Шымкентте шілдеден бастап тұрғындарға 1355 жаңа қызметі көрсетіледі

638

Шымкентте 1-ші шілдеден бастап тұрғындарға 13-55 жаңа қызметі көрсетіледі. Бұл қызметтің мамандары шымкенттіктерге кез-келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Әзірге шаһар тұрғындарына көрсетілетін қызметтің бірнеше түрі бар.

Айырмашылығы сол, бір айлық пайдалану бар болғаны — 80 теңге. Жаңа 13-55 құтқару қызметінің түрі сан алуан. Құлыптанып қалған есікті ашу, қураған талдарды кесу, тұрғын үйлерге кіріп кеткен жыланды ұстау сияқты күнделікті кездесетін түйтікілді шаруаларды тәжірибелі мамандар көзді ашып жұмғанша тас-түйін тындырады.

Андрей Фридовский, ТЖ құтқару қызметінің бастығы: «Қызметтің түр-түрін көрсетуге әзірміз. Жеке тұрғын үйлердің құбырларын тазалаудан бастап уланғандарды құтқаруға арналған кешенді көмектерді ұсынамыз. Тұрғындар біздегі қызмет тізімімен танысқаны дұрыс».

Мемлекеттік емес құрылымның жаңа құтқару қызметі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің де жұмысын жеңілдетіп отыр. 13-55 құтқару қызметі мамандарының кәсіби шеберлігі әбден шыңдалған. Бұл қызметке қарағандылықтар да бірнеше жылдан бері жүгініп келеді.

Тұрмыстық түйіткілдермен күресуге бағытталған қызметті бір ай бойы пайдалану құны небәрі 80 теңге. Тұрғындар комуналдық төлемдермен қоса келетін түбіртектер арқылы есеп айырыса алады.

Андрей Фридовский, ТЖ құтқару қызметінің бастығы: «Бұл қызмет құтқарушылардың жұмысын жеңілдету үшін іске қосылды. Табиғи апаттар мен жол көлігі оқиғалары кезінде бриагада зардап шеккендерге көмек көрсетуі тиіс. Мәселен, жол апаты кезінде көліктің есігі ашылмайды, ішінде адамдар қалып қойған. Бригада зардап шегушіге шұғыл көмек көрсетуі керек. Мұндай кезде біз көмекке келеміз».

Тұрмыстық қиындықтарға жиі ұшырасатын тұрғындардың жаңа қызметке қызығушылығы зор. Олар тәжірибелі мамандарға сенім артып отыр.
Алдағы уақытта іске қосылатын қызметтің 80 теңгелік шоты коммуналдық төлемдердің түбіртектеріне енгізіліп отыр.

Тиісті төлемдерді төлеген соң тұрғындар 1355 жаңа құтқару қызметіне кез-келген уақытта жүгіне алады. Қызметкерлердің айтуына қарағанда 1355 құтқару қызметіне төлем міндетті емес. Егер қызметке жүгінбеймін десеңіз, төлемесеңіз де болады. Егер 2 ай қатарынан төленбеген жағдайда түбіртектен құтқарушылардың қызметі алынып тасталады. Қызметтер тізімі түбіртектің келесі бетінен табуға болады.