Телеарнаның төрт жаңа жобасы

707

«Отырар TV» телеарнасының эфир қоржыны жаңа бағдарламалармен толықты. «Made in Shymkent», «ТЕТ-А-ТЕТ», «Аспаз life», «Біз осындаймыз!». Бұл – «Отырар TV» телеарнасының жаңа жобалары. Таяуда телеарна ұжымы жаңа жобалардың тұсауын кесіп, телетуындыларының мазмұны мен мақсатын таныстыруды жөн көрді.

«Made in Shymkent» бағдарламасында өңіріміз бен Шымқаланың тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Әр эпизоды 20 минуттық бағдарламада жүргізушілер Ася Оспанова мен Ғалымжан Кенжебек облысымыз бен қаламыздың тарихы тұнған мәдени орындары мен табиғаты әсем мекендеріне сапарлайды.


Ақмарал Мырзахметова мен Диана Снегина жүргізетін “Аспаз Life” бағдарламасы қыз-келіншектер үшін таптырмас бағдарлама. Мұнда жүргізушілер тез әрі дәмді тамақ пісірудің тәсілдерімен бөліседі.


Ал Шуддин Саидовтің «ТЕТ-А-ТЕТ» бағдарламасы сұхбат жанрына негізделген. Мұнда халықтың назарында жүретін танымал адамдар қонаққа келіп, өз өмірлері, отбасы жайлы айтып, жетістікке жетудің сырларымен бөліседі.


«Біз осындаймыз!» бағдарламасы салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайында тікелей эфирде әңгіме өрбітеді. Ұмытылған ғұрыптар мен қазіргі халық арасында кең қолданылып жүрген ырым-тыйымдар турасында айтылады, бұл хабарда…

Идея авторы — телеарна директоры Жанар Нұрсейітова. Бағдарламаларға Роман Ливень продюсерлік етеді.

Жаңа жобалар бар…
Аталған бағдарламалардың барлығын «Отырар TV» телеарнасынан және «Youtube» арнасынан көруге болады. Телеарна басшылығы мұнымен тоқтап қалмайды. Алда тағы да басқа тың идеяларды экранға шығаруы жоспарланған.

Роман Ливень, «Отырар TV» телеарнасының бас продюсері:

«Шымкентте 5-6 телеарна бар. Бұған республикалық телеарналарды қосыңыз. Осыдан-ақ осы нарықтағы бәсекенің жоғары екенін аңғаруға болады. Біздің мақсатымыз – сол көп телеарнаның бірі емес, бірегейі болу. Оңтүстікқазақстандықтар мен шымкенттіктердің сүйіп көретін телеарнасына айналғымыз келеді. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Көрермен өте сауатты. Жан-жақты. Қырағы. Үнемі жаңа дүниені көріп-білгісі келеді. Оларды алдау мүмкін емес. Сондықтан да арнамыздың қоржыны үнемі жаңа дүниелермен толығып отыруы керек. Қазір 4 жоба жарыққа шықты. Енді «Контрамарка», «High Society», «ST.kz», «Один день с…», «Девичник», «Хайп» және тағы басқа жобаларды жасап жатырмыз. Бағдарламалардың жанры да әр түрлі. Көрермендеріміздің жас ерекшеліктерін де ескереміз. Балаларға да, жастарға да, орта буын өкілдері мен егде жастағыларға да қызық дүниелерді ұсынуға тырысамыз. Көп ұзамай «Отырарлықтар» аталған бағдарламаларды тамашалайды»

Тікелей эфир жеңімпаздары
Жап-жаңа бағдарламалардың таныстырылымы тікелей эфирде өтті.


2 сағатқа созылған эфир телеарна мен көрермен арасындағы қарым-қатынастың жоғары екенін көрсетті. Қоңырау шалып, телеарна ұжымына жылы лебіздерін арнап, тілшілердің түрлі сұрақтарына жауап берген көрермен көп болды. Сұраққа мүдірмеген көрермендерге телеарнаның көпжылдық серіктесі болып жүрген демеушілерінің атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Тікелей эфирге алғашқылардың бірі болып — Айжан Монтаева есімді көрермен қоңырау шалды. 29 жаста келіншек қазір бала күтімімен үйде отыр. Айтуынша, «Отырар TV» телеарнасын үзбей көреді. Әсіресе, «Жаңа күн», «Ата-анасыз бір сағат», «Шұғыл шақырылым» бағдарламаларын тамашалағанды ұнатады. «Аспаз life» бағдарламасын көргеннен кейін үйдегі ас мәзірін жаңартқанын айтты.


«Аспаз life» бағдарламасын көріп, түрлі тағамдар әзірлеп, шеберлігімді шындап жүрмін» деді ол. Айжан Монтаеваға «Persiya» интерьер салонынан жиһаз алғанда 30 мың теңге жеңілдік беретін сертификат берілді.


Ксения Мукалбекова – студияға қоңырау шалған екінші көрермен. «ТЕТ-А-ТЕТ» бағдарламасына шақырылмаған адамның кім екенін тапқан ол «Астау» ұлттық ыдыстарына арналған 50 мың теңгелік сертификат алды. «Астау» ұлттық ыдыстарын сатып алуға арналған мұндай сертификат Дана Саулыбаева есімді көрерменге де бұйырды. Бұдан бөлек оған «CrossFit Shymkent» жаттығу орталығында 3 рет тегін жаттығу жолдамасын берді.


Ал «Аспаз Life» бағдарламасы жүргізушілерінің есімін атаған Сапаркүл Әбзетова «Мадлен» кондитерлік дүкендер желісі ұсынған 20 мың теңгелік сертификатын ұтты.
Тікелей эфирге қоңырау шалған ешбір көрермен сыйлықсыз қалған жоқ.

Қатысушыларға «Ладушки», «Мадлен» кондитерлік орталықтарының өнімдерін сатып алуға сертификаттар, «Изуми» киім дүкенінен 20 мың теңгеге кез-келген тауар сатып алуға сертификат пен үйге қажетті тұрмыстық құралдар мен техника, ұялы телефондар берілді.


Тікелей эфирге хабарласып, жылы лебіздерін білдірген әрбір көрерменге алғысымыз шексіз. «Отырар TV» телеарнасы – сіздің арнаңыз. Арнаңызбен бірге болыңыз! Көрер қызық әлі алда!
Ақмарал Мырзахметова, «Аспаз life» бағдарламасының жүргізушісі:
– Бұл бағдарламаны жүргізуге таңдау маған түскенде қуанғаным рас. Себебі, тележүргізушілік те, аспаздық та жаныма жақын. Өзім жақсы білетін, жаным сүйетін осы екі істі ұштастыра отырып, көрерменге жақсы бір дүние ұсынғым келеді. Сол бағытта аянбай еңбек етудемін. Жаңа тағамдардың рецептісін ойлап тауып, оны дастарханға әдемі етіп сәндеп беруге тырысып бағудамын. Жасыратыны жоқ, алғашқы түсірілім кезінде маған тамақ пісіру емес, видеокамерамен жұмыс істеу қиынға соқты. Себебі, телеарнада жұмыс істемегеніме біраз уақыт болған еді. Әуелде айтқанымдай екі сала да жаныма жақын болғандықтан екеуін де қатар алып жүруге барымды салып жатырмын. Бағасын көрермен береді.

Шуддин Саидов, «Тет-А-Тет» бағдарламасының тележүргізушісі:
– Эфирде белгілі тұлғаның — әртіс, мемлекеттік қызметкер, басшы немесе тағдыр тауқыметін көрген адамның өмірі, жетістігі, басынан өткерген қиындықтары мен алға қойған жоспарлары жөнінде сұқбаттасамын. Қаңқу сөзді емес, нақты өз аузынан шыққанын халыққа жеткізбекпіз. Бағдарламаның негізі осыдан 4 ай бұрын қаланды. Эфирге 6 бағдарлама шықты. Танымал продюссер Баян Алагөзова, актер Жан Байжанбаев пен шоумен Нұрлан Қоянбаев, Мейіржан Төребаев, генерал Мұхамеджан Сатов пен әнші Миша Марвин қонақ болды. Әр кейіпкердің мінез-құлқы, танымы мен талғамы әртүрлі. Әрқайсысымен сұхбаттасар алдын кейіпкерімді алдын ала тануға тырыстым. Мәлімет жинадым. Өте қиын, бірақ өте қызық жұмыс. Алда кімдердің маған қонаққа келіп, сұхбат беретінін айта алмаймын. Көрермен телеарна эфирінен көреді.

Ғалымжан Кенжебек, «Made in Shymkent» бағдарламасының жүргізушісі:  «Не шықса да Шымкенттен шығады» деп айтады. Оңтүстікке қатысты түрлі негатив пікірлердің бары жасырын емес. Біздің бағдарлама осы стереотиптерді бұзуға бағытталған. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тыныс-тіршілігін, мәдени орындарын, әсем жерін насихаттап жатырмыз. Мәселен, «Тау Самалы» демалыс аймағындағы түсірілім барысында, шетелге шықпай-ақ, өңірімізде де жақсы демалуға болатынын көрдік. Осы жоба арқылы белгілі «Петро Қазақстан Ойл Продакс» ЖШС мен Әлия Юсупова атындағы Көркем гимнастика мектебінің жұмысымен танысу мүмкіндігі бұйырды. Шымшаһардағы бірқатар базарды аралап, азық-түлік бағасымен таныстық. Сатып алушылармен сөйлестік. Саудагерлердің нәпақасын қалай айырып жүргенін көрдік. «Made in Shymkent» бағдарламасының әр эпизодын телеарнаның Youtubе каналынан да көруге болады. Қаралымы жаман емес. Көрермендер пікірлерін жазып жатыр. Бізге жол сілтеп, алуан-алуан мекемелер мен орталықтарға жөн көрсетіп, ұсынатын көрермендеріміз де баршылық»

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ