Көне жұрттар мекені

551

Тұрғын саны милллионға жетіп, республика көлемінде айрықша мәртебесі бар үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының тарихы тереңде жатыр. Бұл қаланың осынау терең тарихы жайында жазылған шығармалар көп-ақ. Бірақ сондай тарихи шығармалардың дені өткен ғасырлардың кезең-кезеңдерінде іске асқан белгілі бір уақиғалар төңірегінде ғана жазылды да, Шымқаланың (Шымкенттің) тұтас тарихын көрсете алмады. Қаламыздың бұрынғы тарихы жалпылай түрде болса да әлі жазылған жоқ. Бүгіннен бастап, Шымқаланың әлімсақ заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасап, қаламызда өткенінен барлық қадау-қадау тарихи уақиғалар хақында, сондай-ақ соның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы тәптіштей жазбақпыз. Бәлкім, осыдан кейін ғана Шымқала тарихы біршама түгелденер. Алайда мұндай шағын мақаламен бір қаланың талай жылғы тарихын түгелдеп шығу да мүмкін емес екені тағы белгілі. Солай десек те, осы жазбада жазылатын дүниелер – бұрынғы жазылған тарихи шығармалардың біраз олқы тұстарын толтырары кәдік.

Шымқала жұртшылығының есінде болса, бұдан бұрын да қала тарихына қатысты біраз еңбектер шыққан. Атап айтсақ, Д. Тыныбаев «Новь древного Чимкента», М. Аяпов пен Н. Наумов «Шымкент», Ә. Исмайлов «Из историй южных областей Қазахстана», «Страницы историй Южного Казахстана» деп аталатын зерттеу кітаптар жазса, Н. Попова, Б. Алтаев, М. Міразов. Б. Байтанаев, Б. Айтаев сынды ғалымдар қалаға байланысты бірнеше ғылыми мақалаларын жариялады. Сол еңбектерде қаламыздың ескі тарихы біршама баяндалған да болатын. Дегенмен сол шығармаларда өңіріміздің бұрынғы ғасырларда өткен барлық тарихи уақиғалары дерлік қамтылмады және оларда бұрынғы ғасырлардағы уақиғалар былай тұрсын, таяу кезеңдердегі тарих та толық жазылмады.
Талас жоқ, Шымкент – ықылым замандарда іске асқан түрлі уақиғаларға куә болған шаһар. Қазақ халқының арғы тегі болып саналатын көне тайпалардың ата қонысы, бергі ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Ұлы Жібек Жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Көне жазбалардың оңтүстік аймағына қатысты қандайда бір деректерінен шет қалмайтын қала іргесіндегі Қаратау мен Алатаудың, Бадам мен Арыстың, Сайрам мен Сайрамсудың тарихи мәні жарты әлемге жайылған, қала берді, біздің шаһардың даңқын көкке көтерген таулар мен өзен-сулар. Шымқала іргесіндегі исі мұсылманға белгілі Қазығұрт тауының даңқының өзі неге тұрарлық деңіз. Қалай десек те, Шымқала мен оның төңірегі – құшағына талай жұмбақ һәм белгілі сырларды сыйдырған мекен.
Расында, шаһарымыздың ашылмаған қаншама тарихы бар және зерттеу еңбектерден, ақиқат анықтамалардан сырт қалған сырлы дүниелері де мол. Сондықтан да, біз мақаламыздың басын көпшілік жұрт күнде көріп жүрсе де, терең тарихына мән бере бермейтін, қазіргі күндері қала аймағының бірнеше жерлерінде тұрған базбір ескерткіштердің сырларына шолу жасаудан бастамақпыз. Ал ғасырлар безбенінде өткен қадау-қадау тарихи уақиғаларды содан кейін рет-ретімен жазбалаймыз.

«Төбе-ескерткіштеріміздің сыры басқада»

Алдымен жаңағы айтқан ескерткіштеріміздің қандай жәдігерлер екені жайында айтып өтелік. Олар – көненің көзіндей болып қала шетіндегі немесе ортасындағы өзен-су жағаларында, сондай-ақ сай табандарында бір қалыппен әлі бұзылмай тұрған төбе-ескерткіштер. Зер салған адам олардың бір кездері қолдан үйіліп, әдейі жасалған төбелер екенін бірден аңғарар еді. Алайда көпшілік жұрт бұлардың қай заманда және қай уақытта, сондай-ақ қандай мақсатта тұрғызылғаны жайына көңіл аудара бермейді. Көнекөз қарттардан олар туралы сұрасаң, «Ілгеріде ата-бабаларымыз бұл төбелерді алыстан келе жатқан жауды көріп отыру үшін тұрғызған екен» деген болымсыз жауап береді. Бірақ осылай жауап беретіндер сол төбелердің жанында үлкен таулар мен табиғаттың өзі жаратқан биік жоталар тұрғанда ата-бабаларымыз оларды сай табандарында неге тұрғызып әуре болған деген қисынды уәж төңірегенде ойламайды. Негізі, қазақ жерінде жау қарайтын жасанды қарауылтөбелер өте көп. Ал ондай мақсатта тұрғызылған жасанды төбелер көбіне жазық далаларда орналасқан. Біздің облыстың жерінде ондай төбелер Ордабасы, Арыс, Отырар, т. б. сияқты далалы аудан-қалалардың жерінде мол. Ал біздің қала аймағындағы жасанды төбелердің сыры тіпті басқада. Оларды өлкемізді осыдан үш және екі мың жылдай бұрын мекендеген Сақ-Үйсін тайпалары тұрғызған. Әр тайпаның көсемі өзі отырған жанға жайлы, желден ық немесе ыстықта салқын болып келетін өзен-су жағаларына биік төбелер тұрғызып, сонда отбасымен отырған, керек кезде ел мәселесін шешкен. Былайша айтқанда, ондай төбелер ру-тайпа билеушілерінің резиденциясы қызметін атқарған.
Жасанды төбелер су жағасынан тұрғызылған
Мұндай жасанды төбелер ру-тайпа билеушілерінің ордасы болумен қатар басқа да қызмет атқарған. Қаламыздың жеріндегі көптеген жасанды төбелер кезінде Сақ және Үйсін-Қаңлы жұртының үлкен бір тайпасы шоғырланып отырған мекені немесе басқаларға үстем, билеуші тайпаның орталығы екенін білдіру үшін арнайы тұрғызылған. Мұндай жерлерде тайпалардың ең мықты билеуші-көсемдері отырған. Ертедегі Сақ және Үйсін-Қаңлы көсемдері өмірден өткенде артында қалған ұрпақтары олардың мәйіттерін алтын-күмістерге орап, сондай төбелердің түбіне жерлеген. Бұл дәстүр сол заманның көсемдерін мына өмірде өзгеден биік болғанын және ана дүниеде де басқадан артық, сол үшін де өлігі оқшау биік төбе түбінде жатуы керек деген ұғыммен байланысқан.
Осындай төбелердің түбіне тайпа көсемдерімен бірге олардың кейінгі ұрпақтары да жерленген. Былайша айтқанда, бір төбе әлдеқандай көсемнің отбасылық моласы болған. Кейбірі әулеттік молаға да айналған.
Мысалы, Дулати көшесінің басында, нақтылап айтқанда, Дулати мен Рысқұлов және Қонаев көшелерінің қиылысындағы үш бұрышты аумақта тұрған төбе (сол жерде темірмен тұрғызылған белгі бар) сондай көне тайпалардан қалған жанды ескеркіш. Тура осы төбенің жанынан, нақтысы, бүгіндері тура сондағы тұрған мейрамхана астынан суы мол бұлақ аққан. Қазір ол бұлақ құрғап, тіпті, арнасы да жабылып біткен. Қаладағы басқа төбе-ескерткіштерге қарағанда, осы төбе біршама ашықтау жерде және көзге әдемі ілегеді. Осындай бұзылмай тұрған тағы бір жасанды төбелер бұрынғы «Қорғасын» зауыты мен «Лесхоз» ауылы тұсында оқшау болып көрініп тұр. «Лесхоздың» жанындағы төбе тіпті биік, ол ескі «Фосфор» зауытына баратын жолдан әдемі көрінеді.
Зер салған адам олардың бір кездері қолдан үйіліп, әдейі жасалған төбелер екенін бірден аңғарады. Көнекөздердің айтуынша және ХІХ ғасырдың аяғындағы орыс жазбагерлерінің жазуынша, осындай төбе кезінде қазіргі Жанкелдин көшесі бойындағы «Лакомка» кафесінің жанынан ағып өтетін Қарасу арнасының сол жағалауында болыпты. Алайда кейін, 1970 жылдары сол жерге жаңа құрылыстар жүргізілгенде ол төбе тегістеліп кеткен. Осындай төбелер бұрынғы Пресс автомат зауыты мен бүгінгі №2 аурухананың аумағында да болған екен. Қошқаратаның жаңағы арнасы да тура осы жерлерді басып өтеді. Пресс автомат жеріндегі төбе осы жерге 1941 жылы зауыт түскенде бұзылып кетіпті. Екіншісі де соның кебін киген. Міне, көрдіңіздер ме, жасанды төбелер тек су жағасында тұрғызылған деген пікірімізге осы көріністер, жүдә, дәләл.

«Ғылыми орта бұл төбелерді зерттемейді»


Мұндай жасанды төбенің тағы бірі – қала маңынан ұзақ емес, қазіргі Темірлан тас жолы бойындағы Тұрлан шағын ауданы мен Темірші әулие қорымының маңында да тұрған. Тұрландағы да кейінгі құрылыстар кезінде жермен-жексен болған. Ал Темірші әулиенің қасындағы төбенің әбден шөгіп, пәсейген сұлбасы әлі де жатыр. Және бір төбе Хамза шағынауданының тура ортасында тұрыпты. Бұл жерлерде ілгергі заманда Қошқаратаның ескі арнасы аққан. Содан да, бұл төбелер де өзен арнасының жағасында бой көтерген.
Шымкенттен Ленгірге шыға беріс маңында тұрған түрмені қала тұрғындарының бәрі біледі. Сол түрме мен қазіргі Цемент зауытының арасында бір кездері үлкен бұлақ болған. Өз уақытында осы бұлақтан мөлдіреп аққан су қазіргі Клара Цеткин көшесінің теріскей жағындағы (Мелькомбинаттың қасында) сайды бойлап ағып, Қапал батыр көшесінің басындағы темір жол көпірінің маңына келгенде, солтүстік тарапқа бұрылып, Түркістан көшесіндегі арыққа түскен. Аталмыш сайдың табанымен кейін пойыз жол салынған. Көне ғасырларда осында тұрған тайпалар осы сайдағы өзенше жағасында да үлкен бір төбе тұрғызған. Ол төбенің тұрқы қазір де жақсы сақталып тұр. Ол Қапал батыр көшесімен Ленгірге кетіп бара жатсаңыз, сол жағыңызда анық көрінеді. 1930 жылдары Ворошилов және Калинин колхоздары құрылып, шет жақтағы халықтарды осында орнықтырғанда бұл төбе ауыл моласына айнала бастаған. Қазір онда ескі қорым жатыр. Бір өкініштісі, қазіргі ұрпақ мұндай төбелердің маңыз-қасиеттерін біржолата ұмытқан. Ғылыми орта оларды зерттеуден тіпті ада. Ал өлкетанушылар мен мәдениеттанушылар бұларды тарихи жәдігер ретінде сақтау жайын мүлдем ойламайды. Ойламақ түгілі, бұл төбелердің қандай құрылыстар екеніне зер салмайды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағдарламаларға орай қалалық мәдениет басқармасы мен «Мәдени мұра» кеңсесі осы төбелерге бір сәт назар аударса, қанеки…

«Бір қап алтын тауып алған»
Ел арасында «1941 жылы Пресс автомат зауытының орнындағы төбені тегістеп жатқан бульдозер жүргізушісі бір қап алтын тауып алып, үкіметке өткізіпті» деген әңгіме сақталған. Мұны маған сол зауытта өмір бойы істеген бір орыс шал сексенінші жылдары айтып беріп еді. Осы әңгімені кейін тағы бір зауыт ардагерінен естідім. Аңыз тақылеттес бұл әңгіменің астарында тұнып тұрған шындық бар. Әуелі айтқанымдай, мұндай төбелердің түптеріне баяғы заманғы тайпа көсемдері жерленген. Жерленгенде жай жерленбеген, алтын-күміске оранып жерленген. Алматы жеріндегі «Бесшатыр» обалы төбелерінен табылған «Алтын адам» осының айғағы. Ондай «алтынға оранған адамдар» бүгінде Қазақстанның басқа жерлерінен де табылып жатыр. Табылғанда, жай жерден емес, тура осындай қолдан үйілген жасанды төбелердің түптерінен табылуда. Бір әттең-айы, Ресей империясы өлкемізді отарлап келгенде, олардың осындай құрылыстардың құпиясын білетін білімділері мен түрлі дәрежедегі шенеуніктері төбелер түбіндегі молаларды аршып, мәйіттерді шашып, ондағы талай қазыналарды алып кеткен. Тарихи жазбалардың базбірінде мұндай төбелердегі қазыналар орыстар келмей тұрып та тоналған деген деректер сақталған.

Шымқала – бұлақ қала
Қайткенде де, төбелер түбіндегі қазыналар жайындағы әңгіме бөлек тақырып. Ал біздің қозғап отырғанымыз – тарихи тақырып. Біз әңгіме етіп отырған төбелерге ұқсас жасанды төбелер облысымыздың таулы аудандарында өте көп кездеседі. Олар да, өзен-сай жағаларында, биік жоталардың саялы етектерінде орналасқан. Бірақ ондағы төбелердің бір-бірінен ара қашықтығы 15-20 шақырымға созылады. Ал Шымқала аумағындағы төбелер бір-біріне өте жақын болған. Сонда мұның себебі неде? Әлде, мұнда сонау Сақ, Үйсін-Қаңлы заманында-ақ қала болған ба? Бұл тайпалардың өз алына хандық құрып, ел болған уақыттары біздің заманымыздан бұрынғы VI-V ғасыр мен біздің заманымыздың III-II ғасырлар аралығы. Біз айтқан төбелер сол замандарда тұрғызылған. Бірақ ешқандай тарихи деректерде «бұл жерде сол уақыттарда қала болды» деген мәлімет жоқ. Жасанды төбелердің жиілігі мен көптігі мұнда қала болды дегенді де білдірмейді.
Десек те, Шымқаланың ескі бөлігіндегі көне заманғы төбелер шоғыры неліктен көп? Бұл сұраққа заманғы орайғы бүгінгі ғылымның нақты жауабы жоқ. Бұған тек болжам айтуға болатын шығар.
Біріншіден, Шымқала маңы – ежелден суларында ерекше қасиет бар бұлақтар шығып жатқан нәрлі жер. Екіншіден, Шымқаланың жері құнарлы, шөбі шүйгін, табиғаты мен климаты адам тіршілігіне жайлы мекен. Үшіншіден, мал жайылымына қолайлы, өзен-сай жағаларында өздігінен өнген табиғи жеміс-жидегі мол, қамысы мен түрлі дарақты нуының арасында аңның мың түрі өрген көрікті алап. Осының барлығы ертедегі ата-бабаларымызға Шымқала аумағын жиірек қоныстануға ықпал етсе керек. Қай заманда болса да адамдар ең бірінші сулы алапты іздеген һәм сонда көбіне орныққан. Бұл сұраныста да Шымқала аймағы барлық талаптарға сай келген. Бәлкім, көнеде өмір сүрген бабалардың тіршілігінен хабар беретін әлгіндей төбелердің көп болғаны һәм олардың мұнда жиірек қоныстануының себебі осындай жағдайлардың арқасында іске асқан шығар. Қайткенде де, біз айтқан осынау қолдан үйілген төбелер Шымқаланың көне жұрттар мекені болғанын бар тараптан айғақтап тұр.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, шежіреші, тарихшы,
Қазақстан педагогика академиясының профессоры

№34, 22 ТАМЫЗ 2018 ж