пайызы ҰБТ сұрақтарында ұшырасады. Сондай-ақ оңтүстік түлектеріне сын сағатына онлайн әрі тегін дайындалуға мүмкіндік туды. Бұл туралы оңтүстікте арнайы семинар өткізген Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді.
Рамазан Сиқымұлы Ұлттық бірыңғай тестілеу 2018 жылы қалай өтетінін және енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Тестілеу биыл республиканың 165 ҰБТ өткізу пункттерінде, соның ішінде 47-сі ЖОО базасында, 3-і ТжКББ(техникалық және кәсіптік білім беру) базасында, 115-і мектеп базасында өтеді.
Қазір ҰБТ өткізу пунктілері базасында 7 260 мектеп, 146 092 бітірушілер тіркелген. Құжаттар қабылдау және сынақты өткізу мерзімдеріне де жеке тоқталды.
Айтуынша, құжаттар:
Қорытынды атестаттау – 1 наурызға дейін (мектепте);
ҰБТ – 10 наурыздан-10 мамырға дейін (мектепте);
КТ – 1 — 20 маусым (ЖОО базасында) қабылданады.
Қорытынды аттестаттау 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. Міндетті пәндер мен тапсырмаларда өзгеріс жоқ, тек Қазақстан тарихы пәні бойынша сұрақтар толықтырылып, өзгертілген. Барлығы 1600 тест тапсырмалары, эсседен 360 тақырып, Қазақстан тарихынан 3600 сұрақ, Алгебра және анализ бастамаларынан 140 нұсқа дайындалған.
ҰБТ-ге қатысушыларға арналған танымдық ақпараттар
мен интернет-ресурстар:
www.edu.gov.kz,
www.testcenter.kz
Ал Жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген бітірушілерге арналған ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Орталық басшысының айтуынша, түлектердің тест тапсыру уақыты 3 сағат 50 минутқа созылған( биыл 3 сағат 20 минут). Сонда әр оқушы 1 сауалға жауап беруге кемінде 2 минут уақыт жұмсайды. Максималды балл: 140, шекті балл: 50. 2018 жылғы тестілеуге барлығы 41 314 тест тапсырмасы дайындалған. Орталық директорының айтуынша база 35 %-ға жаңартылған. Сонымен қатар, биылғы ұлттық тестілеу орталығы оқушыларға сынаққа дайындалуға көмекші құрал ретінде 30 мың сынақ кітапшасын тегін тарататындығын жеткізді.
Өткен жылдары мектеп бітірген түлектер үшін кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өтеді. Уақыты 3 сағат 50 минут.
Жеделдетілген оқу мерзімімен қарастырылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға түсуші техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары түлектері үшін де тестілеу 17-23 шілде аралығында өткізіледі, берілген уақыт: 1 сағат 40 минут. Барлығы 35 745 тапсырма дайындалған.
Міндеттелген пәндер мен бейіндік пәндерде ешқандай өзгеріс жоқ.
Сондай-ақ семинар барысында «ONTEST.KZ» порталының таныстырылымы өтті. Жаңашылдық арқылы кез келген бітіруші онлайн түрде, әрі ешқандай ақы төлемей компьютер, ұялы телефон немесе планшет арқылы дайындала алады. Порталдағы сұрақтар Ұлттық тестілеу орталығымен мақұлданған және күн сайын толығып отырады. Тестілеуден өту үшін сайтқа кіріп, аудан, мектепті көрсетіп, аты-жөні, логин және құпия сөзді енгізу жеткілікті. Ал облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы қай мектептен, күніне қанша оқушы сынаққа кіргеніне, олардың сынақтан қалай өткендігіне мониторинг жүргізіп отырады.
Әлия ӘДІЛБЕК