№5 мектептің алдында қорғасыншыларға арналған ескерткіш орнатылды

Ескерткіш тақтайша бұрынғы Қорғасын зауытының бастауыш партия ұйымының  төрағасы Тұрдалы Усмановтың бастамасы бойынша орнатылған. Жаңа ескерткіш тақтайшаның құрылыс жұмыстары бір айда аяқталыпты. Ол орнын тапқанша, кәсіпорында 31 жыл еңбек еткен ардагер қол қусырып қарап отыра алмаған. 84 жастағы ақсақал «қорғасыншыларды ұмыту мүмкін емес, олардың әрқайсы құрметке лайық» дейді.

Тұрдалы Усманов Қорғасын зауытында 31 жыл еңбек еткен

Тұрдалы Усманов, еңбек ардагері: «Кеңес Одағының батыры» Асан Мамутовтың есімін көшеге  береміз деп едік. Бір пысықайлар өз атасының атымен көшені атап қойыпты. Ол кісі соғыста  шайқасып, елге оралып қорғасын зауытында еңбек етті. Сала министрлігінде де қызмет еткен адам еді».

Естеріңізге сала кетейік, Шымкенттегі қорғасын зауытының алдында орнатылған шағын мемориал дәл Жеңіс күні қиратылған болатын. Оны вандалдар талқандап кеткені қоғамда ұзақ талқыланды. Кейін мәселеге қала әкімдігі, Абай аудандық ардагерлер Кеңесі және №5-ші мектептің ұжымы нүкте қойды. Олар бірігіп «Ер есімі -ел есінде» ескерткіш тақтайшасын қалпына келтіруде белсенділік танытты.

Татьяна Федотова, №5 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Татьяна Федотова, №5 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Қорғасын зауытынан соғысқа аттанған азаматтардың есімін біздің өскелең ұрпақ білуі тиіс. Жаңа оқу жылында ашылатын ескерткіштің күтіміне өзіміз ұстаздар ұжымы және оқушылар атсалысамыз. Бейбіт өмір үшін шайқасқан жерлестеріміздің ерлігі ұмытылмас, мәңгі есімізде қалады».

Ескерткіштің  ашылу салтанатына қорғасын зауытының ардагерлері, соғыстан оралмағандардың туыстары мен мектеп оқушылары қатысады деп күтілуде. Салтанатты жиынға Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі де арнайы шақыртылмақ.

Шынар Оразова