Қазақтың ертеден бүгінге жеткен дәстүрі көп. Соның бірі – соғымбас дәстүрі. Қыстың қамын жазда ойлайтын ағайын жайма шуақ мезгілдің соңында ала соғымға кіреседі. Ұлтымыздың бар дәстүрі сияқты соғымбастың да берері мол. Ел-жұртты береке-бірлікке шақыратын дәстүр туралы өзім бала күнімнен көріп-өскенімді жазғым келді.
Әжем марқұм «Соғымбас деген тұтас бір ауылды берекеге-бірлікке, ынтымаққа шақырады. Сондықтан да соғымбас берудің маңызы өте жоғары» деген сөзді жиі айтатын.
Атам мен әжем ауылымыздың үлкендері еді. Барлық той-томалақ, жиын атамның батасы берілмей, басталмайтын. Сондықтан болар ағайын-туыс, көрші-қолаң соғымбастың да басталуын біздің үйден күтетін. Соғымбасқа тоқталмас бұрын біздің үйдің соғымы қалай болатынан айта өтейін.
«Жалғасын соғымбаста айтамыз»
Соғым соярдан бірнеше күн бұрын әжем туысқандарға хабар береді. Әлі есімде: соғым союдың өзі кішігірім той сияқты өтетін.
Әулеттің еркектері мал союмен және оны жіліктеумен айналысса, әйелдер қауымының міндеті ішек-қарын аршу мен қазы тығу болатын. Ал қыздар жағы көмекке келген ағайынға тамақ пісіріп, тазалыққа жауаптанады.
Барлығының басы-қасында атам мен әжем өздері жүретін. «Мынаны былай емес, былай жаса» деп әрқайсысының жанына барып. білмегенін үйретіп жүруші еді.
Соғымға жиналған ағайындардың әзіл-қалжыңы, мәз-мейрам болған бала-шаға, жеңгелер мен қайындарының сөзқағытпасы, барлығының ерекше көңіл-күйін сырттай бақылаудың өзі адамға ерекше сезім сыйлайды.
Отбасымыз үлкен әрі келім-кетім қонақ көп. Сондықтан да соғымға сойылатын мал саны да аз емес. Бірақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші үлкен істі жиналған қауым әп-сәтте-ақ атқарып салатын.
Қазақ – үлкенді құрмет тұтып, алдынан кесе-көлденең өтпейтін халық қой. Үлкендердің нұсқауымен жұмыс та тез бітетін. Соғым сою аяқталғанға дейін әжем ет асып, балқытып пісіріп қояды. Атам мен әжемнің «жарайсыңдар» деген бір сөзіне марқайған ағайын неше түрлі әңгімесін айтып, отырыстың көркін қыздырады. Арасында небір әншелер де ақындар да бар. Жанына қазақтың қара домбырасын серік еткендер күй тартып, ән салып, жиынның көркін келтіреді. Дегенмен отырыс ұзаққа созылмай, «жалғасын соғымбаста айтамыз» деп үйді-үйлеріне тарқаған адамдарға әжем әрқайсысының сыбағасын беріп, көмектескендеріне ерекше алғысын жеткізетін кездер күні кешегідей көз алдымда.
Соғым соңы – соғымбас
Соғым сою біздің үйден басталғаннан кейін басқасы жалғастырады. Айналдырған бір айдың көлемінде бәрінің үйінде соғым сойылып, қысқа сақадай сай болады. Басқаларының соғымына әжем анамды ертіп барып, міндетті түрде қатысатын. Әжем «бізден қорыққаннан келген жоқ, сыйлағандықтан келіп көмектесті, біздің де көмектесуіміз шарт» дегенді балаларына айтып, оларға да құрмет көрсету керек екенімізді айтатын.
Соғым аяқталғаннан кейін тағы бір ай соғымбас болатын еді.
Неткен керемет кездер. Соғымбас та біздің үйден басталатын.
Көршілер келіп: «апа, соғымбасты қашан бас-тайын деп отыр, одан кейінгі кезегімізді анықтап алайық деген едік» деп сұрап жүретін. Барлығы әжемнен бір хабар күтеді.
Әжем «осы күні біздің үйде соғымбас» деп айтқаннан-ақ улап-шулап, кезекке таласатын. «Соғымбас басталды» дегенше, «той басталды» дей беріңіз.
Әжем мен анам ұлттық тағам толы дастарқан жайып, қонақтарын күтіп алады. Балалар жағы осы күнге арнайы дайындаған өнерін ортаға салып, үлкендерді сүйсінтеді. Жұптасып айтысатындар да бар. Өлең оқып, ән шырқап, мейрам көркін асыра түсіретін өнерпаздар да табылатын.
Осылайша ағайын-туыстың басы қосылып, ренжіскендер болса, татуласып, түсінісіп тарқасатын еді. Бұл тек біздің үйде болатын жағдай емес. Ағайын-туыс бір ай бойына бір-бірінің үйінен соғымбас жеп,» соғым шүйгін болсын» тілеуін айтады. Әрқайсысы бір-біріне жақсылықта бас қоса берулеріне тілеулес екенін білдіреді. Ал соңында атам мен әжемнен ақ батасын алған ағайындар шаңырақ шаттыққа толып, ақ дастарқандары жиналмауын тілейді.
Расымен де ұлтымыздың әрбір салт-дәстүрінің терең мағынасы бар. Соғымбас та адамдарды береке-бірлікке, ынтымаққа, жақсылыққа шақыратын ізгі дәстүр. Осындай халқымыздың ата дәстүрі қазірге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұмытылмай, өміршең болуы бүгінгі толқынның қолында екенін де ескерейік.
Ескерсең, ескіңнен сақта!
Әжем «ескерсең, ескіңнен сақта» деуші еді. «Мынау пәленшенің сыбағасы, мынау түгеншенің сыбағасы. Келгенде асып бересің» деп алыстағы ағайынға, жақын-жуығына арнайы сақтаған малдың кәделі мүшелерін анама көрсетіп отыратын.
Әжемнің сыбағасы бір кебежені алып тұратын. Ішінде жолы үлкен ақсақалға, құдасына малдың басын, жамбасын, белдеме омыртқалары сияқты сыйлы мүшелерін сақтайтын. Сонымен қатар күйеу балаларына міндетті түрде төс сақтаса, қыздарына жүрек, ортан жілігін сақтайтын. Ал ұлдарына да жілік, жамбас, қазы сынды сыбағаларын әдейіліп алып қалатын. Тіпті келе алмайтын қарт кісілердің сыбағасын арнайы беріп те жіберген кездерін білемін. Сондықтан да сыбағаның да орны ерекше дәстүр екендігін көріп өстім. Сыбағаның да бірнеше түрі болады.
Қара сыбаға
Сыбағаны сақтау да, сол сияқты тиісті адамдардың келіп, өз сыбағасын жеу де үлкен парыз әрі сыйластық құрмет белгісі. Сыбаға сақтамау да, сақтаған сыбағаны барып тата алмау да бір сын. Сол сияқты сыйлы адамдар өмірден өткен күннің өзінде көзкөргендер ол адамның сыбағасын үзбей оның отбасына, әдейі жіберіп отырған. Мұны халық ұғымы мен салтында «қара сыбаға» деп атайды.
Өлі сыбаға
Мұны көбінесе балықшы ауыл қолданады. Бас көтеретін азаматы жоқ қарттарға, асыраушысы дүниеден өткен жетім-жесірлерге, балықшылар үлес береді. Мұндайға ешкім іштарлық немесе қарсылық көрсетуге тиісті емес. Бұл ел ішінде бұлжымас заң болған. Қазақ даласында егіннен – кеусен, малдан – көгендік, мүліктен – шүлен, балықтан – өлі сыбаға беру сияқты жоғары азаматтық пен жомарттықтың, кең пейілдің, қамқорлықтың ғажайып мысалдары ел тарихы мен әңгімелерінде жиі кездеседі.
Су сыбаға:
Қазақта жөні бөлек су сыбаға дәстүрі қазір мүлдем ұмытылған десек артық емес. Әдетте қысқа бүкіл ауыл болып, балықты көл, өзен-сулардан балық аулайды. Ауға, сүзекке немесе қағазға балық мол іліксе балық аулауға келгендер көңілденіп қарқ болып қалады. «Балық үлестіріп жатырсыңдар ма?» дегендей үлес кезінде қызықтаушылар тіпті шуласып кетеді. Осы кезді күтіп жүрген көл маңында отырған, ертедегі ата-бабалары осы жер мен суды иеленген ауылдың ұрпақтарының бірі келіп, халық дәстүрімен «су сыбаға» сұрайды. Өзінің ежелгі жер иесі екенін ескертеді. Бұған қарсы ешкім сөз айтпайды, балықтан үлесін береді. Ауыл иесі салт-дәстүрді сыйлағаны үшін оларға алғыс айтып, аттанады.
Сыйластықтың белгісі — сәлемдеме
Әжем алыстағы ағайындарына, достарына сәлемдеме беруді әдетке айналдырған адам. «Сәлемдеме алыста болса да адам баласын бір-біріне жақындатады» деп, анама сәлемдеме беру – ізгі құрметтің белгісі екендігін айтып отырушы еді. Біздің үйге де көптен көрмей, сағынған жандардың сәлемдемесі жететін. Кімнен сәлемдеме алмасын, мейлі ол бір уыс тәтті болса да әжем ерекше қуанып, айрықша алғысын жаудырып отырады.
Артынша дереу сол адамға өзі де сәлемдеме жіберуге кірісіп кететін еді. Бір күні атам мен әжемнің басқа қалада тұратын қыздары біздің үйге сәлемдеме жіберіпті. Сол кезде үйдегілердің қуанғанын айтып жеткізе алмаймын. «Барлығы Нұрлығаштан сәлемдеме келіпті» деп мәре-сәре.
Алдымен сәлемдемені жеткізетін адаммен тілдесіп, ол кісіге ақ дастарханын жайып, шай берді. Бала болғандықтан ана кісінің тез кетуін тілеп біз тұрдық. Өйткені ол кісі кетсе, сәлемдемені де ағытатын кез келеді. Күткеніміз орындалып келген кісі де үйіне қайтты. Әжем сәлемдемені ашқан соң, жылап алды. Көрші-қолаңдарды шақырып, «бізге сәлемдеме келді» деп қуанышымен бөлісті. Сол кезде жиналған жұрт сәлемдеме жіберген әпкеміз жайлы айтып, оның қызықты қылықтарын еске алды. Үйде бірнеше сағатқа созылған әңгімеде тек әпкеміз жайлы, бала күніндегі қызықтарынан бастап, неше түрлі естеліктер айтылды. Міне, қазақтың қарапайым дәсүрінің өзі адамды ұмытуға жол бермейді. Алысты жақындатар осындай керемет дәстүрлер тек қазақ халқында ғана бар шығар.
«Сәлемдеме – адамды адам ұмытпай жүруінің, берік достығының, адал көңілінің алтын кілті» дейтін халқымыз «Сәлем берген саулық береді» деп айтады.
Осы сөздерден-ақ сәлемдеме берудің мән-мағынасы биік екенін түсінеміз.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті
№34, 22 ТАМЫЗ 2018 ж.