Адасудың ақыры…

354

Құндылықтары өзгеріңкіреп тұрған күрделі кезеңде пиғылы теріс жат ағымдар қауіп бұлтын қоюлатып тұр. Дегенмен оларға қарсы жұмыстар жүргізілмей жатқан жоқ. Ақпараттық насихат топтары, үкіметтік емес ұйымдар, жалпы алғанда қоғамға ықпалы бар жауаптылар жұмыс қарқынын үдетуде.

Оларға қарсы майдан ашқанмен, бұл бір күнде, бір айда ауыздықтала салатын мәселе емес. Әсіресе ақпарат тасқыны мол кезеңде тойтарыс беру оңайға соқпайтыны белгілі.

Бүгінде жастар, жалпы қоғам мүшелері жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін алдын алу жұмыстары қарқын алып келеді. Еліміздегі діни ахуалдың аужайына байланысты алдын алу мақсатында түрлі деректі фильмдер түсіріліп көпшіліктің назарына ұсынылуда. Бұл да болса санасы солқылдақ жастардың ойлануына, райынан қайтуына сеп болары сөзсіз. Алдын «Тұсау», «Арылу» деректі фильмдері көпшілік назарына ұсынылса, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланысты түсірілген «Ақиданың ақыры» атты деректі фильм экраннан көрсетілгеніне де біршама уақыт болды.

Ой саларлық дүние. Ойы бұзылып жүргендерді райынан қайтаруға септесетіні анық. Бұл жолға түскендердің барар жері қара түнек екендігі нақты дәлелдермен, басты «геройлардың» өздерін сөйлете отырып түсірілгенімен ұтып тұр. Өздерін «тура» жолда жүрміз деп, тыныш күнде топалаң салғандардың өмір бойына бас бостандығынан айырылып, өзектері өртене отырып өкініштен қан жылаған сәттері кадрдың ар жағында болса да жаныңды түршіктіреді…

Қоғам қайраткерлерінің айтуынша «қазақтың бір біріне қару кезенуі, өлтіруі қасірет». Рас. Жетекке ерген жастар бейбіт күннің берекесін қашырды. Радикал ағымдардың кесірі. Жастардың санасын «Ақиқа» деп адастырып, тура жолдан тайдырғандарға тосқауыл қойылатыны анық. «Сирияға келіп жиһад жасай алмасаңдар да өз елдеріңде соған лайық әрекет жасаңдар» деген ауыр уағыздарға уланғандар лаңкестік әрекетке барып, қаншама адамның қанын арқалады…

Бәрі де өзіміздің қаракөздер. Араларында өздерінің не істеп, кімнің соңынан еріп жүргендерін білмейтін сары ауыз балапан бозбалалар да бар. Өз қателіктерін өзгелер қайталамаса екен деп ащы шындықты айтып отыр. Жат ағымның қолжаулығы, құрбандары болғандарын енді түсініпті олар. Бұл жастарды райынан қайтаруға таптырмас фильм. Араларында мектепті «Алтын белгімен», Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітіргендері де бар екен. Сыпайы балалардың сойқанға айналуына не себеп? Радикал ағым басында тұрғандар «Ақидамен» алдап, жұмақты айту арқылы жүректерін жаулапты. «Өлімнен қорықпа, ол бар болғаны ұйқы ғана» деп санасын улапты. Ата-аналарының жанайқайына құлақ түрсең, тіптен жаның шошиды…

Тәртіпті, тәрбиелі балаларын айналдырған екі айдың ішінде санасын 180 градусқа өзгертіп жіберетіндей олардың «мықты» болғаны ғой. Расында олар бүгінгі заманның зомбилері. «Интернет- имам»- нан алыпты сабақты. Әлеуметтік желінің әлеуеті де орасан болып тұрғаны ғой.

Қалың тұманның жетегіне ерген, діни сауатсыз жастар ашық күнде адасып жүр. Деректі фильмнің кейіпкерлері яғни, бүгінде жазасын алып темір тордың ар жағында отырған жандардың жан жараларын аршып өкіне сөйлеуі де көп адамға ой салары анық.

«Ақиданың ақыры», «Тұсау», «Арылу» деректі фильмдерін қаладағы барлық мектептерге апарып көрсетсе жөн болар еді. Тіпті шалғай шетте жатқан алыс ауылдардағы ағайынға апарып көрсетудің де артықтығы жоқ. Қаншама адам ойланып, ақиқатқа көз жеткізіп, адасудың ақыры неге апарып соқтыратынын бағамдар еді.
Бұдан шығатын қорытынды: Балаларды жастайынан тура жолдан ауытқымауын аңдауымыз қажет. Ұлттық салт дәстүрлерді дәріптеп, хақ дінімізді ұстануды бала жастан құлағына құю керек. Сосынғысын ұйықтататын жиналыстар мен есінететін ұзын сонар баяндамалардың берері аз. Ойлы адамға ой салар-ау. Бұл фильмдер көп адамды райынан қайтаруға сеп болары анық енді.

Қоғамды теріс ағымнан сақтандыру үшін, ізгі жолдан айнымауы үшін де бір сәт түсіндірме жұмыстары керек-ақ. Қанша жерден діни ахуал тұрақты дегенімізбен де алаңдауға негіз болатын жәйттер де жоқ емес. Көбіне жастарды құрдымына тартатын жат ағымдармен күресетін мамандар соңғы әлетте сол топтарды анықтаудың қиындап бара жатқанын айтып отыр. Олар жасырын жұмыс істеуге көшіпті. Бұрын сақалын сәусілдетіп, балағын кесіп тайтаңдайтындар бүгінде сырт келбеттерін өзгерткен. Тіпті осы жолда адасып жүргендердің де нақты саны белгілі емес екен.

Бейбіт елдің бесігін тербетіп, тыныштық пен татулықта тұрғанға не жетсін, шіркін?! Берік іргемізді шайқалтуға ниет еткендердің шеңбері тарылып келеді. Діни сауатты ұрпақ оларға дес бермесі анық. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі бұл…

Гүлжан Көшерова