Өртке қарсы қауіпсіздігін пысықтады

40

Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. Компания басшылығы орнатылған қондырғылар мен құрылғыларда кем-кетіктің бар-жоғын анықтау үшін 2 шілде күні зауытты уақытша іске қосты. Ешқандай ақау табылмаса 30 қыркүйекте зауыт толығымен іске қосылады. Техникалық талап бойынша, соған дейін мекеменің өрт қауіпсіздік ережесіне қаншалықты сай екені тексерілуі керек. Осы ретте зауыт аумағында арнайы оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығуды Шымкент қалалық өрт қауіпсіздігі және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мекемесінің қызметкерлері зауыт мамандарымен бірлесе жүргізді.

Ең алдымен мұнай өндеу зауытында өрт шыққаны туралы дабыл соғылды. Қызыл жалын компанияның жаңғыртудан өткен бөлігін шарпыпты. Жараланғандар да жоқ емес. Қызметкерлер тез арада сыртқа шығып, қауіпсіз аумаққа қарай беттеді. Зауыттың өрт сөндірушілері қалалық өрт қауіпсіздігі және авариялық қызмет көрсету мекемесінің қызметкерлері келгенге дейін «тілсіз жауды» ауыздықтауға арналған алғашқы шараларды атқаруға кірісіп кетті. Атап айтсақ, мекеме ауласында орналасқан лафетті діңгекті іске қосып, жан-жағындағы металды қондырғыларға су бүркіді. Әйтпесе, металл ысып қондырғылардағы мазут, бензин, мұнай тұтануы мүмкін.


Ендібірі арнайы жәшікте тұрған өрт сөндіру құралдарымен өртті ауыздықтауға кірісті. Құтқарушылардың бір тобы жараланған жұмысшыларды қауіпсіз аймаққа шығарып жатыр. Мейірбикелер олардың жарақатын таңып, алғашқы медициналық жәрдем көрсетті. Санаулы минуттарда көмекке өрт сөндірушілер де келіп жетті. Олар шақырылған мекенжайға дереу жетіп, қас қағым сәтте нысаннан шыққан өртті сөндірді.
Өрт қауіпсіздігі және авариялық қызмет көрсету мекемесі мен зауыт мамандарының бірлескен жұмысы нәтижесінде қызыл жалынды толығымен өшіруге санаулы минут уақыт жұмсалды.
Нұрбек Таукеев, қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы:
– Оперативті пультке «мұнай өңдеу зауытында өрт шықты» деген дабыл келіп түсті. Мұнай өңдеу зауыты болғандықтан — қауіп жоғары. Мұндайда шапшаң әрі дұрыс әрекет ету керек. Әйтпесе, зардабы орасан қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Осыны ескере отырып, қызыл жалынды ауыздықтау үшін 4 арнайы техника мен 75 адамнан тұратын жасақ жұмылдырылды. Зауыттың 16 өрт сөндірушісі мен 3 арнайы көлігі, үш медбике қатысты. Сонымен қатар, газ-авариялық мекемесінің 6 қызметкері өздеріне тиесілі шараларды атқарды. Алдын ала құрылған сценарий болса да өрт сөндірушілер бұл шараға үлкен жауапкершілікпен қарады. Екі тараптың (өрт сөндірушілер мен зауыт қызметкерлері) бірлесе іс-қимыл жасауының нәтижесінде өрт тез өшірілді. Апатты жағдайдың туындауына да мүмкіндік берілмеді. Оқу-жаттығу жұмыстарын қорытындылай келе «жақсы» деген баға беріліп отыр.

Байқағанымыздай, мұндағы техникалық қауіпсіздікке жауап беретін арнайы мамандар кез келген оқыс оқиғаны алдын алуға және оны жоюға дайын. Бұл үшін қажетті құрал-жабдықтар да бар. Мәселен, өртке қарсы қалқандар әр метр сайын қойылыпты. Сонымен қатар, мұнда өрт кезінде металл қондырғылардың температурасын бір қалыпты сақтап тұруға арналған лафетті діңгектер де орнатылған.

Асылбек Бекжігітов, зауыттың аға инспекторы:
– Біздің зауыт өрт қауіпсіздігі техникалық ережесін қатаң сақтайды. Себебін айтпаса да түсінікті. Зауыт аумағында өртке қарсы қалқандар да бар. Лафетті діңгектер де орнатылған. Олардың саны бесеу. Әрқайсысы секундына 60 литр су бүркуге қауқарлы. Діңгектен шыққан су 50 метр биіктікке дейін жетеді. Суды бүрку арқылы қондырғылардағы мазут, бензин, жанар-жағармайдың температурасын бір қалыпта ұстап, тұтанудың алдын аламыз. Ал қосымша су қажет болған жағдайда бұл құрылғыларды арнайы шүмектерге қосуға болады. Бұдан бөлек өрт көлігін де сумен қамтамасыз ететін арнайы шүмектер бар.

Сыннан сүрінбей өтіп, оқу-жаттығу барысында «жақсы» деген баға алған зауыт басшылығы мекемедегі қондырғыларды іске қосып та жіберді. Айтуларынша, олар бұл күнді көптен бері тағатсыздана күткен. Себебі, жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары нәтижесінде мұнай көлемін арттыруға және сапалы өнім алуға мүмкіндік ашылады.

Болат Абдуалиев, № 3 цехтың басшысы:
– Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі 2017 жылы аяқталды. Нәтижесінде, жылына 1,5 млн тонна дизель отынын гидротазалайтын және жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғылар іске қосылды. Одан бөлек «Еуро-4» және «Еуро-5» экологиялық стандарттарына сай жанармай шығаруға мүмкіндік алдық. Модернизациялаудың екінші кезеңі де аяқталды. Қазір зауыт 2 айға уақытша қосылды. Осы аралықта кем-кетігі анықталса, оны жойып, 30 қыркүйекте толығымен іске қосамыз. Бұл бізге мұнай өңдеу тереңдігін 80 пайызға арттырып, өнім шығару көлемін жылына 6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталып, екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Кеден одағы елдерінде қабылданған К4 және К5 (Еуро-4 және Еуро-5 баламасы) экологиялық класты бензин мен дизель отынын шығаруға қол жетті. Ал екінші кезеңде мұнай өңдеу тереңдігі артып, мұнайдың көлемі көбейеді. Яғни бұған дейін 1 тоннадан 600 кг бензин алынған болса, енді оның көлемі 800-900 кг құрайды.
Айта кетейік, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-і еліміздегі ең ірі мұнай өндеу компаниясы болып табылады. Мекеменің Атырау қаласында және Павлодарда зауыттары бар. Компания ішкі нарықты бензин және мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.