Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Сауаптар молынан жазылатын, күнәлар кешірілетін, нәпсінің нөкерлеріне тұсау салынатын қадірлі айға аман жеткен ағайынды биыл бір өзгеріс күтіпті.

Алдын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталар уақыты белгіленген Ораза кестесін жариялады. Кейін Рамазан айының 16 мамырда емес, 17 мамырда басталатынын мәлімдеп, жаңартылған, өзгеріс енгізілген ораза кестесін ұсынды.

Ораза уақыты неге өзгерді?
Бұл өзгеріс туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген. Демек, мұсылман жұртшылығы Рамазаннан бұрын болатын шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (Рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары осы хадисте айтылған шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-ыншы жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеуде. Демек, астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетуде. Ал 17 мамыр – Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі. ҚМДБ еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратты. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеді. Осыған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып: «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні», – деген шешім қабылдады» – деп түсіндірді.
Ал 14 мамыр күні ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев қасиетті Рамазан айына қатысты өткізген баспасөз-конферен-циясында: «Бұған дейін облыс бойынша 30 мыңнан астам кесте таратылған еді. Онда «ораза 16 мамырда басталады» деп бұрыс мәліметпен кетті. Тәуелсіздік алғалы бері мұндай өзгерісті өз басым бірінші рет кездестіріп тұрмын. Бұл – табиғи жағдай. Мұсылман әлемінде үйреншікті жағдай. Оразаны айдың тууына қарап есептейді. Ораза 16 мамырдан 17 мамырға, яғни жаңа туған айдың көпшілікке 17-сі күні көрінетіні себепті ауыстырылды. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа мемлекеттерде 16 мамырға белгіленіген еді. Енді көршілес мемлекеттерде 17 мамырға ауыстырылды» деп мәлімдеді.

Оразаның ашығудан айырмасы
Дәрігерлер де ораза тұту медициналық тұрғыдан да пайдалы екенін айтады. «Ауыз бекітудің денсаулыққа ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы көп» деп нақтылады облыстық клиникалық ауруханасының гастроэнтеролог-диетолог дәрігері Гүлдана Мүтәлиева.
– Ораза – ашығу емес. Иә, ұқсастықтары бар, бірақ айырмашылықтары да жетерлік. Ұқсастығы – ағзаның ас қорытудан демалуына, жиналған нәрлі заттарды бойға сіңіруіне мүмкіндік беріп, зат алмасу процесінің белсенділігін арттырады. Айырмашылығы – Ораза жыл сайын бір ай бойына (міндетті ораза) және жылдың қалаған мерзімінде өз қалауынша (ерікті ораза) бірнеше күн тәуліктің күндізгі уақытымен сәйкесетін мерзімде ұсталады. Ал емдік ашығуға келсек, бұл әр адамның хал-ахуалына немесе дертіне қарай үзіліссіз мерзім ішінде тамақтан бас тарту. Мұсылмандар оразаны өз еркімен, сүйіспеншілік сезіммен ұстайды,-дейді гастроэнтеролог-диетолог.
Емдік ашығу – жеке адамның ауыр зорлыққа ұшырауына, ағзаны азап пен ауыртпалыққа соқтырады. Емдік ашығуға ауруын жеңе алмағандар ғана тәуекел етеді және олар дәрігерлер мен мейірбикелердің қарауында, медициналық аппараттардың бақылауымен ғана ашығады.

Дәрігерлер жүкті әйелдерге, асқазанның созылмалы қабынуы (гастрит), асқазан жарасы эрозиясы, асқазан және 12 елі ішек жарасы аурулары, онкоаурулар, ішектің қабыну аурулары (крон және жаралы колит), гепатит, бауыр циррозы, гормоналды ауытқулары бар жандарға (қалқанша безіне, қант диабетіне байланыс-ты аурулар), сосын жүйке жүйесінің кейбір ұстамалы аурулары бар адамдарға ораза тұтуға тыйым салады. Ал артериялық гипертония, өкпе, жүрек, бүйректің созылмалы ауруларымен сырқаттанатын және қан қысымы бар азаматтар дәрігерге қаралып, рұқсат берген жағдайда ораза ұстауына рұқсат етіледі.

«Оразада бауыр өте жақсы тынығады»
– Ораза ұстаған адамның ойлау және есте сақтау қабілеті дамиды. Өйткені қан ішекке емес, миға көп барады. Ішкен тамақты қорыту үшін ас қорыту мүшелері 8 сағат жұмыс істейді. Демек, ораза ұстамаған адамның ас қорыту органдары дүниеге келген сәтінен бастап тоқтамай жұмыс істеп келеді. Ораза ұстағанда асқазан мен ішек жолдары ең кемі 4-5 сағат демалады. Осылайша, ораза ұстау – артық салмағы бар адамдарға, жүрек-қантамырлары ауруына шалдыққандарға, бауыры мен өт жолы ауыратындарға пайдалы. Өйткені ас қорыту органдары демалып, ағзадағы шлактар шығарылады. Ораза ұстағанда бауыр өте жақсы демалады. Ашыққанда қанның құрамындағы холестерин азаяды. Сол кезде қан қысымы реттеліп, ағза тынығып, мамыражай күй кешеді. Теріге де пайдалы. Ең бастысы, жағымсыз тәуелдіктен арылтуға себі тиеді,- дейді дәрігер.

Оразада қалай тамақтанады?
«Жоғарыда айтылған көрсеткіштерге тек оразаны дұрыс ұстаған кезде ғана қол жеткізеді». Дәрігердің айтары осы.
– Бұл дегеніміз – сәресі мен ауызашар кезінде дұрыс тамақтану. Күніне бірнеше мезгіл тамақтануға дәнігіп қалған организм бірден тамақтан шектелгенде – асқазанда тітіркену пайда болады. Содан бар тамақты апыл-ғұпыл жегіңіз келіп тұрады, бірақ бұлай етуге болмайды,-дейді Гүлдана Мүтәлиева.
Айтуынша, сәресіне, яғни ауыз бекітер алдын ұзақ қорытылатын әрі көп уақыт тоқтық сезімін беріп тұратын тағам түрлерін (тары, бидай, арпа немесе дәндер аралас ботқа), жеміспен (құрма, жүзім) және дәнектермен араластырып жеген дұрыс.

Сондай-ақ тағамды көмірсуға бай астық тұқымдастармен (қарақұмық жармасы, тары, қоңыр күріш, фасоль және өзге бұршақ өнімдері) әзірлеген жөн. Сүт өнімдерін (сүзбе, қаймақ, ірімшік, айран)де ішіп-жеген пайдалы. Ал ауызашарды сумен бастау керек. Бұл аз да болса тоқтық сезімін тудырып, бірден көп тамақтанудан сақтайды. Суды да жұтым-жұтыммен бөліп ішкен жөн. Ауызашарда да сәресі секілді ауыр тағамды жемеңіз. Ет, балық, көкөністерді суға қайнатып немесе бұқтырып жеген дұрыс. Қуырып жесе, шөлдетеді. Сондай-ақ, дәрігер кондитерлік тәттілерден бас тартуды кеңес етеді. Гүлдана Мүтәлиевадан сұрап білгеніміз – тамақ мәзірін алма кезек түрлендіріп отырған пайдалы. Дәрігердің айтуынша, әдетте біз күніне үш рет тамақтанамыз. Рамазан айында да осы әдіспен жүру керек. Бұл үшін ауызашарда екі бөліп тамақтануға болады. Мысалы, бірінші бөлігінде ыстық тағам (көбіне сорпа ішкен дұрыс) ішіңіз, екінші бөлігінде кез келген майсыз тағамдарды тұтынуға болады. Үшіншісі, сәресі.

Оразаның нәрі – су
Дәрігер сәресі мен ауызашардан кейін ағзаңызға тиісті мөлшерде су барып жатқанын қадағалауды ұмытпауды да ескертеді. Өйткені, адам ағзасы бір күнде 2-2,5 литр су пайдалануы керек. Сондықтан судың мөлшерін кешкісін толтырып отыру қажет. Шамадан тыс ішуге де болмайды. Сол уақытта кофе, шай және тәтті газдалған сусындарды (тез шөлдетеді) ішуден бас тартыңыз. Тым болмаса 1-2 стақаннан артық ішпеңіз.
Көптеген адам ораза кезінде еш шөлдемей, ауыр салмақты заттарды көтеріп, қара жұмыс істей алады. Дәрігер ораза ұстаушыға тікелей күн көзінің астында бас киімсіз жүруден және қалың, тығыз тігілген синтетикалық материалды киім кию-ден аулақ болуды ескертеді. Ұзақ уақыт күн астында жүруден сақтанған дұрыс. Дені сау адамдар ораза кезінде қандай да бір физикалық шектеулерді талап етпейді. Ең бастысы,сәресі мен ауызашар уақытында шөлдететін минералды тәтті сусындар, шөптен жасалған шай мен кофе ішпеген жөн. Гүлдана Мүтәлиеваның айтуынша, күн тәртібін құрып, түнімен теледидар көрмей, ерте жатып ұйықтаған дұрыс.

Гүлжан ЖҰМАШ
Әлия Әділбек