ҚР ІІМ бүйрегі жоқ балалар мәйіті туралы WhatsApp-хабарламаға пікір білдірді

479
Фото inform

Жол бойынан табылған балалардың мәйіті туралы WhatsApp желісіндегі хабарламаның Қазақстанға еш қатысы жоқ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайырлы күн! Жол бойынан 6-8 жастағы екі қыздың мәйіті табылды. Әрқайсысының қолында 50 000 рубль болды, бірақ бүйректері жоқ. Өз балаларыңызға мұқият қараңыз және бақылаусыз көшеге жібермеңіз», — делінген хабарлама мәтінінде.

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға күдікті ақпаратты таратпауға кеңес берді. «Әлеуметтік желіде тараған мәйіт суреттерінің біздің елімізге еш қатысы жоқ. Оқиға Ресейдің оңтүстігіндегі Каспийск қаласында болған. Кезекті рет тұрғындарға күдікті ақпаратты таратпауға кеңес беремін. Заңнамада жалған ақпаратты таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — деп мәлімдеді Алмас Садубаев.