Дәрігерлер жеткіншектің зорлануы мүмкін деген қорытынды берді

362

Әлеуметтік желілерде ер азаматтың кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты заңсыз іс-әрекеті туралы бейнематериал таралды. Елді дүр сілкіндірген іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы қала тұрғыны ұсталды. 11 жасар баланы зорламақ болғанын мойындаған ол қамауға алынды.

Шымкент халқын дүр сілкіндірген сұмдық жағдай осы көпқабатты үйдегі подъезде болған. Күдікті кісі алдымен есікті жауып, баланы бұрышқа тақап ұрып соғып, зорлық сипаттағы әрекеттер жасаған.

Оқиға орнында болған жағдай подъезге орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қала тұрғындары аталған видеоны желі арқылы таратып, педофильдің әрекетін қызу талқыға салды. Баланың жан даусын естіген егде жастағы азаматша подъезге кіріп, ер азаматты қуып шыққан.

«Баланың жан дауысы шықты. Тап біреу өлтіріп жатқан сияқты. Баланың жылағанын естідім. Ондай айқай бекерден шықпайды деп, көп қабатты үйдегі есікке қарай жақындадым. Есікті бар қолыммен ұра бастадым. Есікті аш деп айқайладым. Сол сәтте кішкентай бала ана еркекпен алысып жүріп домофонның тетігін басып үлгеріпті. Подъезге кірсем бала жылап отыр, денесінің барлығы қан. Басымнан, жағымнан ұрды деп айтты», — дейді оқиға куәгері.

Баланың туыстары дереу полиция шақыртқан. Сұмдық жағдайды тәртіп сақшылары естігенімен, мамандар оқиға орнына дер кезінде келе қоймапты. Тіпті жеткіншектің зорлануы мүмкін деген хабарды естіген полицейлер қылмыскерді құрықтаудың орнына, жайбасарлық танытты деп ашынып отыр.

Баланың әжесі: «Учаскелік полицией әйтеуір келді. “Қай жерде болды? Не болды?” деп сұраудың орнына әрекет етпеді. “Камераны көрсеңші» десек, “бізге оған доступ жоқ” деп сылтауы көбейіп кетті. Балам “іш киімді шешіп жіберді” деп жылаған соң ғана жедел жәрдем шақыртты. Дәрігерлер сондай жағдай болды дегенді айтқанда ғана жүгіріп кетті» дейді.

Аталған жәйт бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркелді. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, күдікті қолға түскен. Ол қамауға алынды.

Салтанат Қаракөзова, Облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды».

Ал педофильден қорлық көрген 11 жастағы балаға дәрігерлер медициналық көмек көрсеткен. Қазір ол ата-анасының қасында. Жәбірленушінің отбасы мәлімдегендей, дәрігерлер жеткіншектің зорлануы мүмкін деген қорытынды берген. Бірақ істің ақ қарасын алдағы медициналық сараптама жұмыстары анықтап береді. Қазір сотқа дейін тергеу амалдары жүргізілуде.

Лаура Нақыпқызы