Солтүстікке көшкендер

901

Газетіміздің алдыңғы санында «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасына қалай қатысуға болатынын, қандай жеңілдіктер жасалып, қандай көмек ұсынылатыны, кімдер қатыса алмайтыны туралы жаздық. Содан кейін біраз оқырман хабарласып, өңірімізден солтүстікке қоныс аударып, сонда тұрып жатқан отбасылар туралы да мақала әзірлеуді ұсынды. Сол себепті газетіміздің осы нөміріндегі мақала бағдарламаның ұсынған мүмкіндіктерін пайдаланып, солтүстікке қоныс аударғандар тақырыбына арналды.

Павлодар тұрғынына айналған Арман
Арман Иса қазір Түлкібас ауданының тұрғыны емес. Ол 2017 жылы Павлодар облысына көшіп кеткен. Айтуынша, «Инженер» мамандығы бойын-ша дипломы бар. Бірақ 2016 жылы аудандағы мекемелердің бірінде қысқартуға ілігіп, жұмыссыз қалады. Содан бері өз саласы бойынша жұмыс таппай, жалдамалы қара жұмыста істейді. Үш баланы асырап отырған әке мардымсыз жалақыдан шаршап, «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасына қатысады.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша аталған облыстардағы тұрғын саны

СҚО – 558,6 мың адамды;
Павлодар облысы 759 223 адам;
ШҚО – 1383,6 мың адам;
Қостанай облысы – 883,9 мың

Арман Иса, Бұланбай ауылының тұрғыны:
– Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, сауалнама толтырып, бағдарламаға қатысу үшін өтініш қалдырдым. Ертеңіне-ақ орталық мамандары хабарласып, шақырды. Барған кезімде қай өңірлерге квота бөлінгенін, менің және келіншегімнің мамандығы бойынша қай облыс жұмыс ұсынып отырғаны жайлы айтып берді. Павлодар облысы көңілімнен шыққан соң, сол жақтағы жауапты мамандарға менің өтінішімді жіберді. Олар да бірден хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Отбасыммен бірден көшер алдын, танысып қайтуыма болатынымды да ескертті.

Арман мамандардың берген кеңесіне жүгініп, қоныс аудармас бұрын, Павлодар облысына барып, жағдаймен танысқанын айтады. Айтуынша, оларға Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Бұланбай ауылына көшу ұсынылған.

– Барған кезде сол жергілікті билік өкілдері өздері күтіп алып, арнайы уақытша тұру орталықтарына орналастырды. Айта кетейін, сол жақтың қызметкерлері өзім алдын ала жос-парлап келген немесе басқа да қосымша аудан-қалаларды аралатып, үй-жай, мектеп, болашақта жұмыс істейтін орындармен таныстырады. Әрі қарай шешімді қабылдайтын өзің. «Міндетті түрде көшуің тиіс» деген шарт қоймайды,-дейді ол.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші қон бөлімі тел:
30-10-43

Бұланбай ауылы Арманға ұнап, бір апта көлемінде әйелі және үш баласымен көшіп барады. Ауылдың орталығындағы үйлердің біріне жайғасып, балаларын қазақ мектебіне тіркейді. Сол уақыт аралығынды Арман сондағы «Абай» ЖШС-іне инженер болып жұмысқа орналасып, әйелі Лаура Демесінова еш қиындықсыз ауылдағы мектепке тарих пәнінің мұғалімі ретінде қабылданады.
Көшіп барғандарына 1 жыл болған берекелі отбасы қиындық көрмепті. Тек үй, квота ғана емес, отын-көмір, азық-түлік жағынан да жәрдем көп болыпты.

«Солтүстіктің ауасы – баламның еміне шипа болды»
Ал Гүлшат Ақназарова мен Ғани Еділбековтың шаңырағы ақша, жұмыс немесе үй қажеттілігінен көшпеген. Айтуларынша олар бұл бағдарламаға – баласының денсаулығы үшін қатысқан.

Гүлшат Ақназарова, Шалбай ауылының тұрғыны (Павлодар облысы, Шарбақты ауданы):
Баламыздың денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін өз кіші Отанымызды тастап, жат өңірге бет алдық. Өзім Шардара ауданындағы орталық ауруханада 12 жыл акушер болып жұмыс істедім. Күйеуімнің де тұрақты жұмысы бар еді. Бірақ, үлкен баламның бас сүйек қысымы болғандықтан, ауасы салқын жаққа көшу керек болды. Павлодар облысынан делегаттар келген кезде, сол семинарға қатыстым. Келген түсіндірушілердің қатарында Шарбақты ауданы ауруханасының бас дәрігері болды. Сол кісі еш қиындықсыз жұмыс тауып беретінін, келіп ауылмен таныс деген соң, еш ойланбастан барып көрдім. Орманды, ауасы таза жерді іздеп, тұрғындардың кеңесімен Шарбақты ауданына қарасты, Шалбай ауылын таңдап, үйдегілерге айттым. Сонымен 2017 жылдың желтоқсанында үш балам мен күйеуім бесеуіміз Павлодарға көшіп келдік.

Шалбай ауылында Оңтүстіктен көшіп келгендер үшін арнайы салынған 24 пәтерлі жаңа үй бар екен. Кейіпкерімізге сол үйден 3 бөлмелі пәтердің кілті беріледі. Екі баласын қазақ-орыс мектебіне тіркеп, кенже баласын 15 күннің ішінде балабақшаға кезексіз жайғастырады. Гүлшат 5 күнде аудан ауруханасына акушер болып, ал жолдасы аудандық мекемелердің біріне аспаз болып орналасады. Ал уәде берілген квота, ай сайынғы қосымша қаржылай көмек жағынан да еш мәселе туындамайды.
Гүлшаттың сөзінше, жап-жаңа , барлық жағдай жасалған үйге айына небәрі 2000 теңге пәтерақы төлейді, одан бөлек коммуналдық шығынның барлығы үшін бір жыл көлемінде қосымша ақша алады екен. Ең бастысы, бауыр еті баласының денсаулығының жақсарғанына қуанышты.

Басқа өңірде өз кәсібін дөңгелеткендер аз емес
Сондай-ақ алдын көріп-білмеген жерге барып, өз кәсібін дөңгелетіп жүргендерде баршылық екенін байқадық. Мысалы Береке Сүттібаев 2016 жылы Ордабасы ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданына қоныс аударған. Кейіпкеріміз ауыл әкімдігіне статист болып жұмысқа орналасады. Одан бөлек, аз пайыздық мөлшерлемемен несие алып, әйеліне әр түрлі тоқаш өнімдері мен торт пісірумен айналысатын кәсіп ашады. Сондай-ақ өзі 10 асыл тұқымды қара мал алып бағып, жақсы тұрмыс кешіп жатқанын айтады.
Бұл біз келтірген үш мысал ғана.


– Шын мәнінде, олардың қатары жыл, ай санап өсіп жатыр,-дейді ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші қон бөлімінің бас маманы Дамира Ешенқұлова.

2018 жылдың 6 айында 376 адам қоныс аударды
Дамира Ешенқұлованың айтуынша, 2015-2017 жылдары облысымыздан 1392 отбасы мүшесі бар 173 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Әр отбасынан кемінде 1 адам жұмыспен қамтылып, жеке шаруалармен айналысып жатыр екен.
Ал 2018 жылдың 1 маусымына дейін солтүстік өңірлерге 80 отбасы 376 адам қоныс аударыпты.
Оның ішінде:
Солтүстік Қазақстан облысына
51 отбасы (260 отбасы мүшесі) :
Ақжар ауданы-8
Аққайың – 2
Есіл– 1
Жамбыл – 5
Мағжан Жұмабаев – 10
Қызылжар – 4
Мамлют – 3
Ғ.Мүсірепов – 5
Тайынша – 4
Тимирязев – 3
Уәлиханов – 3
Петропавл қаласы– 3

Павлодар облысына
20 отбасы (84 отбасы мүшесі):
Павлодар қаласы– 4
Ақсу – 2
Екібастұз – 2
Ақтоғай – 1
Баянауыл – 2
Железин– 2
Ертіс – 6
Шарбақты аудандары

Шығыс Қазақстан облысына
6 отбасы (18 отбасы мүшесі):
Өскемен қаласы – 2
Риддер – 3
Шемонаиха – 1

Қостанай облысына 3 отбасы (14 отбасы мүшесі):
Қостанай қаласы – 1
Таран – 1
Рудный – 1 аудандарына қоныс аударған.

Көшкендердің басым бөлігі – Шымқаланың тұрғындары
Бас маманнан тұрғындар өңіріміздің қай аудан-қалаларынан кеткенін де сұрап білдік. Айтуынша көшіп кеткендердің басым бөлігі Шымкент қаласының тұрғындары. Атап айтқанда:
Шымкент қаласынан 15 отбасы( СҚО-ына 15, Павлодар Облысына 5, ШҚО-ына 1, Қостанай облысына 3 );
Түркістан қаласынан 5 отбасы (СҚО-ына 4, Палодар облысына 1);
Арыс қаласынан 2 отбасы ( СҚО-ына 1, Павлодар облысына 1);
Кентау қаласынан 1 отбасы (Павлодар облысына 1);
Төлеби ауданынан 2 отбасы ( СҚО-ына 2) ;
Қазығұрт ауданынан 4 отбасы (СҚО-ына 4 );
Ордабасы ауданынан 6 отбасы (СҚО-ына 4, Павлодар облысына 2);
Сарыағаш ауданынан 9 отбасы (СҚО-ына 6, Павлодар облысына 3);
Сайрам ауданынан 11 отбасы (СҚО-ына 8, Павлодар облысына 2, ШҚО-ына 1);
Мақтаарал ауданына 5 отбасы (СҚО-ына 3, Павлодар облысына 2);
Бәйдібек ауданынан 1отбасы (СҚО-ына 1) ;
Түркібасы ауданынан 3 отбасы (СҚО-ына 2, Павлодар облысына 1);
Отырар ауданынан 5 отбасы (СҚО-ына 1, Павлодар облысына 1, ШҚО-ына 3);
Шардара ауданынан 1 отбасы (Павлодар облысына 1) қоныс аударған.

Дамира Ешенқұлова көшіп қоныс аударғандардың жас ерекшелігіне де тоқталды. Мәліметінше, көшкендердің басым бөлігін 18-35 жас аралығындағы азаматтар, олардың саны– 192 адам, 18 жасқа дейінгілер – 139 адам, ал 45 адам 35 жастан асқандар.
– Көшіп кетушілердің 80 пайызы квота және жұмыспен қамтылу мақсатында, 15 пайызы өз кәсібін ашуға, ал 5 пайызы басқа себептер бойынша (денсаулық, туыстарына жақын көшіп бару, т.с.с) қоныс аударуға ниет білдірген,-дейді Дамира Ешенқұлова.
Маман 2018 жылы ОҚО-ынан солтүстікке қоныс аударушылар үшін 1706 квота бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде СҚО-ына – 690, ШҚО-ына – 364, Қостанай облысына – 272, Павлодар облысына – 380 отбасыға бөлінген.

Дамира Ешенқұлова, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, көші қон бөлімінің бас маманы:
– Біздің облысымыз бен солтүстік өңірлерінің халық санын салыстыруға келмейді. Ол жақта халық аз, ал ұсынып отырған жұмыс орындары көп. Бізде, керісінше, халық тығыз орналасқан, жұмыс аз. Ал бұл бағдарлама біздегі жұмыс күшін солтүстіктегі бос орындарда тиімді пайдалануға бағытталған. Бағдарлама өз нәтижесін беріп жатыр, кеткен азаматтарымыздың барлығы жұмыспен қамтылды. Біздің басқармадан арнайы комиссия құрылып, 5 ай сайын солтүстік өңірлерге барып, көшкен азаматтарымызбен жүздесіп қайтамыз. Ұсыныс, пікірлері болса, сол жердегі жергілікті билік өкілдеріне жеткіземіз.

Мамандардың айтуынша, солтүстікке қоныс аударуға ниет білдірушілердің қатары өсіп келеді. Жыл басынан бері тағы 726 азамат отбасымен бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген. Ал бағдарламаға қатысудың жолдары, қатысушыларға жасалатын жағдай туралы «Оңтүстік Рабат» газетінің өткен №26 санындағы «Солтүстікке қоныс аудару: о жақта не ұсынады?» атты мақаладан оқи аласыз.

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті

№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.