Шымкентте бала бақшамен қамту деңгейі 87 пайызға жетті

520

Республикалық мәртебе алған Шымкент қаласында мектепке дейінгі балаларды бала бақшамен қамту 87 пайызға жетіпті. Сала мамандарының айтуынша бұған «Балапан» бағдарламасы аясында қол жеткізіліпті.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында биыл екінші жыл қолға алынған бүлдіршіндерді бала бақшаға электронды түрде қабылдау тәсілі жоғары дәрежеде жүзеге асырылуда.

Миллион тұрғыны бар Шымкент шаһарында 459 бала бақша жұмыс істейді. Соның 351-і жеке меншік. Өткен жылдың өзінде 80 жеке меншік бала бақша ашылып, кезекті балдырғандарды бақшамен қамтыған. Кәсіпкерлердің арқасында мектеп жасына дейінгі балаларды бақшамен қамту пайызы өсіп отыр. Жалпы кезекте 39 мың балғын бар. Сала мамандарының айтуынша, 2019 жылға дейін кезек мәселесі толық шешімін табуы тиіс.

Қала тұрғыны Айдана Елтай баласын электронды кезекке қойған. Нәтижесіне көңілі толып отыр. Сөзіне сенсек, баланың жасына сай топта орын табылып, бірден №24 «Алма» бақшасына келіпті. Табалдырық тоздырмай, қалаған мектепке дейінгі мекемеге жодама алғанына риза.

Естеріңізге салар болсақ, білім бөліміндегі электронды жүйе биыл екінші жыл жұмыс жасап жатыр. Оң нәтиже беріп отырғанын тек ата-аналар ғана емес, бақша меңгерушілері де растап отыр.

Нұрлан Күдерұлы