“Өлкетану” оқулығына өзгерістер енгізілді

584

Түркістан қаласында орта мектептердің 5-7 сыныптарына арналған «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған кітап облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шығарылған. Бүгінде оқушылардың таным көкжиегін кеңейтетін оқулық «Алматы кітап» баспасында басылып, өңірімізге жеткізілді.

Оқулықта Түркістан облысының географиялық ерекшелігі, аумақтық орны, өңірдің әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен өнері толық қамтылған. Сондай-ақ, облыс аумағындағы жануарлар мен өсімдіктер әлемі, археологиялық және этнографиялық зерттеулер, жергілікті туризм мүмкіндіктері туралы ақпараттар ұсынылған.

Ардақ Садықова, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары: «Оқу жылының аяғында үлкен жаңалық болып Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлініп бұл “Өлкетану” кітабына кішкене өзгерістер енгізілді. Бұл өзгеріс тек қана бірінші мұқабасындағы атауы ғана. Тек авторлық топ қана жұмыс істеген жоқ. Оған өңіріміздегі бүкіл тарихшылар атсалысты. Әр ауданның білім саласы өздерінің жинақтаған үлкен дүниелерін жіберді».

Бұл оқулықтың дайындалуына Өмір Шыныбекұлы, Бибайша Бейсетаева, Күлімхан Сейілбекова, Жанар Ширманова сынды білікті мұғалімдер құрастырған. “Өлкетану” және “Краеведение” деген атпен екі тілде жазылған оқулық оқушылардың қолына 1-қаңтарда жетеді. Қазір кітап мемлекеттік сараптамадан өтіп, баспаға жіберуге дайын тұр.

Бибайша Бисетаева, оқылық авторларының бірі: «Халық ауыз әдебиетінен, тарихынан, сол жердің ақындарының өлеңдерін жаттап өскен, шежіремен өскен баланың елге деген патриоттық сезімі ерекше болады. Осы орайда рухани байлық қолға алынуы керек”.

Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында дәл осы оқулықтың маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ, жаңа пәнді оқыту бойынша пікір алмасты. Кітаптың авторлары оқулыққа берілген уақыттың аз болғандығынан көптеген материалдар енгізілмей қалғанын ескертті.

Әйгерім Айтмұханбетова