Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы — Шымкентте!

561

Үшінші мегаполис — Шымкенттің төрінде Елордамыздың мерейтойы тойланып жатыр. Астананың 20 жылдығы құрметіне орай, Бас қаланың мемлекеттік академиялық филармония ұжымы күнгейге гәстрөлдік сапарымен келіп, тұрғындарға ән-жыр тартуын жолдады. «Астанадан ақ тілек» атты кешке келіп, өнерпаздарға қолдау көрсеткен жерлестеріміздің де қарасы қалың болды.

«Қазақ» оркестріндегі — шалқыған шабыт, күмбірлеген күй мен саздың сыйқыры ә -дегеннен-ақ, әлем шығармаларымен үндесіп, келген көрерменді баурап алды. Көпшілік бір тыныспен күйдің құдыретін тапжылмай тамашалағанына куә болдық.

Айнұр Қонысбаева — Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі. Халықаралық ән байқауларының лауреаты. Дәстүрлі ән мен жырды жұртшылықтың алдында жасқанбай, ерекше құрмет-ықыласпен орындаған өнер иесі күнгейге келуде қоржынындағы шығармаларға талдау-таразылау жүргізгенін жасырған жоқ. Нәтижесінде, Тұрмағанбет Ізтілеуовтың «Тәлім» термесін тыңдарман қауымға тарту етті.

Айнұр Қонысбаева, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі: «Шымкент қаласы өте жақсы ықыласпен қарсы алды. Ал мерейтойлық кешке «Тәлім» термесін таңдап алған себебім, осы облыста қазақылықтың қаймағы-дәстүрі өте жақсы сақталған. Және бұл еңбекте халқымыздағы тәлім-тәрбие, әдет-ғұрып туралы көп айтылып, насихатталады. Бастысы, мен бұл шығарманы тыңдарманның жүрегіне жеткізе орындадым деп есептеймін».

«Астанадан ақ тілек» атты кеш — Елордамыздың 20 жылдығы құрметіне арналған мәдени жоба.  Бас қаланың мемлекеттік филармония ұжымы күнгейге мерейтойлық бағдарламасын таныстырып, құнды- қоржынындағы халық қазыналарын паш етті. Шетел шығармалары — әлем жаһұттарымен қоса, вальс падишаһы — Шәмшінің шығармаларын да шарықтай орындады.

Елордалық өнер ұжымы мерейтойлық бағдарламасының бояуы қанық болуы үшін, театрландырылған көріністің де көмегіне жүгінді. Тағлымды сәттер мен тарихи тұлғалар, өміршең өнер — ұлттық қазынаны ұлықтады. Айта өтейік, биыл Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қызметін бастағанына — 21 жыл толып отыр. Өнер жасағында 700-ден астам адам жұмыс жасайды.

Мөлдір Бекеева