Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитеті мен Шымкент қаласы әкімдігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат екі тарапты мемлекеттік басқару, ғылыми зерттеулер саласында қарым қатынасты күшейтіп, қолдау көрсетуге міндеттейді.
Меморандум аясында бірлескен біліктілікті жоғарылату оқулары мен конференциялар ұйымдастыру жоспарланған. Ұлттық тамырымыздан нәр алып, құндылықтарды берік ұстанған Оңтүстік өңірі мен Шымкенттің әлеуметтік экономикалық ықпалын тілге тиек еткен Әлихан Бәйменов шымкенттік шенеуніктерге артылған сенім мен міндеттерге тоқталды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы шымкенттіктерді қаланың еліміздің үшінші мегаполисі атанып, жаңа статусқа ие болғанымен құттықтады.
«Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент қаласы әрдайым біздің мемлекетімізде өзіндік орны бар ерекше өңір, ерекше қала. Шымкенттің қазақ мәдениетінде де, қазақ қоғамында да өзіндік ерекше орны бар. Елбасының бұл шешімі баршаңызға жаңа міндеттер жүктейді. Сіздердің ұжымдарыңызға бүкіл Қазақстан шынын айтқанда, үлкен үмітпен, үлкен сын көзбен қарап отыр. Елбасының қойған биіктерге жету, сенімін ақтап, үдесінен шығу-абыройлы міндет. Біз бұл бағытта сіздерге жанашырмыз. Елбасының қолдауымен құрылған Астана хабы бүгінгі күні 40 мемлекетті біріктіріп отырған үлкен ұйым болғанымен, бірінші кезекте біз Елбасы саясатының өзіміздің бағытқа байланысты тараптарын Қазақстан үкіметін, әкімдіктерге көмектесуді міндетіміз етіп қойдық. Әкімдіктерге қолдау көрсету бізге міндет. Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі де мемлекеттік қызмет саласындағы үлкен маман. Осы саладағы бірнеше реформалардың басы қасында жүрген азамат. Бұл біздің ынтымақтастығымызды жеңілдететін фактор. Ғабидолла Рахматуллаұлымен бірнеше бағыттар бойынша пікір алмастық. ҚР Агенттігінің өкілдерімен де пікір алмастық. Бірнеше өңірде пилоттық режимде кадр іріктеудің жаңа тәсілдерін қолға алсақ па деген ой бар. Агенттік тарапына тиісті құқықтық нормативтік негіздеме дайындалған соң бірінші боп Шымкенттен бастамақ ойымыз бар»-деді өз сөзінде Әлихан Бәйменов.
«Біздің әкімдіктің қызметкерлері шет елдің озық тәжірбиелерін меңгеріп, оқып, білім біліктілігін арттырса, қаланы дамытуға септігі тиетін еді. Әлемнің ең үздік сарапшы кеңесшілерді осында шақыртып, семинар кездесулер өткізілсе деген ұсынымыз бар. Мұның барлығы халық үшін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік болар еді» — деді өз кезегінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов.
Жанар Есенбекова