Қант бағасы 300 теңгеден асты…

861

Ең қажетті азық — түлік өнімдері қымбаттауда. Ас атасының құны өскеніне енді үйрене бастағанда, енді міне қанттың бағасы жоғарылап шыға келді. Ірі сауда орындарында оның тапшылығын алға тартып, бір адамға бес келі құмшекерден босатуда. Ал шағын дүкендердегі шекердің бағасы 300-310 теңгеге дейін жетіпті.

Шымкентте қантқа қатысты дүрлігу байқалмайды. «Жаңа шаҺар» шағын базарындағы сауда орындарында құмшекердің бір келісі 260-270 теңгеден босатылуда. Сатушылардың айтуынша бұрынғыдай тәттінің қорын жасамайды. Бір, екі қаптан алып сатады. Өйткені баға үнемі өзгеруде.

Бүгін көтерме сауда орындарында құмшекердің бір келісі 260 теңгеден босатылса, бір сағат өтпей тәттінің құны 10 теңгеге көтерілген. Ақсукент ауылының тұрғыны Закия Асланова бағаның көтерілуіне қарсы. Сүт өнімдерін сататын отанасы «біз сияқты көпбалалы отбасыларға» қиын дейді.

Закия Асланова, сатушы: «Нанның бағасын көтерді, енді қантқа келіпті кезек. Неге бұлай, бәрі қымбаттай береді? Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар көп. Біресе жанармай көтерледі, технология қымбат дейді. Барлығы өзімізде шықпайды ма?. Неліктен бағаны тұрақтандырмайды?».

Үкімет қантқа қатысты қалыптасқан жағдайдан хабардар. Жақында ғана алқалы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бағаны көтермеу жөнінде аймақтағы әкімдерге тапсырма да берген болатын.

Шымкент республикалық маңызы бар қалалар қатарына енгізілгендіктен, тұрақтандыру қоры жасақталуда. Жауаптылардың мәлімдеуінше қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал азық-түлік дүкендерінде қанттың бағасы 50-60 теңгеге қымбаттап, 300-310 теңгеге бір-ақ жеткен.

Мая Ибрагимова, сатушы: «Қанттың бір келісі — 300 теңге. Екі келі құмшекерге 600 теңге бересіз».

Сатушылар үстінен 10 теңге қоятынын мәлімдеуде. Өнімнің өзіндік құнына көлік және өзге шығындар енгізілген. Қант күнделікті алатын азықтың қатарында. Ертең қанттың бағасы қандай болады және сөрелерден табылады ма деген сұраққа ешкім дөп басып жауап бере алмайды. Өйткені бағаны нарықтың өзі реттеуде.

Шынар Оразова