«Қошқар ата» өзені маңы у-шу

1040

«Қошқар ата» өзені маңы у-шу. Осы аумақтағы көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындардан да маза қашқалы қашан. Айтуларынша, өзенге келіп шомылушылар көліктерін кез-келген жерге қойып кетеді. Ретсіздіктен тіпті аулаға жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды. Күні-түні тынбайтын қозғалыстан ығыр болған халықтың жанайқайын әріптесім Мақпал Рысбаева жеткізеді.

Бұл аумаққа полиция экипажы күнде келеді. «Бірақ одан да қайран болмай тұр» дейді тұрғындар. Көліктерін аулаға ретсіз қойып кетіп, өзгелердің жүріп-тұруына кедергісін келтіреді. «Қылмыс орын алса, тәртіп сақшыларының өзі де кіре алмай қалады» дейді жұртшылық.

Ақнұр Пірманова, үй басқарушы: «Бізде ашық алаң жоқ. Балалар ойнайтын да жер жоқ. Көліктерін үйге тақап қояды, ештеңе істей алмаймыз».

«Қошқарата» өзені қазір шаһардағы бірден-бір тегін қызмет көрсетілетін демалыс аймағы. Суы да шипалы. Сондықтан болар, күн ысыса, көпшілік осы жаққа қарай ағылады. Таң сәріден басталған әрлі-берлі жүріс түнде де тынбайды екен. Ұрыс-керіс, у-шудан шаршаған халық қала әкіміне дейін шағымданыпты.

Әлфия Сибиргаева, тұрғын: «Тәртіп бұзып, көпшіліктің тынышын алғандар өзімізге ұрсып тастайды. Былапыт сөз айтады. Ауланың берекесі ұшып тұр. Барлық құзырлы органдарға хабарластық, қайран жоқ».

Көліктерін аулаға ретсіз қойып кете беретін демалушылардың кейде ескертуді де елемейтінін полиция өкілдері де жасырмайды. Сондықтан да күн сайын бірнеше рет әкімшілік хаттама толтыруға да мәжбүр. Алайда, бұл жерге бөтен көлікті кіргізбеуге олар да қауқарсыз.

Құсайын Манабаев, Әл-Фараби ауданы ЖПП взвод командирі: «Күніне орташа есппен 5 хаттама толтырамыз. Мұнда көліктерді қоюға рұқсат бермейтін жол белгісін қоюға болмайды».

Тұрғындардың шағымынан құлағдар болған жергілікті билік өкілдері де бой көрсетті. Алайда, басшыларынан аса алмаған жауаптылар қандай да бір сұхбат беруден бас тартты. Қалай дегенмен, қала басшылығы мен тәртіп сақшылары бірлесіп, нақты шараға кіріспесе «көресіні» демалушылардан көріп жатқан тұрғындардың түйіткілі шешіле қоймасы анық.

Мақпал Рысбаева