«Қазақ ұлттық ойындары» десек, көкпар, қыз қуу, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, жамбы ату, алтыбақан, ақ сүйек және теңге ілу ойындары бірден ойымызға оралады. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені бүгінде ел арасында ұлттық ойындарымыздың тек осы түрлері ғана насихатталып келеді. Жастарға осы бірнеше ойын түрін қайта-қайта көрсетумен шектелеміз. Алайда қазақ халқы ұлттық ойынға өте бай. Тізбектесек, таусылмайды. Жаңғырық айдарының бұл жолғы тақырыбы ел арасында жиі ойналып, қазір ұмыт болған ойын түрлеріне арналмақ. Бәрін жазу – мүмкін емес, әрине. Десе де бірқатарын тізіп шығып, адам баласына тигізер пайдасына тоқталайық.
Фатима Қайырбекқызы – 74 жаста. Отырар ауданының тумасы. Төрт ұл, төрт қыздың анасы және 27 немере, 10 шөберенің әжесі. Немере-шөберелеріне қазақ елінің ұлттық ойындары туралы жиі айтады. Ұлттық ойындарды ойнап есейгенін қалайды.
– Қазағымның небір ұлттық ойындары бар ғой. Санап тауыса алмайсың. Кезінде ауылда өстік. Қандай жиын болсын, той-томалақ болсын соңы ұлттық ойынға жалғасатын еді. Шіркін, ол да бір заман екен ғой. Қазір заман басқа, адамдар өзгерген, жастар тіптен заманауи. Бірақ солай екен деп ұлттық құндылықтарымыздың бетін жауып үнсіз қалуымызға болмайды. Мың жерден заманауи болса да, қазіргі жастарымыз өз ұлтының боямасыз, ешкімде жоқ, қайталанбайтын құндылықтарын білуі керек. Солардың бірі – өзіміздің керемет ұлттық ойындарымыз.
Ұлттық ойын ойнаған күндерін ерекше көңіл-күймен еске алған Фатима апа қазақтың әр ойынының түбінде тәрбие барын айтады. Қай-қайсысының да денсаулыққа тигізер пайдасын ұмыт қалдырмайды.
– Халқымыз – өте дана халық. Тек қазақ ұлтына ғана тән қасиеттерді ой елегінен өткізіп отырып, «ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген неткен ел» деп таң қаламын. Әрбір ойынымыздың түбінде ұлтқа деген сүйіспеншілік жатыр. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да денсаулыққа өте пайдалы. Бұл жай ғана көңіл көтеру емес, сонымен бірге спортпен шұғылдану. Мысалы кішкентай балалар ойнайтын, соқыр теке, қойшы мен қасқыр, көк сиыр, үйшік-үйшік, бөрік жасырмақ, тақия тастау, хан талапай, шелек, үйімнің үстіндегі кім, сақина тастау, айгөлек және тағы басқа көптеген ойындар бар. Міне, бұл ойындардың қайсысы болмасын, баланы жылдамдыққа үйретеді. Ой-өрісінің жетілуіне де әсер етері сөзсіз. Мысал ретінде, «сақина тастау» ойынын айтайын. Бұл ойынды бір ұл мен қыз жүргізеді. Басқалары екі қолдарын уыстай қуыстап отырады немесе тұрады. Ал жүргізуші қызымыздың қолында сақина болады. Енді ол сақинаны ойынға қатысушы барлық жастардың уысына салғандай болып көрініп, ойыншыларды толығымен бір аралап өтеді. Содан кейін жанындағы жүргізуші ұлға сақинаны табуы керегін айтады. Ойыншылар осы тұста ештеңе білдірмеуі керек. Әсіресе қолында сақинасы бар адам тіптен сергек болмаса, тауып алуы мүмкін. Сақинаны таппақшы болған ұл бала ойыншылардың түріне қарап тұрып, өзі сезіктенген балаға қарап, «Сақинаны бер» деп сұрайды. Егер ол сақина шынымен сол ойыншыда болса, оған айып тағылып, бір өнерін көрсетуіне тура келеді. Ал онда болмай шықса, тапқыш бала өзі айыбын мойындап, ойыншылардың көңілін аулау үшін бір өнерін ортаға салады. Осы тұста айта кетейін, қандай өнер көрсететінін көпшілік шешешді. Мейлі оған ән салғызады, жұмбақ шешкізеді, жаңылпаш айтқызады тіпті арасында сол жерден «бір ойыншыны көтеріп, осынша жерді жүріп өт» деп бұйырық береді. Осылайша айыбын орындатқызады. Сөйтіп, ортаға келесі жұп шығады. Жүргізушілер қалжың айтып, ортаны мәз-мейрамға айналдыруға міндетті. Осылайша жалғаса береді. Кейбір аймақта бұл ойында тек бір жүргізуші болады. Ол сақинаны тастайды да «Сақинам суырылып алға шық» деп айтқан кезде қолына сақина тасталған адам екі шетіндегі адамға ұсталмай қашып шығуы керек. Егер ұсталып қалса, айып орындайды. Міне, қараңызшы бұл деген баланы ептілікке, төзімділікке, шапшаң қозғалуға және ең бас-тысы ұлттық ән-жырымызды біліп өсуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл – балалардың кішкентай кезінде ойнайтын ойын түрлері.
Фатима апа мұндай ойындарымен баланы кішкентайынан ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына жақындатып, балаларға ойын арқылы ұлттық құндылықтарды ұғындыратынын айтады. Осылайша олардың халқына, еліне деген сүйіспеншілік сезімдері оянатынын алға тартты. Фатима апа жас кезінде көп ойнаған ойыны жайлы айтуды да ұмытпады.
– Жоғарыда айтқаным — кішкентай балалар ойнайтын ұлттық ойындар ғой. Жастардың да ойнайтын неше түрлі ойындары бар. Мәселен біз жас кезімізде ауыл жастары болып жиналып, бастаңғы, тымпи, ақ сүйек, алтыбақан, ине жасыру, жастық лақтыру деген ойындарды жиі ойнайтынбыз. Солардың ішінде ине жасыру ойыны бір көңілімнен шығатын. Бұл ойынға домбыраның құлағында ойнайтын бір адам және ине керек. Әрбір ойынның жүгізушісі болатындай мұнда да бір бастаушы адам болары сөзсіз. Ол ойыншылардың бір-біріне көмек көрсетіп қоймауын бақылайды. Сонымен қатар ойыншыларды екі адамнан жұптастыру да соның міндеті. Осылайша ортаға алғашқы жұпты шақырып инені сол адамның киімінің бір жеріне шаншып қояды. Ал табушы ойыншы теріс қарап көзін жұмып тұруы шарт. Ине жасырылғаннан кейін іздеуші келіп жасырушының бас киімінен бастап, инені іздейді. «Домбырашы не үшін керек?» дейсіз ғой. Домбырашының көмегі осы тұста қажет. Ол бәсең дыбыспен күй тартып отырады. Іздеуші адам ине жасырылған жерге жақындағанда домбыра үні шарықтайды. Домбыраның үні қатты шыққан сайын іздеуші өзінің дұрыс жерді қарап жатқанын біліп сол тұстан инені тауып алуы керек. Ал, тағы алыстап кетсе, домбыра үні бәсеңдейді. Ал тауып алған кезде күйді шалқытып барып, тоқтатуы керек. Сонымен бірге ду қол шапалақтап іздеушіге құрмет көрсетіледі. Ал таба алмаса, ойын шарты бойынша айып төлеуі керек. Осындай керемет ойын еді. Енді қараңыз ана домбыраның үні кез-келген адамды елітпей қоймайды. Домбыраның үніне ғашық болады. Бұл жерде ұлттық аспабымызды нас-ихаттап отырмыз. Қандай керемет десеңізші.
Жас кезінде ойнаған ұлттық ойын-дарды санамалап шыққан Фатима апа, мүлдем ұмытылған мұндай ойын түрлерінің қазір де насихатталғанын қалайды. Айтуынша, ұрпақтарының басы қосылғанда ұлттық ойындар ойнатады.
– Қазіргі балалар ескі ойындарды қабылдамайды» дейміз. Білмесе, несін қабылдайды. Енді баяғыдай үнемі ойнамаса да ара-арасында бір ойнауының өзі нәтиже ғой. Бастысы ұлттық ойындардың қалай ойналуы керек екенін біліп өседі. Мысалы менің немере-шөберелерім жиналғанда ханталапай, асық ату, көтермек, оқтау тартыс, тақия тастау сынды ойындарды ойнайды. Демек балалар қызығады. Ең бастысы — олардың қызығушылығын оята білу керек!
Фатима апаның әңгімесіннен түйгеніміз – ұлттық ойындардың түпкі мақсаты бір. Ұлтын сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үйретеді. Біздің мақсат та осыны түсіндіру еді. Жаза берсек ойын түрі көп. Қазақ халқының ұлттық ойындары тек жоғарыда айтқан ойындармен шектелмейтінін де көрсеткіміз келді.
Қадірлі оқырман, балаңызға ұлттық ойын үйретіп, ойнап өсуіне ықпал етіңіз. Сондай ұрпақтан елін, жерін, отанын сүйетін, халқына адал ұлттық құндылықтарды қастерлейтін азамат шығары сөзсіз.
Жанерке Хумар
№33, 15 ТАМЫЗ 2018 ж