«Амал жоқ, бала-шағаны бағу керек…»

617

Қарық қылмаған нарық заманында нәпақа табу жолында жүрген нәзікжандылар көп. Тым көп. Жаңа ғасырда «мынау еркектің жұмысы, мынау әйелдікі» деп таңдап жатқандары жоқ. Жұмыстың табылғанына шүкір дейтіндер жеткілікті. Жаулығы жалбырап көше сыпырып жүрген де, бизнесті ұршықша үйіріп жүрген де әйел. Ғарышқа да ұшты, теңізге де түсті, таудан да асты, тасты да үңгіді, билік пен бизнесте де жетістіктерге жетті. Гендерге көрік беретін керемет көрсеткіш көп. Басты нысанамыз – молшылықта масығып жүргендер жайлы емес, жанбағыстың жарапазанымен тамшылатып тер төгіп, адалынан нан тауып жүрген қарапайым еңбек адамы жайлы… Баланы да бағып, күйеуін де күтіп, қоғамға да еңбек сіңіріп, демографияға да дүркірете үлес қосып жүрген әйел-аналар жайлы толғанбақпыз…

«Ноқталап жатқан ешкім жоқ»
Таңертеңімен жұмысқа келе жатқанда айналаны тап-тұйнақтай етіп сыпырып, тазалайтын көше сыпырушыны көптен бері сырттай бақылап жүрмін. Бір тынбайды. Қашан көрсең қоқысты үйіп, айналаның тазалығы үшін тынбай еңбектенеді. Өзгелер сол еңбегін бағаласа ғой. Қайдағы. Балмұздақ, тәттілердің сыртқы қорабын лақтыра салады. Су қалбырларын шашып кетеді. «Мына жерді қазір ғана сыпырып кетіпті-ау» деген ой миларына кіріп шықсашы. Өз үйлерінде өйтпейді ғой, шіркін. Қоғамдық орынды да өз меншігіндей көретіндер аз ғой… Ал көше сыпырушы ешкімге өкпелемейді. Үнсіз, тілсіз ғана өз міндетін атқарады. Аптап ыстықта да, қақаған қыста да бір тынбайды. Тіпті төпелеп жауған ақ жауынға да қарамайды. Аяқтан өткен сыз, маңдайдан өткен ыстыққа қарауға да мұршасы жоқ. Үйінде бір қора бала-шаға. Асырап бағу керек. Оқыту керек. Қатарынан кем қалдырмау керек. «Балаларын қанаттарын қатайтып, ұяларына қондырса, «бақыт» деген сол» деп түсінеді. Осы үміт, осы сенім алға жетелеп отырған.


Гүлдана Бестаеваның көше тазалаушы болып жұмыс істеп жүргеніне де 10 жылдан астам уақыт болыпты. Дағдарыс кезеңінде қаржыдан қысылып, осы жұмысқа да әрең тұрғанын қинала еске алады. Бірақ дегенмен бұған да шүкір етеді. Алатын жалақысы – 54 мың теңге. Жұмыс ауыр. Төленетін ақы еткен еңбекке қарай болса ғой. Бірақ қайдан?
Бүгінде бәрі де қымбат, коммуналды қызмет ақыларының арзандағанын көрген көз жоқ, қымбаттамаса. Бір қап ұнды 4 500, 5 литр майды 3 мың теңгеге алады. Оның үстіне ай сайын төлейтін несиесі бар. Бірақ жалақыны көбейтетін шығар деген үміті басым. Жұмыстың ауырлығына ауыр енді…

«Оқу жылы басталуға аз ғана уақыт қалды. Оқушылар, студенттер көбейеді. Сол шақта қоқыс та көбейіп кетеді. Көшеге сусынның ыдыстарын, қағаз лақтырып кетеді. Көлікте кетіп бара жатқандар да қоқысын кез келген жерге лақтыра салады. Жарнама деген де қиын. Жөндеп жапсырмайды, желмен ұшып, қоқысты көбейтеді. Таңертең сыпырған көше түс қайта бәз баяғы қалпына түседі. Бастықтарымыз көрмейді емес, көреді, дегенмен еңбегімізді бағалайды. Қазір ғана сыпырсаң қазір шашып кетеді. Қыстың күндері қар күрейміз. Қолмен жол тазалаймыз. Адам көп жүретін көшелерді, өткелдерді, аялдамаларды қардан аршимыз. Қажитын кездер болады»

Кейіпкерімнің 5 баласы бар. Күйеуі жұмыссыз. Балаларына көмек ақша алмайды. Тек бір айлыққа қана күнелтуге тура келеді.

«1 балам ғана жұмыс істейді. Екеуі мектепте. Екеуі базарда сауда жасайды. «Базар» деген белгілі ғой, бірде сауда болады, бірде жоқ. Олардың да өз бала-шағалары бар. Өз отбасынан артылмайды. Қосымша табыс көзі жоқ. Оқу жылы басталғаннан-ақ уайым. Балаларыма мектепке киім алуым керек»
Гүлдананың бүгінгі уайымы осы.

«Қыстың күндері суық өтіп кетеді. Ал бүгінде күн ыстық, 50 градустан да асық-ау, шамасы. Аптапта көшеде жүру қиын. Жұмысымыз солай болғаннан кейін атқарамыз да. Басшыларымыз дәл қазір ноқталап жатқан жоқ. Кейде көлеңкені саялап, шамалы демаламыз. Көшедегі көліктің көптігі «ұрып» тастайды. Асфальттың ыстығын қосыңыз. Қаншама газ жұтамыз… Бір айлық ары тартса ары, бері тартсаң бері жетпейді. Бір айлықты екінші айлыққа жеткізе алмаймын. Тамақтың бәрі қымбаттап кетті. Амал жоқ тағы да несие аламыз. Содан соң соны төлеп жүреміз»

Жұмыстары таңғы сағат алтыда басталады. Ол үшін 4-те тұрады. Қала сыртында тұрғаннан кейін сағат 5-ке таяу арнайы көлік келіп алып кетеді. Таңғы алтыдан басталған жұмыс күн шақырайып тал түстен асқанша жалғасады ғой. Түскі уақытта үйден алып келген ас-ауқатымен тамақтанып алады.

«Күнкөрістің амалы. Шамалы болса да жалақы қосса. Бір қап ұнның емес, екі қап ұн ала алатындай айлықты қосса деген арманым, ниетім бар. Қыста жылу ақысы 25 мың теңгеге дейін барады. Мен сияқты көпбалалы аналар көп. Жалғызбасты аналар бар. Пәтер жалдап тұратындар көп. Олардың да несиесі бар. Оқуға түсіріп жатқан ұл қыздары бар. Кейде қосымша жұмысқа алып қалады».

Астанадан шенеуніктердің келіп-кетуінде де көше сыпырушылардың еңбегі зор. Тал-дарақты ақтайды, сылайды. Тап-тұйнақтай болып тазалық орнауы үшін көп тер төгеді. Желтоқсан көшесі бойымен Мәделі Қожа көшесіне дейінгі жерді сыпырып тазалау міндетіне кіреді. Екі бағдаршамның аралығы. Көше бойларының тазалығын бригадирлер тексеріп тұрады…

Зейнеткерлікке шығуына да аз қалыпты. «Одан кейін жұмыс істеу қиынға соғатын шығар» дейді. Негізінде екі көшенің бойында екі адам тазалауы тиіс. Алайда жұмысшылар жетіспегендіктен амал жоқ, істеуге мәжбүр.

«Қатігез қоғамда мейірімі мөлтектеген жандар да бар. Қыстың күндері аялдамаларды қардан арши алмай жатқан кезде жастар келіп көмектесіп жібереді. Риза боласың. Тәрбие берген атасына рахмет айтасың. Биыл қыста бір топ жастар жүрегімізге жылу ұялатып ыстық шәй, тәтті бәліш беріп, гүл сыйлап қуандырып қойды. Бәрі өзді өзі қарақан басын ойлап кеткен заманда кішкене ғана назар аударғанның өзі қоғамда да біздің орнымыз бар екенін білдіреді. Кеудеңе қуаныш ұялатады»

Өмірге өкпесі жоқ. Жұмысының барына қуанады. Бала-шағасының қарны тоқ болса, уайымы жоқ болса, болғаны. «Жұмысым ауыр, жалақым аз» деп айқұлақтана айқайға басып жатқан жоқ. Қанағатшыл. Кейде «қоршаған ортаның тазалығы үшін қызмет етіп жүрген жандардың жалақысы әлдеқайда жоғары болуы керек емес пе» деп те ойлайсың. Бірақ сажайлы орындықта, салқын кабинетте сегіз сағат шалбарын орындыққа үйкеп, бейнеті ауыр әйелдердің тағдырын ыңырана-ырғала шешетін мемлекеттік машинаның рулінде отырған мамонт-шенділер қолына калькулятор алып аз ғана айлықта отбасындағы 5-7 адамға қалай жеткізуге болатынын қайыра бір есептеп көрсе. Немесе өздері сол жалақыға бір ай күнелтіп көрсе ғой. Бірақ… Бірақ…

«Сауда шешендікке үйретеді»


Жанар – сатушы. Базарда әйелдердің киім-кешегін сатады. Жап-жас келіншектің осы салада нәпақа тауып жүргеніне де біршама уақыт болыпты. Сауданың қыр-сырын жетік біледі. Сайрап тұр.
«Сауда шешендікке, көсемдікке үйретеді. Бұрын көп сөйлемейтінмін. Базар менің екінші қырымды ашып бергендей. Алдыңа келген сатып алушының тамырын басып, сатып алуына септесуің керек. Алдыңда тұрған тауарыңды тіліңнің майын тамызып мақтамасқа амал кем. Әйтпесе, өтпейді. Олай болмаса, тауарыңды кім алады? Сондықтан да сауда ептілікке, сөзшеңдікке үйретеді»
Жанына бататын жайттар да жоқ емес.
«Тапқанымыз тамағымыздан артылмайды. Үйіміз жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Базарға шықпасқа еш әддім жоқ. «Жолдасыма болысайын» деп тыраштанамын. Бірақ жетпейді-ау, жетпейді. Сонда біз қашан үй сатып аламыз, қашан жайлы өмір сүреміз» деп ойға батамын»
«Саудада статист болуы керек» деген ұстанымы да бар. Яғни, тауардың есебі бөлек, бұдан басқа былтырғы сауданы, биылғы сауданы да салыстырып отырады.
«Былтырға қарағанда биыл сауда «өлді». Алдын басқа базарда жұмыс жасағам. Күніне 20 көйлек сататынмын. Мұнда ең төменгі шегіне түсіріп берсең де өтпейді. Әпкем Қытайдың өзінен алып келеді. Барады. Бір-екі күн сонда болады. Жатын орны, жамбас пұлы бар. Тамағы дегендей. Үстіне аздап қана қосамыз. Бәсекелестер көп. Мен арзан бермесем – басқалар береді. Бәрінікі бір тауар».
Мамандығы бойынша неге жұмыс істемейтінін сұрағанбыз. Медициналық колледжді бітіріпті. Медбике болып жұмыс істеу оңай емес. Жауапкершілігі жоғары дегендей. Оның үстіне қазір қайда барсаң да парасыз жұмысқа алмайды. Сұрағанын тауып беру де оңай емес. Ал «базар сауда ғой» дейді.
Бүгінгі сауданың бет алысын байқастап көрмек болғанбыз.
«Маусымына қарай, тауар келгенде басқы кезде жақсы өтеді. Одан кейін бағасын төмендетуге тура келеді. Ол да проблема. Бір ай өткен соң тауарыңыздың қалдығы екені білініп қалады. «Тауарный вид» болуы керек. Сөреде тұрып қалған соң, шаң болады. Келбеті кете бастайды. Бағасын жерге ұрып бересің. Бір көрген адам «сол тауар әлі тұр» деп алмайды. Тапқан айлығым азық-түлікке ғана кетеді. Күйеуімнен ақша сұрамаймын. Ай сайын салық, жалға алған орныңа төлейсің. Түскі асың бар. Баратын, қайтатын жолақың бар… Оңай жерде нан жоқ».

«Баланың қоларбасы – жылжымалы дүкен»


Баланың жылжымалы бесігі сауда нүктесіне айналыпты. Кәдімгі бүлдіршіннің қоларбасы. Үсті толған тағам, сусын, ыдыстар. Алып жүруге ыңғайлы. Бала тербетуге арналған дүниенің дүкенге айналғаны-ай…
Махаббат Жиенқұлова, бәліш сатушы:
«Базарды аралап сауда жасаймын. Бәліш, гамбургер, сусын, ыстық шәй сатамын. Алған затымыздың үстіне 20-30 теңге ғана қосамын. Қымбаттау болса ешкім алмайды. Базарда сауда жасағаным үшін күндігіне 700 теңге төлеймін. Күнде әйтеуір бұйырғаны болып жатыр. Бидай көжені базарком саттырмайды. «Сусынды да сатпа» деп тыйым салуда. Бәлішті түске дейін сатып бітіруім керек. Әйтпесе, ашып кетеді. Ыстық шәй сатамын. Коладан пайда қалмайды. Гамбургерді өзім істеймін. Түстен кейін кекс сатамын… Қиындығы жетіп артылады. Үйде отырсам бала-шағамды кім асырайды? Кейде кішкентай қызымды кімге тастарымды білмей қасыма ертіп аламын. Менімен бірге қатарларды аралап, кешке дейін сілесі қатып, шаршайды. Жалақысы көп жұмыс болса, екі күндік демалысы бар, балаларымның бақшасына ақысын төлеп, салқын кабинетте отырғанға не жетсін, шіркін? Жасым біразға келді. Медициналық училищені бітіргенмін. 2010 жылы Ташкенттен көшіп келдік. Ол жақтың дипломы бұл жаққа жарамайды екен. Укол салуды білемін. Бірақ бәрі өзгеріп кеткен. Амал жоқ, базарға шығып кеттім. Стажым жоқ. Бірақ қазір медбикелердің айлығы аз ғой, 40 мың теңге, ары кетсе 60 мың теңге алады. Ол қай жыртыққа жамау болсын?! Жазда аптап ыстықта сусынды көп алады, ал қыста ыстық шәй жақсы өтеді. Жазда сауда онша емес. Табасың. Бірақ қиын. Аяқтан аяқ қалмайды. Осы ғой енді. Қиыншылықпен табамыз. Бірақ адалынан… Өткелде тұрып қалсаң әркімнен бір сөз естисің. Ұрысып, таласып жүріп табасың нәпақаңды. Қатарлардың арасы тым тар. Оған кірсең адам көп. Шыға алмай қаласың. Амал жоқ, бала-шағаны бағу керек…»

«Кедендегі кермеден өту қиын…»
Жеңіл өнеркәсібінің жолы ауыр болып тұрған елімізде киім-кешек шығарылмайды. Амал жоқ, сырттан тасимыз. Жалаңаш қалмас үшін…
Базарда киім сатушылардан бөлек, соны теңіз асып, тау басып шетелден тасымалдайтындар көп. Эльмира Бөриеваның бұл салада нәпақа тауып жүргеніне біраз уақыт болыпты. Өзінің арнайы мамандығы жоқ. Мектеп бітірген соң кірпіш зауытында бірнеше жыл жұмыс істеген. Тұрмысқа шыққан соң да қанша жыл үй шаруасымен отырыпты. Бір жолы «еден жуатын болса да жұмысқа тұрып алайын» деп бір мекемеге барған екен. Сөйтсе «жұрт менсінбейтін еден жуушының жұмысы да жас талғайтынын сол кезде біліппін» дейді. Ондағылар «25-30 жастағыларды аламыз» деп қайтарыпты. Содан жұмыс істеуден үмітін үзіп, саудаға бет бұрған. Қырғы базардан орын алып сауда жасауға кіріскен. Ол кезде тауарды «Бекжан» базарынан алатын бәрі де. Кейін өртеніп кеткен соң тауар әкелу қиындаған. Содан кейін Бішкекке барып, алып келуге тура келді.
«Сіңлім сол жаққа барып алып келейік» дегенде «Шаян мен Шымкенттің арасынан ешқайда шықпағам, бара алмаймын» деп қорқақтадым. Бірақ кейіннен тауарға бармасқа амал қалмады. Ол кезде шекара жабық. Кеденнен өту қиынның қиыны болатын. «Тауарды шекті мөлшерден асырмай алып өтуің керек» деген ереже болатын. Оның үстіне бір ғана зат емес, әртүрлі қылып алуың керек. Екі кеденнің арасынан арнайы адамдары өткізіп беретін-ді. Кейде тіптен қиындап кетеді. Алып барған аз ақшаңа «біраз тауар алсам» дейсің. Әйтеуір әурешілігі көп. Кейін кеден ашылған соң оңайлады ғой. Қырғыздың атақты Дордой базарында керек-жарақтың бәрі бар ғой, шіркін. Халықаралық базар болған соң онда тауардың неше атасы бар. Қалтаңа қарай көсіліп жеткенінше алып келесің. Қытайдың да, түріктің де киімдері сонда… Негізінде сауданың адамы емеспін. Бірақ өмір үйретті. Базардан байып кеткендер жоқ, бүгінде. Бұрын сауданың көрігі қызса, қызған шығар. Алайда бүгінде базарда сауда бұрқырап кетті деуге болмас. Жұмыс жоқ, қайтеміз енді. Базар күнкөріс қамы ғана ғой. Базардың берекесі тамақ қана. Қасымдағы әріптестерім «сауданың қайнаған кезі 1997 жылдары еді» деп айтады. Қырғы базарда сол кезде орын алып істегендер біраз жағдайын жасап алды. Сол қызған сауда 2000 жылға дейін болған ғой. 2011 жылдан бастап қайта бәсеңдеген…
Саудаң жүруі үшін тауарың көп, орның өтімді жерден болуы керек. Өзім ер адамдардың киімін сатамын. Алдыңа келген сатып алушының бүкіл болмысын зерттеп аласың. Қалай сөйлесу керек, тауарыңды қалай өткізуің керек. Кәнігі базаршылар бәрін біледі. Тіпті адамның размерін де көзбен өлшеп тұрасың. Базар тіршілігін істеген адам ғана біледі. Күнкөріс қамы. Мәселен үлкен сауда орталықтарында жұмыс істейтіндер әуелі сатушы болып бастаса, ақырындап көтеріледі. Базарда көтерілмейсің. Күнделікті бірқалыпты тіршілік. Қайталана береді. Сауданың сезоны тамыздың 10-на басталды. Шілдеде сауда нөл. Екі-үш жыл бұрын сауданың көрігін мектеп формасы қыздыратын. Бүгінде әр мектеп өз киімдерін арнайы тіктіретін болды. Сапасы жоқ, бағасы удай. Ал базардағы киімдердің бағасы қалтаға қонымды, сапасы да жоғары. Сауда құпиясын оны істеген адам біледі. Табиғатынан солай жаралады. 2-3 жыл бұрын да сауда жақсы еді. Сатушы ұстайтынбыз. Ал қазір ол мүмкін емес».

ТҮЙІН: Қалай болғанда да әйел-аналардың нәпақа табуына итермелейтін бір қазына бар. Ол – алтын қазық балалары. Солардың қатарынан қалмауы үшін барын салады. Отбасының ынтымағын ұйытып, берекесін кіргізіп отырған алтынқұрсақты аналар үйінде бала шағасының тәрбиесімен ғана отырса деген тілек бар. Бірақ бар жағдайы жасалса, Арқадан арқар ауып несі бар? Нәпақа табу қиындап кетсе де аналарымыз ауыр бейнетті арқалаудан шаршамайды…

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№30, 25 ШІЛДЕ 2018 ж.