Ташкенттен келген бір топ делегация «Ақ алтын» корпорациясында болды

570

Мамыр айында Шымкент қаласында алғаш рет өткен халықаралық қазақ-өзбек бизнес форумында екі ел кәсіпкерлері бірігіп мақта шаруашылығындағы тәжірибелерімен бөлісу туралы келісімге келген болатын. Міне, арадан көп өтпей Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласынан бір топ делегация Мақтаарал ауданына келіп, Асықата кентіндегі мақта өңдейтін «Ақ алтын» корпорациясының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Делегацияны арнайы алып жүрген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев Орта Азияда Қазақстанның негізгі серіктесі болған өзбек ағайындармен қарым-қатынасымыздың жақсаруы – көршілес екі мемлекет үшін де пайдалы екендігін атап өтті.
Мақта өнімділігінің жақсы болуы ең алдымен тұқымдық шитке байланысты екендігін тілге тиек еткен өңір басшысы Ж.Бейсенбаев аудандағы тұқым шаруашылығының барысы туралы баяндады.

«Мақтааралдық шаруалар биыл тұқымдық шит тапшылығын сезінген жоқ. Аудан әкімдігінің бастамасымен құрылған арнайы жұмыс тобы көктемгі дала жұмыстарына қажетті 3 мың 200 тонна шитті дайындап, соның 2 мың 700 тоннасы көтемгі егіске жұмсалды. Алайда, былтыр біз мақта зиянкестерінен қатты жапа шегіп, мақтадан алатын өнімді төмендетіп алдық. Егер, Сіздерде зиянкестерге қарсы тұра алатын, сортаң жерге шыдамды тұқымдық шиттің жаңа сорттары бар болса, біз сатып алуға дайынбыз!» – деді Жамантай Қанайұлы.

Делегацияны бастап келген «Пахтасаноат ғылыми марказы» акционерлік қоғамының басшысы Тохир Кулиев Өзбекстандағы тұқым шаруашылығының дамуы жайлы айтып, қазіргі таңда жоғары сортты тұқымдық шиттер жасалып жатқандығын хабарлады. Мақтаарал ауданының ауа-райы Өзбекстанның Ташкент, Жызақ, Сырдария облыстарымен бірдей екенін айтқан ол аталған облыстарда «Лидер» атты тұқымдық шиттің сорты қолайлы екендігін тілге тиек етті. Т.Кулиевтің айтуынша, аталған тұқымдық шиттің келісі Өзбекстанның ақша бірлігімен 4500 сум тұрады екен.

Ең алдымен, делегация мүшелері «Ақ алтын» заводының тұқымдық шит дайындайтын жабдықтарын және мақта тазалау құрылғыларын тамашалады. «Өзбекстанда тұқымдық шитті дайындайтын құрал-жабдықтардың барлығы компьютерлендірілген. Ал, «Мехнат» деп аталатын мақта тазалау құрылғысы бізде де қолданылады» – деді құрал-жабдықтардың жұмыс барысымен танысқан Т.Кулиев

Жиынның соңы «Ақ алтын» корпорациясының мәжіліс залында семинар-кеңеске ұласып, екі елдің мамандары мақта шикізатын өңдеуде инновациялық технологиялардың қолданылуы тақырыбында пікір алмасты. Аудан әкімі Ж.Бейсенбаев Мақтаарал ауданында мақта өңдейтін 12 завод бар екенін, оның екеуі АҚШ-тан келген инновациялық технологиялармен жабдықталғанын айтты.

Семинар-кеңесте Т.Кулиев «Пахтасаноат ғылыми марказы» акционерлік қоғамының жоғары сапалы тұқымдық шитті дайындаудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сондай-ақ, мақта шаруашылығына қажетті кадрларды дайындау және мақта шикізатын өңдеуге арналған инновациялық технологиялар туралы баяндады. Ал, Б.Оразбеков өзбек ағайындарға «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының жұмыс барысымен таныстырды. Ғылыми мекеме тұқымдық шиттің 10-нан аса сортын жасап шығарып, қолданысқа енгізген екен.

Жиын барысында «Ақ алтын» корпорациясының басшысы А.Утанов, ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшек шығаратын «ЦентрСервис» заводының өкілі, өзбекстандық Н.Нурбеков, «Мырзакент» мақта өңдеу заводының басшысы Т.Умбетов баяндама жасап, өздері басқаратын кәсіпорынның өндірісі, инновациялық технологиялармен қамтылуы туралы әңгімеледі.

Айта кетейік, жиынды қорытындылаған Қазақ мақта ассоциациясының төрағасы С.Бақтыбаев мақта шаруашылығын дамыту бойынша тәжірибе алмасу үшін тамыз айында Қазақстан тарапынан делегация құрылып, Өзбекстанға баратынын хабарлады.