Білім беру саласында 100 миллионға жуық қаржы қолды болған

71

Шымкент қаласының білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Білім саласы тәуекелдер картасындағы 11 бөлімнің біріне жатады дейді мамандар.

Қаланың бас ұстазы білім саласының қызметкерлерін тексеру, ондаңы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне бірнеше рет өзі хат жолдапты. Нәтижесінде бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Ақша бергіштердің де заңның алдында жауапкершілігін қарау керек деп ойлаймын. Егер ақша алғаннан бұрын ақша бергеннің статьясын екі есе артық жауапқа тартылатын болса, көп жағдайда тәртіпке келген болар едік деп ойлаймын. Себебі ақша берушілердің артында заңбұзушылық тұрады, оның артында өзіне өзі сенбеушілік тұрады».

Биыл қаланың білім беру саласына қазынадан 201 миллиард теңге бөлінген. Оның 174 миллиарды – жалақының қаржысы. Дегенмен, соған қарамай дәл осы салада пара алу фактілері тыйылмай тұр, дейді мамандар.

Жандос Жұмабаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Біздің басты мақсат – қылмыстық істі қозғап, барлығын құрықтап, қамау емес. Біздің мақсат – себеп-салдармен кұресу, оның алдын алу. Басты ойымыз – осы бағыттағы мұғалімдер, директорлар, жас мұғалімдер бар болашақта өздерінің жұмыстарын ашық форматта дұрыс деңгейде қаражаттарын алып, жұмыстарын жалғастырса деген ойдамыз.  Республика деңгейінде жымқыру фактілері орын алып жатыр. Бізде де ондай фактілер бар. Жалпы сомасы барлығын қосқан кезде 100 миллионға жақындап қалды».

 

Агенттік мамандары мұндай сыртқы талдау жұмыстарының басты мақсаты- қылмыстық қудалу емес, керісінше бұзушылықтардың алдын алу екенін айтады. Басшы орынбасарының сөзіне сенсек, 3 айға жуық атқарылған жұмыс нәтижесінде қазына қаржысын жымқырудың бірнеше фактілері анықталған. Әзірге белгілі болған сома – 100 млн-ға жуық дейді мамандар

Гүлдана Дәурен