3 млн-ға жуық тұрғыны бар облыста небәрі 98 құтқарушы ғана жұмыс істейді

434

Оңтүстікте жыл басынан бері 9 адам суға кетті. Оның жетеуі балалар. Бұл туралы төтеншеліктер суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру жұмыстары талқыланған брифингте мәлім етті.

Жазатайым оқиғалар Сарыағаш, Отырар аудардарында тіркелген. «Бүгінде онда уақытша құтқару бекеттері жұмыс істеуде», —  дейді төтеншеліктер. Осындай орындардың бірі алдағы уақытта Шардарада іске қосылады. Арнайы жер телімі беріліп, қаржы бөлінген деп отыр құзырлылар. Айтуларынша бүгінде, су айдындарында ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлескен рейд жұмыстары күйшетілген. «Түсіндіру шаралары да қызу жүргізілуде. Өз тарапымыздан барлық шараларды қолға алып отырмыз», — деп сендірген төтеншеліктер тұрғындарды сақтық шараларына шақырды.

Талғат Досалиев, ОҚО ТЖД бөлім бастығы: «Балаларға сақ болу керек, белгіленбеген су айдындарында шомылмауға шақырамыз, себебі, жазатайым жағдайлардың дені осынау аумақтарда орын алып отыр».

Суға кеткендерді құқтаруда қолданылатын құрал-жабдықтар мен техникалар сақадай сай болғанмен, құтқарушылар жеткіліксіз. «3 млн-ға жуық тұрғыны бар өңірде небәрі 98 құтқарушы ғана жұмыс істейді», — дейді төтеншеліктер. Тиісті министрлікке штатты кеңейту бойынша ұсыныс та жолданған.

Орынбасар Төртбаев, ОҚО жедел құтқару жасағының басшысы: «120 орынға ұсыныс бердік министрлікке. Егер мақұлданса ауысымды жолға қойып алар едік. Себебі, құтқарушылар бәрін қамтып үлгермейді».

Ал бұл өңірде орын алған соңғы жайсыз жағдай. Шымкенттің аквапаркінде 14 жастағы жасөспірім суға тұншығып, комаға түскен болатын. «Аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан бала бүгін есін жиып, палатаға ауыстырылды», — деп хабарлайды дәрігерлер. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім емдеу мекемесіне 11-ші маусым күні кешкі сағат 18.00-дер шамасында түскен.

Дәрігерлер жасөспірімнің қуығына ота жасалған соң ғана беті бері қарап, жағдайы қалыпқа түскен. Қазіргі таңда науқас тиісті емдік шараларын қабылдауда. Мамандар баланың өміріне қауіп жоқ екенін айтады.