Шымкенттегі ескі қалашықтың орнын зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 7 топтан құралған археологтар қазба жұмыстарына қазан айының басында кіріскен.

Мамандардың айтуынша, қазір жер қыртысының XXVIII — XIX ғасырлардағы бөлігі зерттелуде. Нақтыланған деректер де жоқ емес. Мақсат — ескі қалашықтың құжат түрінде қалған сызбаларымен жер астынан шығатын кескіндемелердің сәйкестігін анықтау. Соған сәйкес, қол жеткізген деректер негізінде осы ескі қалашықты қалпына келтірудің жобалық сметалық құжаты нақтыланады.

Шымкенттің бойтұмары іспетті ескі қалашықта алғашқы зерттеулер 1956 жылы басталған. Ол кезде археологтар «соңғы ғасырларда пайда болған үйіндінің астында тарихи құндылық жоқ» деп тауып, жұмыстар тоқтатылған екен.

Бертін келе, түрлі деректер негізге алынып, Шымкент қаласының пайда болу тарихын білу мақсатында 2003 жылы қазба жұмыстары қайта қолға алынды. Сол жылдары 14 метр тереңдікке дейін қазба жүргізген археолог мамандар «қаламыздың тарихы біздің дәуірімізге дейінгі 2 — ғасырдан бастау алады» деген тұжырымға келді. Сол деректерге сәйкес, «Шымкент қаласына 2200 жыл» деген нақты цифр бүгінде сенімді айтылып жүр.

Көне Шымкенттің орны тереңірек зерттелген сайын археологтар тың деректерге қол жеткізуде. Жер астынан табылған түрлі заттардың бірқатары «Қоқан хандығы дәуіріндегі, орыс патшасы тұсындағы әскерлерге тиесілі» деп танылған.

Қазба жұмыстарын үздіксіз жүргізуге ақша мәселесі талай рет қолбайлау болғаны көптің есінде. Былтырдан бері жұмыстар қайта қолға алынды. 2017 жылы 2 мың шаршы метрдей жер қазылды. Биыл жұмыс көлемі ауқымды. 7 мың 800 шаршы метрлік аумақта осы жұмыстар қолға алынбақ. Тек ауа райы қолайсыздық тудырмаса болғаны. Оған қоса, қалашықтың бір бөлігінде орналасқан заңсыз құрылыстар әлі бұзылмаған және ең бастысы, қаржыландыру мәселесі түбегейлі шешілмеген.

Нұрлан Күдерұлы