Бүгін «Құтқарушылар күніне» орай Абай саябағында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
Іс шараға қатысқан ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтап, ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің туыстарына жылы лебізін айтып, алғысын білдірді.
Жомарт Сәрсенбековтың жұбайы Ұлжан бес баласымен жесір қалды. Осыдан екі жыл бұрын тауда адасып кеткен туристі іздестіру кезінде қаза тапқан жолдасымен отандасқандарына сол 2016 жылы 13 жыл толған екен.
Ұлжан Сабасова, ерлікпен қаза тапқан аға құтқарушы Жомарт Сәрсенбековтың жұбайы: «2016 жылы 30 — мамырда отағасымнан айрылдық. Бес баланың тәрбиесі мойнымда. Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Асқар таудай әкелерінің өмірлік жолы, бейбіт өмірде жасаған ерлігі балалары үшін үлгі. Рахмет, міне бүгін ескерткіш ашылып жатыр. Қайғыда жалғыз қалдырмаған, халқыма алғысым шексіз».
1988 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытында болған өртті сөндіру кезінде қаза болған Бақыт Алпысбаевты, Арыс қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Нұрғали Қарабаевты, фармацевтикалық заттар сақтайтын қоймада өртті сөндіру кезінде қаза тапқан аға сержант Жұлдызбек Есеналиев пен ОҚО жедел-құтқару жасағының аға құтқарушысы Жомарт Сәрсенбековты әріптестері мен жерлестері ұмытпайды. Олардың ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі өнеге.
Шынар Оразова