Еліміздегі ірі мегаполистерде енгізілген қоғамдық көліктердегі электронды билет жүйесі Түркістан облысында да қолға алынғалы отыр. Ол үшін көлік саласы бойынша жол картасы жасалынған. Бүгінгі күні көлік компаниялары мен инвесторлар арасында электронды билетті енгізу туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл жүйенің тиімділігі көп. Өркениеттің соны үлгісін қолдаушылар жетерлік. Бұрынғыдай сағаттап сарғайып автобус күтіп тұрмайды. Мобильді қосымша арқылы автобустың қай уақытта келетінін де біліп отыруға болады. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшылығы хабардар етті.
Пилоттық жоба алдымен Түркістан қаласындағы № 1 бағыттағы қоғамдық көліктерге енгізіледі. Ол әзірге 21 автобусқа қойылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, электронды билет жүйесі орнатылмақ. GPS те қойылады. Қанатқақты жоба аяқталған соң электронды билет жүйесі 270 автобусқа енгізілетін болады. Киелі шаһарда инвесторлар есебінен 1 «ақылды» аялдама және 5 жарнама стэллдерін орнату жобалануда. «Ақылды аялдамалардың» да артықшылықтары көп.
Бастар Есқараев, Түркістан облысының Ақпаратттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы: «Түркістан облысында №1 бағытқа 21 автобус алынды. GPS қойылып жатыр. Электронды билет жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан жоба. Жолаушы автобусты күтіп тұрмайды. Мобильдік қосымша арқылы №1 бағыттағы автобус нешеде келетінін біліп отырады да сол уақытта шыға салады үйінен. Уақыт үнемдеуге сеп… Электронды билет болғаннан кейін жымқыру деген болмайды. Жұмыс берушіге ақша көп түскен сайын салық көп төлейді. Сосын автобус паркін жаңартады. Ең бастысы қоғамдық көлікке орнатылған арнайы жүйе арқылы автобустың қай жылғы екенін, жүргізуші туралы, автобустың қай кезде техникалық тексеруден өткені жайлы біле алады. Ауданаралық автобустарда да GPS жүйесі қойылады».