«Оңтүстік Цирк» — бас жүлдені жеңіп алды

621

«Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалінде «Оңтүстік  Цирк» мекемесінің «Эксклюзив» тобы алтыннан алқа тағып жерлестерін қуантты. Жеңісіне ортақтасқан әріптестері оларды бүгін теміржол вокзалынан арнайы күтіп алды. Ал, өнерпаздар күтіп алушыларға ыстық ықыласымен қоса алғыстарын жаудырды. Сонымен қатар, фестиваль барысында алған әсерлі сәттерімен бөлісті.

«Біз «Өлім доңғалағы» атты өнерімізбен көпшілікті таң қалдырдық. Үш шеңберлі әрі аса қауіпті трюктерді еліміз бойынша алғаш рет біздің мекеме сахнаға алып шықты. Сол үшін өте қуаныштымыз. Бізді қолдап, сенім білдірген ұжымдастарымызға айтар алғысымыз шексіз. Біз әлі талай биіктерді бағындырамыз деп сенеміз», — дейді цирк әртістері.

Еске салсақ, 4-8 шілде аралығында Астананың туған күніне орай дәстүрлі түрде жыл сайын елордада өтетін цирк өнерінің додасына биыл Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Вьетнам, Ресей, Беларусь, Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия және Венгрия сынды 13 мемлекеттің 60-тан аса цирк майталмандары қатысып, бақ сынады. Осы тұста күміс жүлдені — Белоруссия елінің мәдениет майталмандары, қола жүлдені — Қазақ Мемлекеттік циркінің әртістері иемденді.

Айта кетейік, фестивальге құрметті қонақ ретінде Венгриядан танымал піл үйретуші Ричард Такас пен Украинадан шоу-бағдарламалардың жетекшісі Виктория Гриценко шақырылды.