Мемлекеттік қызмет саласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Шымкентте мемлекеттік қызмет саласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шарада қаланың 15 жергілікті атқарушы органы 30-ға жуық жұмыс орнын ұсынды. Сондай-ақ жәрмеңкеге еңбек нарығында сұранысқа ие басқа да салалар бойынша 20 жұмыс беруші мекеме қатысты. 

Әділхан Тұрысбеков бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне екі қолға бір күрек іздеп келіпті. 39 жастағы электрик маманы жәрмеңкеге келгеніне еш өкінбейді. Себебі тез арада-ақ өз мамандығы бойынша жалақысы көңілінен шығатын жұмыс орнын тауып үлгерді. Көпбалалы әке бірден жұмысқа кірісуге дайын екендігін айтады.

«Мен жұмыс іздеп келген едім. Міне, тауып жатырмын. Қазір айлығымен келісіп жатырмын. Осы жәрмеңкенің арқасында жұмыс тауып отырмын. Өз мамандығым бойынша жұмыс тауып, дүйсенбіден бастап жұмысқа кірісемін»,- дейді қала тұрғыны Әділхан Тұрысбеков.

Шымкентте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті, Шымкент қаласының әкімдігі мен қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда азаматтарға жұмысқа орналасуға қажетті мамандықтар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жәрмеңкеге білім, медицина, сауда және кәсіпорындар мен еңбек нарығында сұранысқа ие басқа да салалар бойынша 20-ға жуық жұмыс беруші мекеме қатысты.

Ардақ Қансейіт, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы:

«Ұйымдастырудың ең басты мақсаты – өңірдегі жастарды бос орындармен, мемлекеттік қызметте болып жатқан жаңашылдықтармен таныстыру. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар бойынша 30 шақты бос орындарды ұсынып отырмыз. Бізде бос орындар легі аумақтық органда да, жергілікті атқарушы органда да бар. Бірақ біз бүгін жергілікті атқарушы орган бойынша бос жұмыс орнын ұсынып жатырмыз.»

Мамандардың сөзінше, айтулы саладағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің басты мақсаты – мемлекеттік қызметке орналасудың жалпы тәртібін, іріктеудің уақытша қағидаларын түсіндіру және өңірдегі бос орындармен таныстыра отырып, жастарды мемлекеттік қызметке тарту.

Айта кетейік, биыл Шымкентте 40 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 2000-ға жуық тұрғын екі қолға бір күрек тапты.