Үшінші мегаполисте даму дәуірі басталды

967

Күнгейде күлімдеп Шымкент тұр. Мұнда жыл он екі ай тамыздағыдай тамылжып, күні жайнап, халық нөпірі қайнап тұрады. Балағынан бала саулаған батыр аналары көп, бірді екі еткен еңбекқор халқы қашан да озат. Елді елең еткізер жаңалықтың дені Шымкенттен шығады. «Айды аспанға шығарғанда» да әмәнда алда.

Күні кеше мерейлі мекеннің тағы да бір мерейі асты. Шырайлы Шымқала миллионер қалалардың қатарына қосылды. Дұрысы халқы миллионнан асатын мегаполиске айналды. Қуанышқа қуаныш қосылып, облыстан еншісін алып, бөлек шықты. Шымкент енді облысқа емес, орталыққа тікелей бағынатын республикалық маңызы бар қалаға айналды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы жаңа атауға ие болып, Түркістан облысы атанды. Ендеше, шырайлы қала Шымкенттің айдарынан жел еспек.
Ғалымдардың болжамынша, Шымкент шаһарының жасы – 2200 жыл. Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Аталған дерек 2014 жылы археологтардың халықаралық ғылыми конференциясында мәлім болды. Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан мен Өзбекстаннан келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растады. Бүгінгі Ескі қалашық маңайындағы төбеде керуен сарай болғанын алға тартқан зерттеулер қала тарихы сол жерден басталғанын айтады. Тарихы ғасырларға жалғасқан көне қаланың ішіне бүккен сыры көп.

Бүгін…
Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис болатыны туралы Елбасы күнгейге ат басын бұрған сайын тілге тиек ететін-ді. Ақыры бұл шындыққа айналды. 17 мамырда қаланың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Шымкенттіктер мұндай қуанышты сәтті ерекше атап өтті. Миллионыншы сәбиге жомарт кәсіпкер Қ. Молдасейітов «Нұрсәт» шағынауданынан 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартты.


5 мамырда Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары кезектен тыс XXIX сессиясында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Ал 19 маусымда Елбасы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жарлық шығарды. Осылайша көне де жаңа қала еліміздегі он жетінші аймаққа айналды.


Әрине ерекше мәртебеге ие болған қала бұдан кейін дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болары сөзсіз.
Бүгінде қала аумағы 117 мың гектарды құрайды. Бұрын жалпы аумағы 40 мың гектар болатын. Қала аумағына Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан 40 елдімекен қосылды. Кейіннен қала аумағының ұлғаюына байланысты Қаратау ауданы құрылды.

Ертеңі…
«Енді миллионнан астам халқы бар Шымкенттің даму дәуірі басталады. Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар», – деді Мемлекет басшысы.

Шымкентте:
62 қонақ үй, 6 театр, 3 өнер ошағы, 7 ірі кітапхана, 3 мұражай, 1 зообақ, 1 дендросаябақ, 102 мешіт, 13 спорт мектебі, 78 туристік агенттік, қоғамдық тасымалмен айналысатын 30 көлік компаниясы бар. 8 саябақ, 32 гүлзар, 84 тұрғын үй алабы бар.
130 мектеп бар. Онда 178 297 бала білім алып жатыр. Балабақшалар саны – 459. Оның 88-і мемлекеттік, 351-і жекеменшік. Онда 69 764 бала тәрбиеленуде.
2042 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 340-ы 1960 жылға дейін салынған. 1703 үй содан кейін салынған. 2017 жылы 2012 көпқабатты үй болған.
Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының штат саны – 509.
Бүгінде Шымқалада 36 818 адам пәтер кезегінде тұр.

Мәртебелі миллионер қала атанған соң бюджетінің еселенгенін ескерсек қарқынды дамитынына күмән жоқ. Алдағы уақытта 27 бюджеттік бағдарлама әзірленеді деп жоспарлануда. Қаланың бюджетке байланысты көптеген ұсыныстар Үкіметке жолданады. Бұрынғыдай облыстық емес, енді тікелей республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Маңызды қала мәртебесіне ие болған соң қалалық әкімдікке қарасты бөлімдер қайта құрылымдаудан өтеді.

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
««Қала бюджеті жыл сайын артып отырған болатын. Республикалық маңызға ие болған соң әрине, тағы да көбеймек. Шымкенттің бюджеті бұрын 137 млрд. теңге болса, енді 2019 жылдан бастап 183 млрд теңгеге артады. Оның ішінде 64 млрд теңге өз табысы болса, 35-37 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, 18 млрд теңгесі субвенция. Қала әкімдігі қосымша берілетін функциялар есебінен қала әкімдігінің басқару құрылымының жобасын әзірледі. Атап айтқанда құрылымдық бөлімдер 14 басқарма болып қайта құрылса, жаңадан 8 басқарма құрылады деп отырмыз. Олар – Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, Қаржы, мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші қон, Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау, Бала және ана, дін істері жөніндегі, Денсаулық сақтау, ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер, отбасы, балалар және жастар істері, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы. Алдағы уақытта көптеген өзгерістер орын алады»
Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі «Shymkent city» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешенін атауға болады. Бұл аймақты қаланың ішіндегі қалашық деуге болады. 427 гектар аумақта құрылыстың қазаны қайнап жатыр. Жоба құрылысына республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінген. Құрылыс толықтай аяқталып тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде жаңа қалашықта 70 мың адам қоныстанады.
Алдағы уақытта қалада «Ақылды үйлер» жобасына басымдық берілмек. Кореялық «Highvill» құрылыс компаниясы осы заманауи үйлерді салады. Компания 160 млрд теңге шамасында инвестиция салмақ. Құрылыс алаңының жалпы ауданы 52 гектарды құрайды, 5500 пәтер мен 6700 орындық көлік тұрағы қаралған. Әкімдік «Shymkent City» аумағынан салымшыларға құрылыс үшін 51,5 гектар жерді бөлді. Бұған қоса алдағы уақытта қаланың жасыл аймағын 18 мың гектарға жеткізу жоспары бар. Алдағы уақытта Шымкент қаласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 1,5 миллион гектар болатын Шымкент агломерациясын іске асырылады. Өңірде жыл басынан бері 277 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Биыл 457 мың шаршы метр пәтер беріледі.
Темірлан тас жолы бойындағы «Бекжан» базары маңынан өтетін алғашқы жол айырығының бірінші кезеңі қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Жобаның жалпы құны 1 млрд 700 млн теңге. Мердігерлер нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл жол айырығының құрылысы 2017 жылдың шілде айында басталды.

Әлемдегі ең алғаш тұрғындар саны миллионға жеткен қала Рим қаласы екен. 1800 жылы оған Токио қосылыпты. Сол жапон елінің астанасы бүгінде тұрғын санымен әлемдегі ең ірі қалалардың көшін бастап тұр.
Қытайдың Гуанчжоу мен Шанхай қаласы, Индонезия астанасы Джакарта, Корея республикасының астанасы Сеул алғашқы бестікке енген. Ал көршілес Ресейдің астанасы Мәскеу 12,5 миллион тұрғынымен алғашқы жиырма қаланың қатарында.
Әлемде тұрғын саны миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионер қалалары көп елдердің көшін Қытай бастаса (96 қала), одан кейін Үндістан (37 қала), Бразилия (17 қала) мен Ресей (15 қала) тұр. Ал, көрші Өзбекстан Ташкентімен 43-орында тұр.
Біз Алматы, Астанамызбен 31-орынға жайғасыппыз… Енді миллионерлердің қатарына Шымкентттің қосылуымен бұл тізімде жоғары көтерілетініміз анық.

Бұдан бөлек тағы да 7 жолайырығы салынады. Олар — Жібек жолы — Сайрам, Бәйдібек би — Арғынбеков, Бәйдібек би — Астана, Бәйдібек би –Т. Назарбеков, Бәйдібек би – Қ. Төлеметов, Т. Рысқұлов – Қонаев көшесінің қиылысында жол айырықтары. Оған бөлінетін қаржы көлемі 2018-2020 жылдардағы жоспарда қаралған. Жол айырықтар құрылысына келер жылға жоспар бойынша 1 млрд теңге бөлініп отыр. Қалған сома 2020-2021 жылдарға қалған.
Қалада 55 мектеп салынатын болады. Айта кеткен жөн, Шымкентте жылына 10 мың бала дүние есігін ашады. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында тәулігіне 20 мың жолаушы өткізетін «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалы салынбақ. Сонымен бірге жүкті сұрыптау станциясы және үлкен автовокзал салынады деп жоспарлануда» деген еді. Ұзындығы 78 шақырым болатын «Қошқар ата» өзенін абаттандыру бойынша да бүгінде жұмыстар қызу жүргізілуде. «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында өзен жағалауын абаттандыру жұмыстарының алғашқы легі аяқталуға да таяу. Мұнда аспанмен таласқан биік үйлер салынбақ. «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезең бойынша жүргізіледі. Жоба бойынша, 208 мың шаршы метр болатын 3976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Қарасу» және «Қошқар-ата» өзендерінің бойы абаттандырылады. Өзен жағалауы халық серуендейтін демалыс орнына айналады. Д. Қонаев даңғылы «Ескі қалашық» арқылы ұзартылады. Яғни, жол құрылысының I кезеңінде Түркістан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін, ұзындығы 580 метр, ені 42 метрді құрайтын жол салынса, II кезеңде Әйтеке би көшесінен Володарский көшесіне дейін, ұзындығы 480 метр, ені – 42 метр болатын құрылыс жұмыстары атқарылмақ. Жалпы «Ескі қалашық» Шымкенттің тарихи бөлігіне айналады.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
«Шымкент қаласының бас жоспары 2025-2030 жылға деп бекітілген. Оған өзгеріс енгізу оңай емес. Бас жоспарға сәйкес енді егжей-тегжейлі қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіледі. Алда өзгерістер болуы бек мүмкін. Басты басымдық Шым сити, Тұран, Қонаев даңғылы, Ескі қалашыққа берілуде. Мегаполис болғаннан кейін қала тұрғындары үшін де, қонақтар үшін жайлы жағдай жасалып дәулетті де, сәулетті қалаға айналуы тиіс. Сондықтан да бүгінде «Ақылды қала» жобасы қолға алынуда. Инвесторлар келіп жатыр. Қаланың орталығы қайта құрылымдаудан өткізу үшін инвестор тарту жоспарда бар».

Гүлжан Жұмаш

«Оңтүстік Рабат» газеті

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж.