Есептеуіш құралдарды қолды еткен кім?

402

Арнамызға шағым айта келген «Ақжайық» шағынауданы тұрғындары көресімізді көгілдір отыннан көрдік дейді. Жекенің меншігіндегі газбен күнелтіп отырған абоненттер көшені бойлай өткен газ құбырларына әлі күнге қосыла алмай әлек.

Себебі мердігерлер орнатқан есептеуіш құралдары мен газ қысымын реттейтін құрылғылар қолды болып кеткен. Есептеуіш құралдары мен газ қысымын реттейтін құрылғылар орнатылған мына сары жәшік қаңырып бос тұр. «Құрал-жабдықтар қолды болған» дейді тұрғындар. Сұқ қолдылардың кесірінен тұрғындар үйдің тұсынан өткен газ жүйесіне қосыла алмай отыр.

Бақыт Керімшеев, тұрғын: «Үкіметтің газын қосу үшін бізге қыруар қаржы қажет. Есептеуіш құралының өзі 30 мың, редукторы да соған барып қалады. Құбырды жалғау да ақша. Бұл қаражатты біреу бүгін, екіншісі ертең табады. Біз бұлай жылдап жүреміз ғой».

Бұл құрылғыларды орнатуға шамамен 45 мың теңге қажет екен. Егер қолды болған заттар табылмаса, бұл шығын абоненттердің қалтасынан төленгелі тұр.
Сырым батыр көшесінің тұрғындары осыдан 4 жыл бұрын өз қаражаттарын жұмсап газ жүйесін тартып алған. Қазір бұл аумаққа үкіметтен бөлінген қаржыға газдандыру құрылыстары жүргізілген. Алайда, тұрғындар әлі күнге өз қаражаттарына қосып алған жүйеден көгілдір газын ажыратып отыр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдері бұл мәселеден хабардар. Олардың айтуынша қазір есептеуіш пен газ қысымы құралдарын қолды етуге қатысы бар деп күдікке ілінгендер қамауда отыр.
Бақыт Абдукаримов, Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі бас маманы: «Қазір біз полиция бөліміне хат жаздық. Ұрылар анықталса, біз құрылғыларды солардың есебінен қойып береміз. Оған дейін тұрғындар күтпесе, өздері сатып алса, қойып береміз».

 

 

 

 

 

Күз мезгілі таяп, жылыту маусымы да жақындап келеді. Сондықтан жергілікті билік өкілдері бұл мәселені тездетіп шешіп беру тиіс дейді тұрғындар.Онсыз да осыған дейін көгілдір газға аз шығындалмаған халық басы артық шығынды қалтамыз көтермейді деп отыр.

Мақпал Рысбаева