Шымкент қаласындағы 22 басқарманы кімдер басқарады?

790

Шымкент қаласы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс. Қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттардың қарауына қала әкімінің жаңа орынбасарлары лауазымына бірқатар азаматтардың кандидатурасы ұсынылып, Президент әкімшілігінің келісімімен оларды қала әкімі тағайындады.

Шымкенттің депутаттары мен қала әкімдігінің аппараты түгел жиналған сессия республикалық маңызға ие мегаполистің басшылығында кімдер болатынын бекітіп берді. Ғабидолла Әбдірахымов ең алдымен өзінің бірінші орынбасары кім болатынын жариялады. Бұл сенімге Қайрат Нұртай лайық деп танылыпты.

Сонымен, Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары болып Гүлжан Құрманбекова, Нұрсадық Ергешбекұлы, Бауыржан Мамыталиев, Данат Жумин тағайындалды.
Ғабидолла Әбдірахымов осы лауазымдарда осыған дейін қызмет атқарған басшыларға алғысын білдірді. «Әр салаға жауапты болған бұрынғы басшылар қызметсіз қалмайды» дейді әкім.

250 мыңнан астам халқы бар қаладағы Абай ауданының әкімі де ауысты, Шымкенттің басшысы бұл лауазымға Төле би ауданын басқарған Бұқарбай Пармановты тағайындап, 5 жыл әкім болған Ахмет Татыбаевқа алғысын білдірді. Ал әкімдіктің аппарат басшысы қызметін бұған дейін облыста тәжірибе жинақтап, мәжілістің ұйымдастыру департаментінде шыңдалған Еркеғали Әлімқұлов басқарады. Бұл шешімдерді қалалық мәслихаттың депутаттары да бірауыздан қолдап, мақұлдады.

Алдағы 1 ай көлемінде Шымқалада жұмыс істейтін 22 басқарманы кімдердің басқарып, жүйелі жұмыс кімдерге тапсырылатыны нақтыланады. Жұмыс ауқымды және Астана мен Алматыдан кем түспей, жоғары деңгейде ілкімді істер атқару міндеті тұр. Жаңа белесті бағындыруда команданың осал болмауы сын болғалы тұр.

Зәуре Оралбаева