Үй ішінен үй тігіп жатыр

Олар үшін ата заңымыздың құны жоқ
Олар үшін ата заңымыздың құны жоқ

Күнгейдегі өзбек елімен іргелес жатқан Сарыағаш ауданының халқы шырқырап жүр. Анығырақ айтсақ, «Иегова куәгерлері» діни ұйымы аудан орталығындағы Шымкентбай көшесінің шырқын бұзып жатқанын газетімізде бұған дейін де айтқанбыз. «Иеговашылардың» бұл қай басынуы? «Отырар» телеарнасының баспасөз залында өткен дөңгелек үстел басындағы әңгімеге осы мәселе өзек болды.

Әділет департаментінің өкілдері жыл бойы діни ұйымдарды сүзгіден өткізсе де,  қоғамға қауіпті діни сектаның елеусіз қалғаны қайран қалдырады.

Облыстағы Әділет департаментінің өкілдері жыл бойы діни ұйымдарды сүзгіден өткізсе де, қоғамға қауіпті діни сектаның елеусіз қалғаны қайран қалдырады. Көше тұрғындарының айтуынша, №23 үйді бәзбіреулер сатып алып, оны шамамен 150 адамдық «Иеговашылардың» ғибадатханасына айналдырыпты. Сенбі, жексенбі күндері өздерінің «мәжілісін» өткізіп, емін-еркін жұмыс жасап жатқан көрінеді. Шырылдаған тұрғындар балаларының жүріп-тұруына алаңдаулы. Өрмекшінің торындай шырмап алатын сектаның құрығынан қауіптенеді. Ең сорақысы, «атышулы» көшенің бойында С.Исмайлов және М.Әуезов атындағы мектеп – гимназия, №12 кәсіптік училище қоныс тепкен. Сектаның әрекетінен секемденген 40-қа жуық көше тұрғыны қаланың әкіміне, құқық қорғау органдарына шағымданса да, ешкім үн қатпаған. Қаптаған діни секталардың көзін жоямыз деп бастама көтергенімізбен, Сарыағаштағы «Иеговашыларға» ерік беріп қойғанымыз қалай? Бұл жылы жауып қоя салатын жағдай емес. Діни ұйымдардың арасында, әсіресе, «Иегова куәгерлерінің» ылаңы қауіпті екенінен хабардармыз. Сүттей ұйыған халықты іштей ірітуді мақсат еткендердің әрекеті әлемге әйгілі. Олар туралы қысқаша мағлұмат бере кетейік. «Иегова» ұйымы алғаш 1870 жылы АҚШ-та құрылған. «Иегова» сөзі еврей тілінде «Тәңір» деген мағынаға ие. Яғни, ұйым мүшелері «Тәңірді көргендер» атауын жамылады. Әсілінде, Алла Тағала тарапынан келген діндер арасында «Иегова куәгерлері» деген дін жоқ. 1931 жылы 26 шілдеден бастап, ұйым басшылары әлем халқын шоқындыруға білек түре кірісті. Ұстанымдары қоғамға жат, Ата Заңымызға томпақ келетіні үрейлендіреді. Алдына қойған мақсаттарынан денең түршігеді. Олардың ең негізгі миссиясын айта кетсек. Дінімізде рұқсат етілген қан алдыру, қан құюды сұрқия секта құп көрмейді. Президентті, халық қалаулыларын сайлауға да қос қолдарын көтере қарсы шығады. «Иеговалықтар» қандай жағдай болмасын, әскерге барып, қолға қару ұстауға қарсы. Әрбір елдің мемлекеттік рәміздері Ата Заңында айрықша жазылып, ерекше бедерленген. Алайда, қыңыр секта мүшелері ұлттық рәміздерді мойындағысы келмейді. Бұл зауал емей не? Сонымен қоса, олар үшін Ата Заңның көк тиын да құны жоқ. Сондай-ақ сектаның ең үлкен қателігі – Иса (ғ.с.) пайғамбарды Құдай деп санауы. Олардың ойынша, ішімдік, шарап Исаның қаны. Мінеки, сананы улағысы келетіндердің оспадар ойларының бірқатары осылай.

Юлия ДЕНИСЕНКО, «Жат ағымдардан зардап шегу-шілерге жәрдем беру орталығы» Қоғамдық қорының президенті

– Ресейде «Иеговашылардың» қызметіне қатаң тыйым салынған. Ғаламтор бетінде де оларды таппайсыз. Ал Қазақстанда қатаң заң жоқ секілді. Жұмысын жандандырып жүргендер жоқ емес. Оларды өз еркіне жіберуге әсте болмайды. Олар саясатты өте жақсы біледі. Әрбір мүшесі адамды елітіп, өзіне қаратып алады.

Бақыт АХЫМБЕТОВ, ОҚО Дін істері департаментінің бас маманы

– Сарыағаштағы жағдайдан хабардармыз. Жақында осы көшенің бойындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен кездестік. Біз халыққа бәрі де заң жүзінде шешілетінін түсіндірдік. Айтар уәжі бар тұрғындар біздің департаментке шағым түсіруі тиіс. Қазір аталған құжаттар дайындалу үстінде. Кейіннен мамандар істің ақ-қарасын анықтайды. Рас, бұл ұйым таяуда  қайта тіркеуден өткен.

Әзірге мысық тілеулі миссионерлерді түп-тұқиянын қалдырмай, елден аластатуға қауқарымыз жетер емес. Қонақжай қазақтың даласында қауіпті секталар қашанға дейін тайраңдамақ? Рас, біздің пәрменіміздің қуаты бәсең. Ресей, Өзбекстан сынды қоңсы елдерден үйренетініміз көп. Олар есігін біз секілді айқара ашып қоймаған. Миссионерлер де қазақтың кең-пейілдігін біліп алған сыңайлы. Барлық айныған діни ұйымдарды құрықтаймыз деген пәрменіміз құр уәде күйінде қалып отырғаны ойлантады. Біле-білсек, бүгінде «Иеговашылар» көше аралап, кітап тарқатумен ғана шектелмек емес. Түрлі айла-шарғылармен жастарды торға түсіруге құмбыл. Мәселен, тегін компьютерлік сыныптар мен ағылшын тілін үйрету орталықтарымен жарылқап жүргендерін біреу білсе, біреу білмес. Қазір Құдайды «көргендер» әлемде қуатты бұқара қауымға айналды. Мәселен, осы ұйымның сойылын соғып жүрген 200-ден астам ел бар. Киелі кітаптан сабақ беретіндердің саны ― 7 395 672-ні құрайды. Әлемнің әр қиырында өтіп тұратын кездесулер мен конгрестерге келушілер ― 19 000 000 адамға жетіпті. Ал ағым мүшелері 108 тілде 166 000 000 Киелі кітапты басып шығарған. Деректер бойынша, дүниежүзінде 5,7 млн адам сектаға мүшелікке өткен. Бір айта кетерлігі, 200-ге жуық тілде уағыз-насихат тарататын www.jw.org ресми сайты жұмысын дөңгелетіп тұр. Осыншама әлеуетке ие қауымның мақсат-мүддесі бәрімізге ап-айқын.

Дінімізде рұқсат етілген қан алдыру, қан құюды  сұрқия секта құп көрмейді. Президентті, халық қалаулыларын сайлауға да қос қолдарын көтере қарсы шығады. «Иеговалықтар» қандай жағдай болмасын, әскерге барып, қолға қару ұстауға қарсы. Әрбір елдің мемлекеттік рәміздері Ата Заңында  айрықша жазылып, ерекше бедерленген. Алайда, қыңыр секта мүшелері ұлттық рәміздерді мойындағысы келмейді.

Әрине, қауіпті сектаның қармағына ілініп қалмау үшін уағыз, насихат іс-шаралары көптеп өткізілуі ләзім. Құрығы ұзын ұйымның соңынан халық еріп кетпеуі үшін. Қоғамда жат ағымдардан зардап шегушілер жетерлік. Олардан қалай қорғану керек? Нендей үгіт жұмыстарына зәруміз? Жуырда «Отырар» телеарнасының мәжіліс залында жат ағымдармен күресу мәселелері жайы кеңінен сөз болды. Ресейдегі «Ставрос» қоғамдық бірлестігінің өкілі Артем Григорян, еліміздегі жат ағымдардан зардап шегуші азаматтарға қолдау көрсету ұйымының басшысы Юлия Денисенко өз ойларын бүкпесіз жайып салды. Айтуларынша, «Иеһовашылар» саясатқа өте шебер көрінеді. Ю.Денисенко соңғы кездері елімізде қитұрқы ұйымнан опық жеп жүргендердің көптігін жасырмайды. Оның айтуына қарағанда, қазақстандық 1500 азамат әділдік іздеп жүр. Одан бөлек, 38 қылмыстық іс қозғалыпты.

Ұйымның сойылын соғып жүрген 200-ден астам ел бар. Киелі кітаптан сабақ беретіндердің саны ― 7 395 672-ні құрайды. Әлемнің әр қиырында өтіп тұратын кездесулер мен конгрестерге келушілер ― 19 000 000 адамға жетіпті. Ал ағым мүшелері 108 тілде 166 000 000 Киелі кітапты басып шығарған. Деректер бойынша, дүниежүзінде 5,7 млн адам сектаға мүшелікке өткен.

Байқағанымыздай, есігімізден ағыла кіріп жатқан миссионерлерден келер қауіп көп. Аңғалдығымыздан, тым мейірімділігімізден опық жеп қалмасақ екен. Жыл бойы жүргізілген қайта есепке алу жұмыстары тек науқандық шара болып қалмай, одан әрі де жұмысты жандандыру керек сыңайлы.

Тағабай ҚАСЫМ