Шымкенттіктер Астана күнін тойлап жатыр

667

«Астананы әнге қосқан Шымкент». Расында, дәл қазіргі сәттерде 3-мегаполистің тұрғындары бас қаланың туған күнін тойлап, мәре-сәре мерекелік күйге көшкен. Шаһардағы ақындар Елордамызға деген құрмет-махаббатын өлеңмен өрсе, өзгелері әнімен әуелетіп жүр. Сондай-ақ, осынау мейрам аясында жас қаланың өрлеп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың да еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Кеуделеріне мерейтойлық медаль тағынып, құрметке бөленді.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдаған. Дегенмен, Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің Жарлығымен Ақмоланың атауы 1 жылдан соң Астана болып бекітілді. Содан бері тура екі онжылдық өтті. Күн санап көркейіп жатқан Астана қазіргі таңда Шығыстың да, Батыстың да сәулеті мен өнерін, даму бағыттарын өн бойына үйлестіргені қуантады.

Астананың мерейлі мерекесі қарсаңында төрткүл дүние көз тіккен бас қаланың саяси-экономикасына, әлеуетіне сүбелі үлесін қосқан азаматтардың еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Алғыспен марапатталып, құрметке бөленді. Кеудесіне мерейтойлық медаль тағынғандар қатарында «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева да бар.Зәуре Оралбаева

Зәуре Оралбаева, «Отырар» ТА бас редакторы: «2011 жылы журналистер Астанаға барып, ондағы тыныс-тіршілікпен таныстық. Халықтың әл-ауқатын, өзге де ақпараттарды жинақтап, жұртшылыққа, көрерменге ұсындық. Одан бері талай рет іс-сапармен барып, қаланың жетістіктерін де халыққа айтып, көрсетіп, құлағдар етіп келеміз. 2017 жылы халықаралық «Экспо» көрмесіне де атсалыстық, бір емес, 7-8 рет біздің түсірілім тобы барып, әрбір павильонның мән-мазмұнын, көпшілікке берерін біліп, көзі қарақты көрерменге кеңінен таныстырды. Міне, бұл марапат — сол жұмыстың жемісі! Менің ғана емес, барша ұжымға табысталған медаль деп білемін!».

Астанаға арнау жазып, алтын қаламның иегері — жыл ақыны мәртебесін жеңіп алған жерлесіміз Дәурен Айманбет те мерекеде жыр-тартуын жолдады. Елордамызға деген құрмет-махаббатын, риясыз сезімін, өлеңмен өрген өнер иесі қаланың сұлулығын сөйлетіп, шығармаға етене енуінің құпиясын жасырған жоқ.

Дәурен Айманбет, ақын: «Менің бұл қаланы соншалықты жақсы көріп, өлең арнауымның себебі де жоқ емес. Студент кезімде демалыс күндері Елордамызға жиі жол жүретінмін. Сондағы мақсат — жүріп жатқан құрылысына жұмыла жұмыс жасап, тапқан теңгеме мәзбін. Қазір сол алып шаһардың гүлденуіне, кірпішін қалауға менің де үлесім бар екенін ойласам, бойымды мақтаныш сезімдері кернейді. Сол марқаю, сол махаббаттан өлең туып, оқырмандарға жол тартқан жәйі бар».

Бірі әнге, енді бірі жырға қосқан Елорданың абыройы асқақтай берсін. Жиырма жылда әлем астаналарымен терезесі теңескен қала әрбір қазақстандықтың мақтанышы.

Мөлдір Бекеева